Қазақстанда 2025 жылдан бастап мобильді аударымдарға салықтық бақылау күшейтіледі-деп хабарлайды el24.kz тілшісі.
Бұл шара заңсыз кәсіпкерлік қызметті анықтау және салық төлеуден жалтарудың алдын алу мақсатында енгізілуде.
Қандай жағдайларда мобильді аударымдар тексеріледі?
Егер жеке тұлға үш ай қатарынан әр айда 100 немесе одан да көп әртүрлі адамдардан жалпы сомасы 3 ең төменгі жалақыдан (2025 жылы бұл шамамен 255 000 теңге) асатын мобильді аударымдар алса, салық органдары бұл тұлғаның заңсыз кәсіпкерлікпен айналысуы мүмкін деп күдіктенеді.
Кімдердің аударымдары бақыланады?
Мобильді аударымдар туралы мәліметтерді банктер Мемлекеттік кірістер комитетіне кезең-кезеңімен ұсынады:
1. 2023 жылдан бастап – мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары;
2. 2024 жылдан бастап – мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері және олардың жұбайлары;
3. 2025 жылдан бастап – жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайлары;
4. 2026 жылдан бастап – қалған барлық азаматтар.
Салық заңнамасын бұзғандарға қандай жаза қарастырылған?
Егер жеке тұлға кәсіпкер ретінде тіркелмей, кәсіпкерлік қызметпен айналысса:
Алғашқы бұзушылық үшін – 15 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл (2025 жылы бұл шамамен 58 980 теңге);
Қайталанған жағдайда – 30 АЕК (шамамен 117 960 теңге).
Салықтық бақылаудың мақсаты қандай?
Бұл шаралар кәсіпкерлердің мобильді аударымдарды пайдаланып, салық төлемеуін болдырмауға, мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдерді арттыруға және адал кәсіпкерлер үшін ашық бәсекелестік жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қандай мобильді аударымдар тексерілмейді?
Емге немесе басқа қайырымдылық мақсаттарда ақша жинайтын жеке тұлғалардың есепшотындағы операциялар камералдық бақылауға алынбайды, себебі бұл қаражат кәсіпкерлік табыс көзі болып саналмайды.