фото ашық дереккөзден
2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау маңында апатқа ұшыраған Embraer 190 ұшағының қара жәшіктерін декодтау аяқталды. Бұл жұмыс Бразилияның Әуе апаттарын зерттеу және олардың алдын алу орталығында (CENIPA) жүргізілді.
Қара жәшіктер 1 қаңтарда Бразилияға жеткізіліп, келесі күні мәліметтерді сараптау басталды. Сараптамаға Қазақстан, Әзербайжан және Ресейден келген мамандар қатысты. 4 қаңтарда мәліметтерді алу, жинау және тексеру жұмыстары аяқталып, алынған деректер Қазақстанға жіберілді.
Қазіргі уақытта Қазақстанның авиация оқиғаларын тергеу жөніндегі комиссиясы қара жәшіктерден алынған мәліметтерді зерделеуде. Апаттың алғашқы қорытындылары ИКАО-ның 13-шарты бойынша, оқиға болған күннен бастап отыз тәуліктен кешіктірмей жариялануы тиіс.
Еске салсақ, 25 желтоқсанда Әзербайжанның Azerbaijan Airlines компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы Бакуден Грозныйға ұшып шыққан болатын. Алайда, ұшақ Каспий теңізі үстінде төтенше жағдайға тап болып, Ақтау маңында апатқа ұшырады. Бортта болған 67 адамның 38-і қаза тауып, 29-ы аман қалды.
Апаттың нақты себептері қара жәшіктерден алынған мәліметтерді толық талдағаннан кейін белгілі болады. Қазіргі уақытта тергеу жалғасуда.