Гүнеш Əли
 
Аударма Абзал Молдабековке арналады
 
Үзік-үзік үмітті,
жалғайтұғын құдірет.
Тербейтұғын жүректі,
əн -сағыныш, əн -тілек.
 
Сəлеметсіз бе, сағыныш сазгері!
 
Мен сізді сағыныш сазгері деп атайын. Сап-сары сары күзде сағыныш жайлы əніңізге жүрегім елітті. Дүниеде ең бір махаббаттан кейінгі мəртебелі сезім - сағыныш сезімі екенін тағы бір рет жақсырақ түсіндім. Бұл ғаламнан сағынбайтын жан табу мүмкін емес.  Ең əуелі қозы- лақпен ойнаған алаңсыз  сəтті сағынбайтын адам бар ма?  Əрине, жоқ. Тəтті сағынышты сезінген сайын сезінсем дейсің. Ғаламда тəтті сағыныш қана болса ғой! Əттең! Өмірдің сазына біздің назымыз дөп келмейді.
 
Сағым күндер мен сағым жылдардың еркіндегі адам бір күн  сағыныш сезімін сезбей  күн кешті ме? Тағы да жоқ.  Сағыныш - өз көлеңкең сияқты. Сен қайда болсаң, сенің соңынан ере береді.  Тəтті сағыныш арманыңдай көңіл құсын қанаттандырып, алға бастайды.
 
Ал, ауыр сағыныш ше? Ескі бір естелікпен бірге  санаңды торлап, жүрегіңді езе беретін сары уайымға бастайтын сағыныш ше? Сіз білесіз, сол сағыныш қара тастан ауыр, бір сəтте  жүрегіңді  жаншып тастайды. Шаншудай  көңілді безек  қақтырып,  жанарға мұң толтырады. Қабағыңды аша алмай ауыр бір күрсініске тап боласыз. Мендік жүрек сары сағынышты  əлі қабылдар   емес. Жаным жабығып, рухым сынып, өзімді қоярға жер таба алмайтын шақтар нешеме?!
 
Күрең күздей жүрегің күңіренген де еріксіз  жаныңа бір дəру іздейсің. Аспан мен жердің арасын санаң кезіп, жүрегің тұсаудан босаған тұлпардай жай таппайды.  
 
Тағдырдың жазымышына мойынсұна аламай торыққан сəттерді жеңілдететін бір ғана дəру бар.  Ол - өлмес  саз. Саздан басқа ештеңе іштегі сағынышты баспайды. Тағдырды толғаған саз  жүректі толқытады, жарасын таңады. Күңіренген көңілге сабыр күйін сыйлайды. Тағдырдан тумаған саз - бір күндік көбелектің тірлігін кешеді. Тыңдарманға жетпестен өледі.  Тағдыр əнін тыңдау - құзар шыңның басындағы бұлақтан су ішкенмен бірдей. Жаның бірден жадырайды. Өзегіңдегі сағыныш лықсып жанарыңнан тамшы болып тамады. Жанардан ақ моншақтар жай тамбайды, сиқыр сазға жүрек бас имесе. 
 Тағдыр əні - сағыныштың жемісі.
"Тірліктегі ең сезімдердің нүктесі - сағыныш" деген Сүлейман Сұлтан. Сондықтан, сағыныштың əнін жазудан талмаңыз!  Тірліктегі жүрегі сыздаған əрбір  жанға дəру болатын бір   əн керек,сағыныш сазгері!
 
Расында, сағыныш сазына елітпейтін жүрек жоқ. Сол бір саз қаңыраған көңіл көшелеріне мейрам сыйлап,  жүздерге күлкі үйіре алады. Жай ғана...
 
Аударма  Мейірхан Мейрамбекұлы