Елімізге белгілі әнші Гаухар Әлімбекова 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Бүгін Алматы қаласының Алмалы аудандық соты осындай үкім шығарды. Әлімбековамен сот отырысына қатысқан оның інісі мен сіңлісі судия үкім оқығанша, Гаухар ақталады деп сенімді болған еді. Алайда сот залында әншінің қолына кісен салынды.

Бұл туралы 31 телеарнаға сілттеме жасап jasqazaq.kz хабарлады.

Гаухар Әлімбекова сотта көз жасына ерік берді. 30 жыл сахнада жүріп халықтың ықыласына бөленген әнші, жәбірленуші Бақыт Назаровамен 15 жылдан астам уақыт дос болған екен. Сот материалдарына қарағанада, 2013 жылы сазгер құрбысынан «Ақкент» тұрғын үй кешенінен үй алып беремін деп, 40 мың доллар алған. Бірақ аяғында не үй жоқ, не ақшасын қайтарып бермеген.

Гаухарға ақша тауып беру үшін баламның көлігін, бар зергерлік бұйымдарды сатып, бірнеше рет несие алуға тура келді дейді экс құрбы.

Бақыт Назарова: — «Мен оған жағдай жасап едім. Кім қателеспейді бұл өмірде. Қателігін мойындайтын шығар, тәубесіне келетін шығар деп мен осы күнге дейін күтіп едім. Оның қазір жүзінен-ақ байқап отырмын, ол әлі қатесін мойындаудан аулақ екен».

Гаухар Әлімбекованың үстінен қылмыстық кодекстің 190–шы бабы, яғни алаяқтығы үшін қылмыстық іс қозғалған. Әлімбековамен қатар Феруза Ордабаева есімді алаяқтық бабы үшін жазасын өтеп жатқан келіншек те сотталды. Прокурор Дәурен Дінбаев әнші мен Ордабаеваның жазасы толық дәлелденді, сондықтан Гаухар Әлімбекованы 8 жылға ал Феруза Ордабаеваны 3 жыл 4 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотта компазитордың кінәсі толық дәлелденді деп шешті.

Ернар Қасымбеков, Алмалы аудандық сотының судиясы:

— «Әлімбекова Гаухар Серікбаеваны Қазақстан Республикасының қылмылмыстық кодексінің 190 – шы бабының төртінші бөлімінің екінші тармағында көрсетілген қылмысты жасауда кінәлі деп тауып, оған 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Сотталған Әлімбекова жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемелерінде өтесін. Сотталған Әлімбекованың жазасын өтеу мерзімі 2019 жылды 30-шы қаңтарынан бастап есептелсін».

Феруза Ордабаеваға 3 жыл 6 ай бас бостандығанан айыру туралы үкім шығарды.