Хикая

Айнұр мен оның жігіті Қанат екеуінің бірін бірі сүйіп қазіргі заманның Жібегі мен Төлегеніндей махаббаттың символына айналып, көз сүйсінер, жұрт тамсанар қос ғашық атанғанына міне екі жыл өтті. 

ЖОО орнында табысқан ғашықтарды оқу жылы аяқталып группаластары бақыт тілеп шығарып салу үстінде. Вокзалда адам тола, бәрінің көзі бірін- бірі қимай тұрған екі жаста. Екеуі де өз қалаларына аттанып, Алланың қалауы, үлкендердің ақ батасымен араға екі апта салып, сырға салу, ұзату рәсімінде Айнұрдың өз үйінде қайта табыспақ ниетте.

 

Пойыз жүрер уақыт келіп жетті. Ғашықтар екіге айырылып өз үйлеріне қарай жол тартты. Үйлеріне аман есен жетіп, тойдың қызу дайындығына кірісіп те кетті. Екі апта уақыт бұл ғашықтар үшін екі ғасырға татыда - ау сірә. Бірін - бірінің дауысын естімей ұйықтай алмас еді. Мұны күлкі етіп, екеуіне де өз жеңге, әпкелері құмарлары қанғанша тиісіп қалды - ау. " Тойдың болғанынан боладысы қызық "- демекші, екі жақтада әр күн сайын ағайын туыстың басы қосылып, үйдің іші абыр- сабыр болып, бәрі қуанып шат шадыман, ойнап күліп уақыт өтіп жатты.

" Әй қайным не болды соншама? Немене Жібектің артынан аңдып жүрген заманауи Бекежан да барма не? Ана телефон қызып кетіп құлағыңа жабысып қалмасын. "

" Соны айтам - ау. Аз қалды шыдасаңшы. Жібегің құтты мекеніңе тұрақтап сендік болар күн алыс емес. Қой енді, ана қыздың жұртынанда ұятты. Тыныштық берсеңші'- деп женгелері түрткілеп қойған соң екекуінің де телефондары аз уақытқа болсын демалып, ыстығы басылды ау шамалы. 

Екі жастың бір - біріне деген ыстық сезімін көріп, кейбір аға женгелердің де мұздай бастаған махаббат сезімдері қайта лаулап, бәрінің көңілдері тоқ, көйлегі көктің күйін кешіп мәз - мейрам. Әне - міне дегенше той күні келіп жетіп, жігіт жақ салт- дәстүрмен қыздың ауылына барып, сырғасын салып, қалың малын беріп, қызды өз ұясынан ұшырып, құтты мекеніне алып кетті. Көліктер сигналын аямай басып, бүкіл ауыл тамашалап келінді алып келді. Бір ауылдың жігіттерінің ішіндегі сұлтаны, ең ірі денелі, ауылдың бетке тұтар жігіттерінің бірі, көп қыздың қолы жетпес арманы болған Қанаттың жүрегін жаулаған ақ келінді көру бәріне қызық .

Төлегенге қол жеткізе алмаған біраз қыз көрпе астында бұлқан - талқан болып көз жастарын көл еткені ауылдың келіндеріне мәлім. Әулеттің үлкен әжесі келіннің басына ақ орамалын жауып, ақ босағадан ақ келінді аттатып, шымылдығына кіргізді. 

Үлкен әулет болған соң келіп жатқан ағайын туыстың санында есеп жоқ. Жеңгелер көрімдік жинап қанжығалары майланып шапқылап жүр. Жібек десе Жібектей -ақ көркі бар Айнұрдың жылы жүзді шырайымен қоса әр кірген адамға орнынан тұрып құрмет көрсеткен көркем мінезі жұртшылықты тәнтті етті. Бәрінен де осы үйдің үлкен келіні Қанаттың ағасы Қайраттың жары Ғазизиның қуанышында шек жоқ. Жаңа келінді Жібекке теңеп енді жұрт Ғазизаға көшті.

- Әй Назым (Қанаттың анасы) маңдайыңа біткен бағың бес елі екен. Келіндерің бірін - бірінен өткен сұлу. Сұлулығын қойшы үлкеннің жолын кеспейтін, үлкеннің алдында сөз бастамайтын, көрген адам сүйсінер мінездерін айтсаңшы. 

Мына үлкен келініңе ризамыз. Әр келгенде қабақ шытпай, жүзінен нұр шашылып алдымызға барын үйіп төгіп әкеліп, қас қағым сәтте дастарханды жайнатып жібереді. Айналайын өсіп- өне беріңдер. Міне жаңа ғана кіші келініңніңде өсіп өнген жерін көріп қайттық. Өте тамаша кісілер екен. Алла қаласа кіші келініңде, Ғазизаның артынан еріп үлкендердің алғысын алып жүре берсін.Абыр - сабыр болып ,әні - міне дегенше тойда өтті.

 Екі жас Алла алдында, заң алдында некелерін қиғызып ерлі - зайыпты атанды. Тәрбиелі, еңбекқор Айнұрға келіндік өмірдің бастамасы аса қиынға соққан жоқ. Ерте тұру оның бұрыннан келе жатқан ұстанымы. Ауылдық жер, қызу тіршілікке қаланың қызы бірден көсіле кетті. ""жоқ "" - деген сөз ауызынан шыққан емес.

Назым ескінің адамы болған соң салт дәстүр, ырым, тыйымдарды берік ұстанады. Келініне аналық ақылын байыппен айтып, жүрекке жылы қонатындай жайпақ тіл мен әдемі жеткізді.
Айнұр да өз тәрбиесін көрсетіп, бүкіл жаңа көрген ағайын туыстың үлкен кішісі бар, есіктен кіргеннің бәріне ақ орамалы жерге тигенше тал шыбықтай майысып сәлемін салып, ізет, құрмет көрсететін. 

Бұл жолыда есіктен кірген жап - жас сұлу бойжеткенге күлімдеп, иіліп сәлемін салды.

- Жаным ау. Маған сәлем салмайақ қой. Мен Қанаттың сыныптасымын. Әрі алғашқы махаббаты боламын.... Ренжімеші. Әзіл ғой. Қалай үйреніп қалдың ба? Мен мына көрші үйдің қызы боламын. Есімім Назерке.

- Танысқаныма қуаныштымын. Мен Айнұр боламын. Келіңіз.

- Назым апа үйдеме? Апам шақырып жатыр. Түске үй жаққа тамаққа өтсін. Айта салшы.

- Жақсы жарайды. Айтамын..

Назерке" Қанаттың алғашқы махаббаты боламын "- дегенде Айнұрдың үстінен найзағай түскендей болды. Көре сала хәл ахуал сұраспай жатып олай айтқанын түсіне алмады. Күлімдеп күн нұрындай жарқырап жүрген жас келіннің қабағына қара бұлт үйіріліп, енесіне жаңағы хабарды жеткізіп, ас үйдегі абысынының жанына барды.


-Жеңге сізден бір нәрсе сұрасам болады ма?

- Ия жаным. Қысылмай сұрай бер.

- Мына үйде Қанаттың сыныптасы тұрады екен ғой.

- Назерке ма?

- Ия. Сол жаңа келіп кетті. Кірген бойда ай - шай жоқ" мен Қанаттың алғашқы махаббатымын "- деп, дүрсе қоя салды ғой. Оны неге айтқанын түсінбедім.

- Келе сала ол жылан саған захарын шашып үлгерді ме? Қайтесің оны? Оның сөздеріне мән берме. Менің қайным мына ауылдағы қыз қырғынның бәрінің алғашқы махаббаты деуге болады. Қайным емес, оның өзі қайнымды айналшықтап біздің үйден шықпайтын. Саған үйленгенін көре алмай әдейі айтқан болар.

- Бір түрлі екен. Есі дұрыс па?

- Есі дұрыс болғанмен, санасы таяз. Тілі тас жарады. Сол тілінің кесірінен барған жеріне сіңісе алмай, бір бала мен қайтып келіп отыр.

- Сонда ажырасып келген бе?

- Ия. Бұдан кейін ол не айтсада мән берме, көңіліңе алма.

- Жарайды.

"Жақсы келін құт, жаман келін жұт"- дегендей, Айнұрдың артынан Қанаттың ауылдағы сыныптастары бірінен соң бірі шаңырақ көтеріп отбасын құрды. Күнде думан той.

- Апа бүгін ана Шәріпбай атаның ұлы Сәбит сыныптасым үйленгеніне орай кешке отырысқа шақырып жатыр. Кешке сол жаққа барамыз.

- Барамыз дейсің бе?

- Ия. Келініңіз екеумізді айтамын.

- Балам ау. Келіннің келгеніне енді бір жеті өтті. Қырқынан шықпаған жас келін түнделетіп көшеде жүрмейді. Жассыңдар тойларың әлі алда. Алда талай қызық күтіп тұр.

Жалғасы бар...

Әсерлі әңгімелер топтамасынан