#"Өр рухты жандар" сыр сұхбат  жобасы

Салтанат Мадиярқызы 1996 жылы, 8-ші қаңтарда Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында дүниеге келген. Ақын.Туғаннан ДЦП диагнозымен ауырады. 2014 жылы Кентау қаласында арнаулы кәсіптік колледжінде "Есеп және аудит" мамандығы бойынша білім алған. Қазіргі таңда Шымкент қаласында ОҚПУда дефектология мамандығы бойынша  соңғы курста білім алып жатыр.

- Салтанат өзіңіз жайлы қысқаша айтып өтсеңіз? Қай жердің тумасысыз?
 
 
- Мен Салтанат Мадиярқызы 1996 жылы, сегізінші қаңтарда Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында өмірге келдім. Туғаннан ДЦП диагнозы қойылған. 2014 жылы Кентау қаласында арнаулы кәсіптік колледжінің "Есеп және аудит" мамандығын бітірдім. Мамандығым бойынша жеке компаниялардың бухгалтериясында жұмыс істедім. Кейін Шымкент қаласында ОҚПУ-ға дефектологияға оқуға түстім. Бұйырса, биыл бітіремін. 
 
- Сізді  білуімізше  "сегіз қырлы бір сырлы жансыз", қолөнермен айналысасыз, шығармашылығыңыз бір төбе.Тəттілер пісіресіз. Барлығын алып жүру қиын емес пе? Денсаулығыңызға кері əсері жоқ па?
 
- Сүйікті ісіммен айналысқанда демаламын. Бірақ, белгіленген уақыттан асып кетсе, ол да жалықтырады. Денсаулық жағынан ешқандай кері әсері жоқ. Физикалық тұрғыда осы деңгейімді бірқалыпты ұстап тұру үшін күнделікті белгілі бір сағаттарды тренажер залдарға баруға бөлемін. 
 
 
- Тағдырына мойымайтын, үкіметке мен мүгедекпін деп алақанжая беретіндер сияқты емес, тағдырмен тайталасып, өз мүмкіндігіңіздің жоғары екенін, тіпті дені сау адамға жүк болатын  жұмысты  қолға алып жүргеніңіздің өзі біраз адамға үлгі боларлық. Бизнес бастау ойыңызда бар ма? Мысалы қолөнерден?
 
- Бизнес бастау көптен ойда жүрген. Сәті түспеді. Жақында сырғалар жасап бастадым. Бір аптадай болып қалды. Әзірге түрлі түсті киізден (фетр) жасалған қазақша (оюлы) сырғалар сатылымда. 
 
- Сырғадан басқа  тағы  қандай  дүниелеріңіз бар?
 
- Сырғамен бірге алқа, білезік, тәж де бар. Тек, әзірге сатылымда сырғалар ғана. Алдағы уақытта тағы да басқа дүниелер қосылады. 
 
-  Қолдан жасалған бұйымдар  қымбат болады. Сіздің бағаңыз қол жетімді ме?
 
- Қымбат бұйымдар бар. Бірақ, көбісі қарапайым халыққа қол жетімді бағалар.
 
 
- Қолөнермен айналысқаныңызға қанша уақыт болды?
 
- Екі-үш жылдай болды. Бірақ, тұрақты түрде айналысуға енді кірісіп жатырмын. 
 
 
- Қандай тастарды, қандай моншақтарды пайдаланасыз? 
Қолданған əшекей бұйымдарға байланысты бағалары да əртүрлі шығар?
 
- Енді бастап келе жатқандықтан, әзірге әдемі, оңай табылатын тастар, шиша моншақтар, әр түрлі бисерден пайдаланамын. 
 Нарықтағы бағамен салыстырғанда бисерден және моншақтан жасалған сырғалар мен білезіктерім арзан. Сатып алушылар бағасына қарамай, ұнатқанын еркін таңдай алуы үшін бағаларын бірдей етіп жатырмын. Бағалары қол жетімді.
 
 
 
- Сіздің  шығармашылықпен айналысатыныңыздан да, ақындығыңыздан да хабарымыз бар. Ақын болу азап па, бақыт па? 
 
- Ақын болу азап та, бақыт та емес. Бұл да бір жауапкершілік. Меніңше, ақындық — таңдап алынбайтын тағдыр. 
 
- Қандай кітабыңыз жарық көрді? Қай жылы? Қанша өлеңіңізге əн жазылды?
 
- Алғашқы жинағым алты жыл бұрын жарық көрген. Көңілім толмағандықтан ол жайлы айтпаймын. 
  Әнге сөз жазбайтын, өлеңдеріне ән жаздыруға да рұқсат етпейтін адам едім. Соңғы кездері ол ойымды өзгерттім. 4-5 өлеңіме ән жазылған. Әлі де жазылып жатыр. 
 
- Тəттілер пісіру хоббиыңыз ба? Саудаға шығарып көрдіңіз ба? 
 
 
- Иә, тәттілер пісіру хоббиларымның бірі ғана. Рулет, кекс, печенье, торт, булочка, пицца пісірген ұнайды. Бірақ, оларды саудаға шығаратын ойым жоқ. Олар өзіміз үшін. 
 
- Болашақта шығармашылықта қандай жоспарыңыз бар? Қандай тың идея ойлап жүрсіз?
 
- Алдағы уақытта поэзиямен қатар прозалық шығармаларымды да оқырмандарға ұсынамын. Оқып, бағасын берерсіздер. 
 Кей идеяларымды жүзеге асыруға кірісіп те кеттім. Нәтижесі ойдағыдай болып жатса, бөлісермін.
 
- Əлеуметтік желіде ерке, еркін Салтанат өмірде қандай?
 
- Желідегі еркелік пен еркіндігім жоқ емес. Бірақ, өмірде сөзге сараңдау, байсалдымын. Виртуальда біраз уақыттан бері білетін кісілер кездескенде "фейсбукте сайрайсың ғой?!" деп жатады (күліп). 
 
- Сөзіміздің басында "сегіз қырлы ,  бір сырлы" деп айтып кеттік. Осындай бәрі қолынан келетін қыздың,жүрегінің иесі бар ма? 
 
- Кезінде ғашық болу, сезімді жырға қосу өтті ғой. Бірақ, әлі өз адамымды кезіктірмедім.
 
 
 
- Көзіңізге жиі жас аласыз ба? Сізді не толқытуы мүмкін?
 
- Эмоцияларымды басқара алатын адаммын. Көз жасыма стоматолог қана куәгер болған шығар. (күлді) 
 Кейде кей әзілдердің өзіне отыра қалып, еңірегім келеді. Адамдардың қатігездігі де шошытады. 
 
- Қоғамда адамдардан жиі теперіш көресіз бе? 
 
- Жиі деп айта алмаймын. Арасында болып тұрады. Елемеуге тырысамын. 
 
- Шығармашылық, қолөнер, фитнес, тəтті пісіру мүның бəріне қайдан уақыт табасыз? 
 
- Уақытты тиімді, дұрыс жоспарлап, жоспармен жұмыс істеп, бәріне үлгеруге болады. Бірақ, кейде өзім де үлгермей, жоспар өзгеріп кетеді.
 
 
 
- Өмірде ақымақтан гөрі ақылдылар көбірек таяқ жейді. Келісесіз бе?
 
- Келісемін. Бала күнімде өзімнен үлкен балалармен таласып қалсам, үлкендер "сенің ақылың бар ғой, қоя салшы" дейтін. Сонда әлі мектепке де бармайтынмын. "Неге өмір ақылды болғаныңа ақы алады?" деп сол кезден ойлаймын.(жымиып) 
 
- Біздің оқырмандарға не айтар едіңіз?
 
Сайт ұжымына, оқырмандарына адамдық биігінен құлатпайтын мағыналы ғұмыр, үлкен мақсаттарға жеткізер табандылық, ізденіс, тұрақтылық, сәттілікке толы күндер тілеймін! Армандарыңыз аласармасын! 
 
- Рақмет !Жақсы сұхбат болды. Шынайы жауап бергеніңіз үшін рақмет !  Табысты болыңыз!
 
Салтанаттың  жасаған сырғаларын көріп, бағалап, тапсырыс беру үшін https://instagram.com/saltanat_accessories?igshid=11jd35q62sf75 инстаграм парақшасына жазылуды ұмытпаңыздар! 
 
Сұхбатты дайындаған :  Исенбай Мәдина