#"Өр рухты жандар" сыр сұхбат  жобасы
 
Тұрсынай Қайрат 1993 жылы 2-ші қазанда ,Түркістан облысы  Отырар ауданы ,Қызылту – Мыңшұңқыр ауылында дүниеге келген.Шымкент қалалық педагогикалық университетінде екінші курста  қазақ тілі және әдебиеті пәні бойынша қашықтықтан оқыту бағдарламасы арқылы білім алып жатыр.Туғалы  (ДЦП ) сал ауруымен күресіп келеді.
 
 
Тұрсынай, өзіңіз жайлы толығырақ мəлімет беріп кетсеңіз.Қай жердің тумасысыз?
 
-Мен, Түркістан облысы  Отырар ауданы ,Қызылту – Мыңшұңқыр ауылының тұрғынымын. 1993 жылдың қазан айының екінші жұлдызында дүниеге келіппін. Қәзіргі таңда, Шымкент қаласы педагогика университетінде екінші курс студентімін. Мамандығым қазақ тілі және әдебиет пәні оқытушысы. Қашықтықтан оқыту бағдарламасы бойынша оқып жатырмын
 
Есіміңіз ерекше есім.Тұрсын - ай ! Əдетте мұндай есімді  ырым етіп қояды.Сіздің есіміңізді кім қойған ? 
 
 Иә, менің есімімді апам ырымдап қойған. Анам негізі он құрсақ көтерген. Соның үшіншісі мен екем. Алдыңғылары көзге көрінер, көрінбестен... шетінеп кете бергендіктен, анам мені жеті айлық қылып босаныпты. Сол кезде... апам баламен келінімнің арасында дәнекер болсын, өмірде адам болып тұрсын  деген ниетпен Тұрсынай деп қойыпты.
 
 Сіз өлең жазасыз."Мен бақыттымын "- деген өлеңіңізді тебіренбей оқу мүмкін емес.Сіздіңше бақыттың формуласы бар ма?
 
 Бақыттың формуласы адамның шынайы күмәнсіз, күдіксіз, күлген бейнесі. Негізі бұл өлеңнің кейіпкері Қайсар деген боз бала еді. Бізді, Қазақстан ұлттық телеарнасы «Айтуға оңай » бағдарламасынан көрсеткен еді ғой. Содан, екі үш күн өткенде біздер анамыз екеуміз, Шымкент қаласындағы сауықтыру орталығында ем алып жатқанбыз. Біз тамақтанып отырғанбыз, бір кезде қасымызға бір ағай он алты – он жеті жас шамасындағы баласын жетектеп кеп: «Әй мына қыз, «Айтуға оңайға» шыққан қыз ғой. Сен өлеңді жақсы оқыдың. Тіпті жүрегіміз тебіреніп жылап жібердік. Менің балама арнап өлең жазып берші »’-деді.
 
 
Мен сонда әлгі ағайдың көңіліне қарап «мақұл !»дедім. Мен үшін біреуге арнап өлең жазу өте қиын... жаныма сіңісіп кеткен адамға ғана арнап жазуым мүмкін... Содан әлгі ағай ары өтсе де, бері өтсе де сұрап қоймады,  Қайсарыма арнап өлең жаздың ба?- дей берді. Жазып жатырмын дедім. Бірақ не жазатынымды білмедім... бір күні, өзіміз орныққан бөлмеде, терезеге тамған тамшыларға қарап, ағайдың баласын ойладым. Ол да мен секілді ДЦП өздігінен жүріп тұра алмайды. Өздігінен тамақтана алмайды. Дұрыс сөйлей алмайды дедім. Мен сол секілді сөйлеп көрейінші деп,
 
’’  Көрерге жарық көзім бар, көкейге өткір сөзім бар...
Онда темірдей мықты төзім бар, жылытар жанды күні бар,
Жол таппайтын түндерде жарық сәулелі айы бар’’ — дедім де осы өлеңді жаздым. Ертеңіне ағайға баласына арналған өлеңді оқып бергенімде, ағай көзін жас алып маған ризашылығымен бір екі кітаппен , тарақ сыйлаған еді. Кәзір жұрттың көбі осы өлеңді жатқа оқып жүр. Бірі мағынасын шынайы түсініп оқыса, енді бірі мән мағынасын түсінбесе де жатқа айтып жүр және көпшілік қауымның осы өлеңді жақсы көргендігі қуантады. 
 
 
  Қолөнермен қашанан бері айналысасыз? 
 
  Қол өнермен айналысқанымызға бес жылдай болды.
 
Тоқыма тоқу қиындық тудырмай ма?
 
Әрине әр жұмыстың қиындығы болады. Сол қиындықты игере жеңген адам ғана өз жұмысының шебері бола алады.
 
 Тоқыма тоқу мен секілді тасбақа жылдамдық пен қимылдайтын жандарға қиындық тудырады. Мысалы, мен бір бұйымды моншақтан тоқитын болсам, үш төрт күнде, немесе, бір ай ішінде, тасбақа жылдамдықпен бітіремін.
 
 
Жақынан бері онлайн курс ашып, қолөнерді насихаттап жəне  үйрету жолында еңбектеніп жатырсыз. Қолдаушылар бар ма? 
 
Иә, екі ай бұрын. «Бағыт бағдар» атты бір айлық онлайн курсын ашқан едім. Қолдаушылар болды. Бірақ сенім білдіріп, курсқа жазылып үйренемін деушілер жоқтың қасы. Көбісі сыртқы сипатыма қарап, мынау мына түрімен жұртқа не үйретпек... не айтып отыр дейтін сияқты. Жалпы қол өнер, соның ішінде біз айналысып жүрген қол өнердің адамдарға тигізер пайдасы мол. 1-ден адамның есте сақтау қабылетін жақсартады. 2-ден  адамның дене мүшесін жатықтырады. 3-ден адамның ойын дамытады. 4-ден сіз, біз жасаған бұйымды өзіңіз жасап, жаныңызға жақын жанға сыйлайсыз. Сыйлағаныңызбен қоймай қуаныш сыйлайсыз.  5-ден адамдар өзі жасаған бұйымды сатылымға шығарып өзі табыс табады.
 
Жігері  мықты жандар ғана, тағдырына мойынсұнбай ағысқа қарсы жүзеді.Сіздің өмірде өкінішіңіз көп пе?
 
 Өкінішсіз өмір өмір болады ма?... Әр адамның өзегін өртер өкініші бар. Менің өзегімді өртер өкінішім өткенімде. Алдағы өмірімде ақ көбелек қуған қыз күліп қарап тұрады және ол жүріп өткен жолында гүл қаларын біледі.
 
 Өмірге  басқа Тұрсынай болып қайта келер болсаңыз не жасар едіңіз?
Білмеймін....
 
Көзіңізге жиі жас аласыз ба?
 
Мәнсіз күліп, үнсіз жылап, керемет көрмегін өмірді. Мың жылаудан бір күлген ғажап... бос демегін сөзімді.
 
 
Моншақтардан, бисерден əртүрлі бұйымдар жасайсыз? Бағалары қол жетімді ме? Тапсырыс көп пе?Қандай бұйымдар жасайсыз ? 
Моншақтан әр түрлі бұйымдарды тоқып сатылымға шығарамыз, және бұл қол жетімді  қалта көтерер бағамен. Мың тенге мен он мың тенгенің арасы. Бұдан түскен қажының елу пайзын қайырымдылыққа жұмсалады.
 
Одан ары дамытып бизнеске айналдыру ойыңызда бар ма? 
 Алға қойған мақсатымның бірі, «Бағыт бағдар» атты қол өнер мектебін ашу.
 
 "Өлең өмірім" дейді  ақындар.Сіз өлеңмен  жаныңызды жұбата аласыз ба?
Өлеңді көп жазбаймын. Кейде жанымды өлеңмен де жұбата алмаймын.
 
 Қоғамда адамдардан көп көңіліңіз қала ма? 
 Адамдар адамға адам деп қараса екен...
 
Тұрсынай ашық сұхбаттасқаныңыз үшін рақмет ! Өте мазмұнды сұхбат болды. Шығармашылығыңызда табысты болыңыз !
 
Тұрсынай Қайраттың "Бағыт бағдар" атты  қолөнер онлайн курсына жазылу үшін байланыс нөмері : 8 705 249 36 18
 
Сұхбаттасқан :  Айсұлу Кеңесбай