- Ассалаумағалейкум, Бағдад Мəдиұлы. Жаңа маусым құтты болсын! "Қазақстан -Атырау" арнасының жаңа маусымдағы жағымды жаңалықтары қандай?
-Жалпы жаңа маусымда патша көңіл көрермендерімізге «14 сыйлық» деп атап жүрміз, яғни 14 хабарымызды ұсынып отырмыз. Олардың дені Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласындағы бағыттармен үндеседі. Әсіресе, «Менің Қазақстаным», «Мой необъятный Казахстан», «Алтын тұғыр», «Атырау перзенті» т.б хабарлар еліміздегі көрнекі, тарихи жерлер, ауылдағы ағайынның тұрмыс-тіршілігі туралы баяндайды. Бұған қоса Атыраудан шыққан атақты адамдар туралы кеңінен айтатын жобамыз бар.
Негізгі басты өзгерістердің бірі жаңа маусымға жаңа атаумен келгеніміз болар. Бұрын «Қазақстан Атырау» телеарнасы болсақ, 30 қазаннан «Atyray′» телеарнасы болып шығамыз. Бұл енді еліміздің латын әліпбиіне көшу бағытында жасалып жатқан жұмыстардың БАҚ саласындағы бастамасы деп айтуға болатын шығар.
- Телеөнімдеріңіздің басым бөлігі қандай бағытқа бағытталмақ? –
-Ең бірінші кезекте ұлттың арнасы төл тарихымыз бен мәдениетіміз, қазақы болмысымызды көбірек насихаттайды ғой. Бізде өз кезегімізде «Qazaqstan» ұлттық арнасы секілді үлкен мәуелі мәйтеректің бір бұтасы ретінде осы бағыттағы жұмыстарды Атырау өңірінде жүргізіп келеміз. Телеарнамыз таңнан қосылғаннан көрерменге жаңа тың жобаларды, жедел әрі сапалы берілетін ақпараттарды дайындайды. Заман талабына сай әлеуметтік желідегі белсенділігімізді арттырып, тікелей эфирлерді осы желілер арқылы дамытуды жүзеге асырудамыз. Ең бастысы, бізді көретін көрермендер үшін қызықты, мән-мағыналы дүниелеріміз көп-ақ.
- Əр күні назарын тігіп, тілеулес болып отырған қалың көрермендеріңізге айтар ақ тілегіңіз?
Телеарнаның атауының өзгеруі үлкен құбылыс. Аты жаңарған арнаның бұрынғылардан ерекше жобалары, бастамалары көп болуы керек. Көрерменнің өзі ең бірінші кезекте осыған көңіл бөледі. Біз қай саланы болсын қалыс қалдырмай, бесіктегі баладан еңкейген қарияларға дейін қызыға ақарайтын телеарна болғымыз келеді, боламыз да! Сол үшін филиалда 80 астам адам жұмылып еңбектеніп жатыр. Көрерменнің көңілінен шыққанымыз – мақсатымыздың орындалғаны. Төріңізде төл арнамыз қосулы болсын, құрметті көрермен! «Atyray′» арнасымен бірге болыңыздар!
- "Атырау" жұртын қуантар жаңа жобалар көп болсын! Кəделі ақпаратыңызға алғысымыз шексіз.
- Көп рахмет!