31 қазан күні Талдықорған қалалық партия филиалының ұйымдастыруымен мемлекеттік мекеме, бизнес-қауымдастықтарының өкілдерінің қатысуымен еркін пікір форматында басқосу өтті.

Шараның негізгі мақсаты – ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрақты жұмыспен қамту мәселесі болды.
Шараға облыстық партия филиалының қызметкерлері, қалалық білім басқармасының өкілдері, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары, «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері және БАҚ өкілдері қатысты.

 «2017 жылдың 5 қыркүйегінен бастап 18-24 жас аралығындағы 56 жалдамалы қызметкер және 55-64 жас аралығындағы 25 жұмыссыз азамат 3 айлық қайта даярлау курстарына жіберілді. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастырған «Талсу» ЖШС, ЖК «Түлкібай Күресбек», ЖК «Талмурзин», ЖК «Идрисова» және өзге мекемелерге 54 жұмыссыз азамат, оның ішінде 7 ерекше күтім қажет ететін адам жолдамалар алды. Жастар тәжірибесіне 314 адам жолдама арқылы 86 мекемеге жіберілді», - дейді өз сөзінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының сектор меңгерушісі Гүлдана Мырзабекова.

Өз кезегінде қалалық партия филиалының кеңесшісі Ғазиз Аманжолұлы: «Жалпы жыл басынан бері, партияның «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ», «Сәтті қадам», «Кедергісіз келешек» жобалары аясында 4 бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өтті.

Жәрмеңкелер аясында 22 мекеме 634 бос жұмыс орнын ұсынды. Оның ішінде партияның «Бақытты отбасы - Бақытты балалық шақ», «Сәтті қадам», «Кедергісіз келешек»  партиялық  жобаларын жүзеге асыру бойынша «Нұр Отан» партиясы Талдықорған қалалық филиалынының мекемелермен өзара ынтымақтастық туралы меморандумы аясында 16 мекеме 290 жұмыс орнын ұсынды.

Жалпы 2017 жылы, қала бойынша 30-дан астам мүмкіндігі шектеулі азамат партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында жұмысқа орналасты. «Сәтті қадам» жобасы аясында ҰБТ шекті балл ала алмаған және ҰБТ-ға қатыспаған түлектердің 41 жұмысқа орналасты», - деді.

Шара аясында тиісті сала өкілдерімен қоса партиялықтар тұрақты жұмыс орындарын ұсынуды тұрақты қамтамасыз етуді қолға алуды ұсынды.