Ақмола облысындағы Байқоныс ауылында өртенген үйден бес жасар баланың мәйіті табылды.
Өрт тұтанғанда әкесі екі баласы мен әйелін құтқарып, 2016 жылы туған ұлын таппай қалған.
Ауылдағы екі пәтерлі үйдің бір жағында өрт таңғы сағат алты шамасында басталған.
Осы кезде бес жасар балақай оянып кетіп, өзгелерді көмекке шақырған. Әкесі жанталаса әйелі мен басқа екі баланы сыртқа шығарып, жанып жатқан үйге қайта ұмтылыпты.
Бірақ лапылдаған от пен қою қара түтіннің ішінен ұлын таба алмай қалады. Құтқарушылар тілсіз жаумен екі сағаттай арпалысқан. Өрт сөнгеннен кейін баланың денесі табылды. Шырылдап шошына жүгірген балақайды өрт кезінде төбеден құлаған ағаш басып қалған.
Ерлан Айдрахманов, Степногор қаласы ТЖБ бастығы: - Өрт болған жерден ыс тиіп, денесін күйік шалған үй иесін жедел жәрдеммен ауруханаға жөнелттік. Қос пәтерлі үйдің бірінің 85 шаршы метрі жанып кетті. От кіреберіс бөлмеден басталған. Өрттің неден болғанын анықтауға кірісті.
Источник : ktk.kz