Пернебай Бердалыұлы Сапар

-Суретке түсейік,- деді әкем.
Бүгінгінің жастарына ертегі, ол кезде суретке түсу біз үшін кішігірім мереке, бойжетіп қалған әпкелеріміз үшін әжептеуір дайындық еді. Шешеміз сандықтан «қыдырғанда киетін» киімдерімізді шығарады. Қыры сынбаған су жаңа киімді киюдің өзі кәдімгідей қуаныш. Әпкелеріміз қазанға су жылытып бізді жуындырудан бастайды. Бетіміз обалы не керек, бір жуғанда-ақ реттеліп, түр жинап қаламыз, ал енді, ала жаздай тәпішке көрмеген аяқты жуу дегеніңіз барып тұрған азаптың азабы еді.

Күнұзаққа жалаңаяқ жүретіндіктен табан дегеніңіз онша-мұнша оқты өткізбейтіндей шандыр боп қатады. Өкшенің әңгімесі өз алдына бір төбе. Оны қырып кетіру үшін бір күндік уақыт керек. Дәл сол өкшең суретке түспейді де, тек аппақ нәски киетін болғандықтан жуамыз ба, әлде әпкелеріміз тым пысық боп кете ма, білмеймін, әйтеуір жекіріп жүріп жуғызатын. Ең қиыны үйдің еркетотай кішкентайын тауып келу. Ол да айналада ойнаса құмары қанбайтындай азанымен ауылдағы қайдағы бір бұзылған үйіндінің қасында, үйілген құмның үстінде, құрығанда ауылдан бір шақырым жердегі өзенде жүреді ғой. Оны тауып алу бір жұмыс та, үйге қайтару жұмыстың зоры. «Жүр» дегенге көне қоя ма, бақырып жылап әптер-тәптер болады, оған «үйде күшттіііі бірдеңе болайын деп жатқанын, әяй көйлек киетінін, мамасының кәмпит даийындап қойғанын» айтып жүріп, арқалап келесің-ау, әйтеуір. Дайындық процесі біткен соң, тағы бір үлкен мәселе көлдеңнең шығады. Ол ауылдың пешенесіне біткен жалғыз фотографты шақырып келу. Бүкіл үй ішімізбен жиналып бара салсақ та болады, бірақ, ол кезде неге екені белгісіз, залтамдағы кілемнің алдында түсу айнымас заңдылық еді. Ал фотографтың шақыртумен келуі әкімнің күтпеген жерден кеп қалуымен бірдей құбылыс, жетінші бабаңды көргендей апалақтап есің шығатыны бар. Қысқасы суретшіні тауып, ертіп келу, үйдің белесебет тебе алатын естиярлауына, тойс, маған жүктеледі. Үстіңде ақ көйлек, бұтта қара шалбар, анда-санда киілетін аппақ нәски, су жаңа туфли, белесебетке мініп ап, балақты түріп тастап, күннің ыстығында ауылдың орталығына қарай белесебетпен безілдейсің-ай кеп. Фотографты табудан совхоздың директорын табу оңай, салонды бір сүзіп шығып, құлыптаулы екенін көріп аласың да, магазин, клубтың көлеңкесі, моншаның айналасы, қырман жақты айналып кеп, ауыл сыртындағы талдың көлеңкесінен табасың ғой. Ол әлбетте жалғыз отырмайды, көлеңкеге газет жайып жіберіп, бір-екі адаммен карта соғып отырады, әріректеу жерде бірер шөлмек домалап жатады. Өзің ентігіп тұрсың, үйге шақырып жатқанын айтасың. Лып етіп тұра салсын ба, «ертең барам» дейді жайбарақат. Сол сөз жеткілікті, бүгін бармағанына өкпе жоқ, аттың басын кері бұра бергенде тоқтатып ап, «шешеңе айт, ет асып қойсын» дейтіні бар. Фотографтың әкеммен құрдас екенін, өзара сыйластықтары жарасымды болған соң, ет асқызатынын кейін білдік қой, ол кезде «ет асып қойсын» дегенінен түске жақын келетінін түсінетінбіз. Атойлап үйге жетесің, «ертең келем деді».
Әбігер қайта басталады, жаңа киімдер қайта шешіліп, шифонерге ілінеді, әкей мырс етіп, жұмысына кетеді, ең қиыны еркетотайдың әяй көйлегін қайта шешіндіру. Бір кигеннен бауыр басып қала ма уже, кірлеп үлгерген көйлегін шешпей күйдіреді, ертең қайтадан киетінін, ол кезде бұдан да күшттііі жарастынын айтып жүріп зорға көндіреміз, онда да терісін сыпырып алғандай пырсылдап жылап ұзақ уақыт тоқтамайтыны бар.


***


Тіршілік таңы ертеңіне де аппақ болып, қайта атады, күн шығар шықпастан кешегі әбігердің екінші жартысы басталып, түске жақын зор дайындықпен аяқталады, фотографты емес, әулиені күткендей барлық жасауымызбен дайын отырамыз. Бекер обалы не фотоапаратын арқалап айтылған уақытында келетін. Бала күнімізде Аяз атаның қоржыны мен фотографтың фотоапараты ең құнды дүние боп көрінуші еді. «Ал, болыңдар» дейді ғой, келе сап. Залтамдағы кілемнің алдына екі орындық апарылып, оған әке-шешең жайғасады, әкеңнің тізесі еркетотайдың креслосы, оған ешкімнің таласы жоқ. Арт жағына бой-бойымызбен тізіліп тұра қаламыз. Төбемізде атаң мен әжеңнің суреті ілулі тұрады, бірақ өмірі кадрге ілінген емес. Құдды бір суға түскендей демімізді шығармай, көзімізді бір нүктеге қадаймыз, бірер секундтық тым-тырыс тыныштық. «Түсірем!» «Шырт». Болды. Ары қарай үлкендердің өзара отырысы басталады. Бізге суреттің шығуын күту үлесі тиеді. «Ертең шығарамын» деп кеткен көкемізді апталап жүріп зорға табамыз, ал суретті үйге алып келгендегі абыр-сабырды көрсең... «Мен көрейнш», «тұра тұрш», «босайш», «өй, мәшш», бас, аяғы жоқ, буынсыз жарымжан сөздер жан жақтан шұбырып, қолдан қолға көшкен сурет, бәріміздің мауқымызды басып барып, ескі альбомның ішіне кіріп тыншиды. Біз өзімізше мәзбіз, тек, әпкелеріміз ғана «әййбәййй түрім-ай», «көйлегім мыж боп...», «тууу, бір-ай» деп біраз уақыт күйініп жүреді, амал қанша, қайтар жол жоқ, ол кездің фотоапарты бір-ақ рет шырт ететін.


***


Қазір, демократия, көйлекпен түсесің ба, жалаңаш па, ерніңді бұртитып түсесің ба, бөксеңді бұлтитып па, жыртық шалбармен түсесің ба, бүтінімен ба, өз еркің. Ол кезде суретті көре сап, альбомға тығатын едік, қазір ғаламторға саламыз. Сөйтіп, шүпірлетіп, лаик жинаймыз. Төсің мен бұтыңда бір жапырақ шүберек болса болғаны. Коментарилерді айтсайш, «ты красотка», «супер», «класс», «красивая»... айналайын-ау, пәшти, тыржалаңаш жатыр ғой, несі класс оның. Көз алдымызда қыздарымыз тыр жалаңаш шешініп жатыр, сол да супер боп па, баяғы «әййбййй», «тууу, бір-ай», «көйлегімді қарасай» деп өз алдына күйініп отыратын әпкелеріміз қайда? «Шешінуге үлгересің, әуелі киініп алшы» дейтін ешкім қалмаған ба? Бүкіл денесінде бір тұтам шүберегі бар қыздардың мыңдаған лайк жинағанын көргенде, баяғы өкшемнің күсін қырып кетіре алмай отырған кезім есіме түседі менің...