Пернебай Бердалыұлы Сапаров
Қазақ шіркін ақыл айтпаса басы ауырады ғой, «Осы сен нағып ешкі асырамайсың?» деді көршім. «Ана сарайың соғұрлым бос тұр ғой». «Ана сарайым» ұзындығы үш, ені екі метр жаман там еді, о баста ешкі асырауға емес, көмір түсіруге сала салғам әшейін. Соны айтып ем, көршім екіленіп кетті, «соны да сөз деп тұрсың ба? Ешкінің пайдасы қандай екенін білесің бе өзі, қазақ атам есің кетсе ешкі жи деген, ешкі деген жарықтық жылына екі рет туады, кейбірі егізден табады, ары кетсе үш жылда байып шыға келесің»...
Сөзіне қарағанда ана мақалдың авторымен шәй ішкен адам секілді, онысын қоя берш, ешкі бағып, байып кеткендермен аралас-құралас секілді, өзінің де әжептеуір ұзын сарайы бос тұр, маған айтқан ақылды өзі неге істемей жүргені түсініксіз, сөздің қысқасы, ешкі алуға көндірді мені.
Ұзындығы үш, ені екі метр тамға қанша мал сияды дейсіз, ә дегенде екі ешкі ап келдім. Шұнақ құйрық немелер бақырып шақырып, айғайды салып, айналаның бәріне мойнын создырып, «Ойбай Пәленше екі ешкі алыпты» дегізіп, басқа көршілер қаншадан алғанымды сұрап, ана көршім ақылын алып, сөзін жерге тастамағаныма мәз боп, айға жуық әңгімесіне азық қып желпініп жүрді. «Енді баййсың» деді нық сеніммен. Сөзінің сенімді шыққаны соншалық, маған міндетті түрде баю керек болды, іштей байып та үлгердім, ешкілерім егіз тапса, лақтарын шетінен сатып отырсам, сүтін сатсам байымағанда нем қалды енді...
***
Арманым әдемі еді, бірақ екі ешкісі құрғыр, тумай жатып шашымды ағартты менің. Ә дегеннен айналадағы ағаш біткенді сидитып тастады, өзіміздікін тауысып көршілерге ауыз салды, маған ешкі жина деп ақыл айтқан көршімнің жайып қойған кіріне дейін шайнап тастаған ғой, ол байғұс қалған өмірінде тірі жанға ақыл айтпастай боп безіп кетті. Өзім қаланың шет жағында тұрам, сегіз сотық жерім бар, оның жартысына үй салғам, қалған «жайылымдық» жерім жетпейтіні белгілі ғой, аяқты мал әне жер мінә жердің шөбін жегісі келет та, оған көрші атаулы шыр-пыр, қойш не керек, екеуінің үстінен күнде жалоба түсе берген соң, сарайға қамап ұстайтын болдық, суын, жем шөбін алдарына апарып береміз, олар тұрады құдды бір қонақүйде жатқан туристер құсап.
***
Төбесі пәс, тар тамның іші сұмдық ысиды екен, сақалдары шошаңдаған сорлылар судан су қоймайды. Сөйтіп жүргенде бірте бірте аза бастады да, бір күні біреуі өліп қалғаны. Мен қайбір малжанды едім, сол кезде бірақ көрдім, екеуін де кене басып кеткен екен. Сөйтіп есімді жинайды деп алған ешкілерім, есімді шығарып ана дүниеге аттанды бірінен кейін бірі. Қанша дегенмен малдан айрылу оңай ма, ішім ашыды менің, бірақ көрші атаулының қуанышында шек болған жоқ, әсіресе маған ақыл айтып, артынан бармағын шайнаған көршім ше, сол ерекше қуанды. Ешкіден құтылдық, кенеден құтылу қиын болды, бала шаға тамға кіре алмай қалды, енді не істедім деп жүргенде данышпан көршім тағы ақыл қосты, «қоян асыра» деді маған, «қоян дегенің кенеден кене қоймайды». Мақұл деп екі қоян алдым тағы. Бір қызығы қояннан ба, әлде өзім шашқан дәріден бе білмейм, кене атаулы жоқ болды, есесіне қояндарымды таппай қалдым, о бәлелер жер қазады екен, тамның ішінен қуыс қуыс етіп қазып тастады. Ол да ештеңе емес бір күні қазып барып, көршімнің сарайынан шыққанын қайтесің, көршім қоян емес жылан шыққандай жаман бажылдады. «Қояндарың нағып саған қарай қазбайды, неге менің сарайыма қарай қазады?» дейді түкірігі шашырап, «мен қайдан білейін қолдарына компас беріп, былай қарай қаза беріңдер деген жоқпын ғой» деймін мен. Қоян асыра деген ақылы өзіне таяқ боп тиіп тұр, әйтпесе аянатын түрі жоқ, біраз жерге баратын еді, қанша дегенмен күнде көрісіп жүрген адам, ақыры келісімге келдік, екі қоянның біреуін ол, біреуін мен сойып жеп алдық.
***
Мал асырап дәнігіп қалған соң, қиын екен, сиыр алам дедім. Бұл жолы ешкім ақыл қосқан жоқ, таза өзімнің идеям. Сиырым күніне бес литр сүт берсе, бала шағадан қалғанын сатсам, қазір базардағы сүттің бәріне су қосады дейді, мен тазасын апарып тұрсам, өтеді неге өтпесін, тіпті мына көршілерім-ақ талап алмай ма. Осылай ойладым, ешкімге қарыз бермеймін дейм тағы. Сүйтіп дәу сиыр алдым, күйісін қайрап, сарайымның сәнін келтіріп-ақ тұрған. Бір күндері бас аяғы жоқ мөңіреп, қыбыжықтап, өзінен өзі бірдеңе боп кеткені. «Ауылдың малы, қалаға үйрене алмай жатыр» деген ой болды менде. Маған қарағанда әйелім ақылды екен, «мынауыңа бұқа керек-ау, қашпаған сияқты» деді бір күні, ұрғашының тілін ұрғашы түсінет та. Сүйтіп аяқ астынан әбігер басталды, о заманда бұ заман сиырыңа бұқа іздеген масқара екен, қайтем енді амал жоқ, таныстарға звондайм, «алло, Пәленше сенде бұқа бар ма?» Бар, жоқ деп айта салатын адамнан айналасың ғой, «нағыласың?» «жайша ма?» деп діңкелетіп жіберетін сұрақ қояды олар. Өзімнің де сұрағым оңып тұрған жоқ қой, амал жоқ түсіндіре бастайсың «сиыр алған ем» «қашан?» «ой, біраз болд» «қаншаға алып ең?» «ой мынаншаға» жарты сағат мылжыңдасып тұрғанда еститінің бұқасын не сойып тастаған, не сатып жіберген боп шығады, телефонды қойған соң шешесін бір қайырып тастайсың да екінші танысыңа звондап... ақыры табылмады бұқа, бұқа іздеп жүргенде сиырым мөңіреуін қойды, бірақ мен ізденуімді қоймадым.
Менің көршім ше, менің көршім данышпан ғой, ақыл айтудан алдына жан салмайды, бір ғажабы ақылын тек маған ғана айта ма, әлде соның айтқанын мен-ақ тыңдайм ба бірдеңе, сол айтты «сен ана аудандағы өзбектерге барсай, соларда небір пародный бұқалар болады, ақыры сиыр асырадың, бұзауы пародный болсын да»... Осы бір елементарны ойдың қалай басыма келмегенін, әуелі өзім барып, бір өзбекпен сөйлесіп қайттым, сөйтіп бартавой мәшине жалдап, сиырым алып жолға шықтым.
***
Өзбектің бұқасына базар жоқ, дәу екен, пародный, ентелеп-ақ ұмтылды-ай кеп, сиырым әлдеқандай болғаны. Бұлай боларын қайдан білейік, байлап та қоймаппыз, там айналып сиыр қашты, артынан бұқа кетті, неге екенін ит білсін, мен де жүгірдім. Сиыр, сиырдың артынан бұқа оның артынан мен, там айналып шауып жүрміз, кімді кім қуып жүргені белгісіз апалаң да топалаң болды ана жерде. Артық кемі жоқ бір сағаттай әуре болған соң, сиырды да бұқаны да, жеті атасынан сыпыра боқтап, түк басым істемейтінін мойындап, сүт сатып баии қалам деген адал ойымды тәрк етіп, өзімді өзім жерге тығып, байймын деп жүргенде таза Қожанасырға айналғаныма жыным кеп, сиыры құрғырды ап қайттым. Со келгеннен ашу үстінде сойдым да тастадым, етке қарық болдық, қысыр сиырдың еті дәмді болады екен.
***
-Енді түйе асыра,- деді әйелім. Кекетіп айтты, бірақ менің де намысым бар ғо, принціп кеттім, «асырайм дедім. Асырайм дедім де, сооонаааууу Созақтан бір түйе сатып ап келдім. Мал асырап баййтын басым, мал алуға жиған терген ақшамды шашып құртатын болдым, қайтем енді. Түйесі құрғыр да дәу еді, маң-маң басып кеп, сарайыма симағасын, төбесін ашып, қабырғасын көтеріп қайта жаптым. Негізі бар тапқан пайдам сарайым болды, сәні кіріп қалды, ішінде түйе тұр. Әп-әдемі-ақ еді, бір күні ойламаған жерден босанып кетіп, тайраңдап қашса бола ма. Қашқанда да жеткізбей қашты, ай күннің аманында көз алдымда жоғалды, ішім ашығанда қоя бер енді. «Бұйырмаған мал болды бұл деп жүргенде Созақтан егесі звондайт «түйең қашып келді ап кетсейш» деп. Ойпырмай қуанғаным-ай, сол күні жолға шықтым. Барып ем егесі айтты «бұл саған мал болмайды, қаша береді, бір күні тағы қашып кетсе, маған жетсе жақсы жетпей жолда біреу ұстап ап құртып жіберсе қайтесің, одан да сойып ал бұны». Басқа басқа мал сойғанды қатырамыз ғой, әкелдім де екі-үш көршімді асарға шақырып, сойдық та алдық. Сүтті қарызға бермеймін деп жүргенде етті көршілерге қарызға саттым, қайтем енді, соншама етті қайда тастайсың.Өзіміз үш жілігін жедік қыстай, әйелімнің жаны кіріп қалды «түйенің етінен пелмен жасайын ба, қандай болатынын көрейік» дейд, мен «давай» дейм. Екі күннің бірінде көршілерді тамаққа шақырамыз, басында қутыңдап қуана қуана келетін, жиі-жиі шақыра берсең олар да ығыр болады екен «кәзір ғана тамақ ішіп қойып ек» деп кемейтін болды ақырында. Сөйтіп жүріп жатырмыз, ең қиыны ол емес, ең қиыны, әйеліме жеуге болмайды екен, түйенің етін, ол жағын білмеппіз, айы ұзарып кетті. Күніге таң атар атпастан тұрамыз да «не жаңалық?» деп оған қарайм, ол ішіне қарайт, сүйтіп иығын қиқаң еткізед. Үйде не көп календар көп, бас басымызға бір біреуден ап алғанбыз, календарымызға қарап отырып бір- бірімізден «бүгін қаншасы?» деп сұрайтынымызды қайтесің. Мал асырау операциясы апыр-топыр әбігерге сап, ақыры осылай аяқталды, енді мал асыраймын дегенді ойнап та айтпайм деп отырмын...
...Айтпақшы бүгін қаншасы өзі...