Бақтыгүл Ауданова
— О, шшең... әрең жеттік қой.
Өзімен бірге бір қап шаңды ала кірген қырма сақал жігіт бос орындардың біріне асыға жайғасты.
Мұрнымыз тыжырайды. Жаңағы сөзге емес. Терезеден түскен күн сәулесінің сынығында билеп жүрген шаң түйіршіктеріне.
Құлағымызға сіңісті болып қалған сөзге мән де бермей қолымызды серпіп, тозаңды қуа бастадық.
— Аттың басын жібереді екенсің ә, інім, — деді әлдебір қарлығыңқы дауыс арт жақтан.
— Айып етпеңіз көке, ауыздан шығып кетті.
— Бісмілләміз да, бәрекелдіміз де осы сөз ғой.
Тағы біреу кеңк-кеңк күлді.
— Баяғыда... Жас кезде ғой...- деп сөзін жалғады жаңағы қарлығыңды дауыс. — Сол қырықтардан асқан кезім. Жаңағыдай аттың басын жібереміз. Екі сөздің бірі шешеден кетеді. Азырақ сілтейтінім бар. Содан бір күні үйге масаңдау боп келген екенмін. Әйел дегеннің ондайда миды шағатыны бар ғой. Анау-мынау деген шығар, шешеден сілтеп ұйықтап кетіппін. Түннің бір уағында шөл қысып, аузым кеуіп ояндым. Тұруға ахуал жоқ, бас сынып барады. Қасымда жатқан қатынды түртпектеймін. Ол ұйықтап жатыр ма, әлде қырсығып жатыр ма білмеймін, тұра қоймайды.
— О, шшең, тұрсай еу... Су әкел! Өліп қалғансың ба не, шең...
Әрі бері "шешелеп", ақыры тұрғыздым. Бір бақыр суды діңкілдеп барып әкеліп, қайта жатып қалды.
— Е, шең...
— Осы сен білесің ба, сен боқтаған сайын шешем түсіме кіреді.
— Не дейді, шешең...
— Боқтамасын дейді.
— О, шең. Немене о дүниеде жатып менің аузыма қақпақ бола ма?
— Аруақтан қорықпайсың ба?! Боқтама. Шешем боқтамасын деп жатыр. Әр түсіме кірген сайын боқтамасын деп ескертеді. Боқтама! Боқтама шешемді!
Жұлқына жынданған қатынымның қолын қағып жіберіп:" Шешеңнің шешесін онда!"- дедім ызбарланып.
— Оңбаған! - деуге ғана шамасы келген қатын теріс қарап сұңқылдап жылап жатып қалды. Мен де ұйықтап кетіппін. Әлдебір ышқынып, шыңғырған дауыс миымды тесіп жатыр екен. Құстың дауысы ма, әлде басқа бір мақұлық па, айыра алар емеспін. Құлағымды тесіп, миыма жетіп жатқан дауыстан қорғанып, жастығымның астына тығыламын. Болар емес. Әлдекім түртпектейді.
— Жолғазы, тұршы сені шақырып жатыр.
— Кім?
— Білмеймін... сыртта...
Әйелімнің даусы дірр-дірр етеді.
Екі құлағымды қанша бітесем де болмайды. Шыдау мүмкін емес. Құлағымның жарғағы жарылып кетердей. Көрпемді басыма қымтап, аунай түсемін.
— Ғөөөөөөқ!!! Ғөөөөөөөөқ!!!
Ұзақ шыңғырады.
— Тұршы, сыртқа шықсын дейді.
— Кім?
— Әжем...
— Не?!
Әлдебір күш орнымнан жұлып алып, сыртқа сүйреледі. Сыртқы есіктен шыға бере қабырғаға сүйеніп құлай бердім. Жанарым сыртқа атылды.
— Ғөөөөқ!!!
Менен бес-алты метрдей қашықтықтағы темір қақпаның төбесіне үлкеен қара құс қонақтап алыпты. Бас даусымен ышқына шыңғырады. Екі көзі менде. Екі көзі қып-қызыл. Мені жеп жіберердей.Өңменімнен өтіп, кеудемді тесіп барады. Ышқынған даусы сай-сүйегіме жетті. Тырнақтары сойдиған тұяғымен темір қақпаның жиегін мытып, алып қанаттарын қағып-қағып шыңғырғанда, темірдің өзі сықырр-сықырр етеді.
—Ғөөөөөқ!
— Тәубеңе кел! - деді әлдебір белгісіз дауыс миыма.
— Ғөөөөөөқ...
— Астапыралла! Астапыралла! Кешірім сұраймын! Кешірім сұраймын!
— Ғөөөөөқ....
— Кешір Алла! Кешірші... Енді қайталамаймын. Тәубә! Тәубә...
Алып қара құс соңғы рет бар даусымен ышқына шыңғырды да, темір қақпаны сықыррр еткізіп ұшып кетті. Темірдің даусы әлден уақытқа дейін ауада қалықтады.
Соның бәрін түйсігіммен көріп жаттым ба білмеймін, жерде домалап, жылап жатып есімді жидым. Әйелім су әкеп, ішкізіп, сүйрелеп үйге кіргізді. Сол оқиғаны ойласам әлі күнге жүрегім мұздайды. Астапыралла. Содан кейін өзім де боқтамайтын болдым...
Қарлығыңқы дауыс иесі бәсеңсіп барып, әңгімесін аяқтады.
Көліктегі бәріміздің де денеміз түршігіп, жүрегіміз мұздап кетті.
Ал, біреулер әруақ жоқ дейді, ә?..