фото ашықдереккөзден  алынды

Деректі оқиға...

Адам жаны ауырғанда, таң ұзақ боп кететін әдеті. Мағрипа ана, түн баласы кірпік ілмей ұлының жолына қарап алаңдаулы. Жасы 70- ке таяса да, 30- ға қараған ұлын әлі бала санайды. Келмесе кірпік іле алмайды. Бір кезде есік тықыр еткендей болды. Мағрипа ана басын көтеріп алып:
 
-  Келдің бе, балам?- деді.
 
- Тууу, келмей қайда барамын? Ұйықтай бершиш!- деп дүңк еткен ұлы өз бөлмесіне кіріп кетті.
 Мағрипа, ауыр ойға шомып  ұйқысы мүлде ашылып кетті.
Осы ұлын босанарда жаны қатты қыйналды. Толғақ өте ауыр болды.Дәрігер, біреуіңіздің ғана өміріңізді сақтай аламыз.Екеуіңе кепілдік жоқ дегенде, ойланбастан "ішімдегі баламды аман сақтаң. Өмірге келмей жатып, үзілгенін қаламаймын "-деді.
 
Әйтеуір бір тылсым күштің қолдауымен  екеуі де аман қалды.
 
Толғақ ауыр болғасын ба, ұл тым мазасыз болды. Күндіз- түні ұйқы көрмейтін. Ал анасы ұлы үшін бәріне дайын еді.
 
Тістелеп жүріп, қатарынан кем қылмай  Мағрипа ана ұлын ер жеткізді. Университетте оқытып диплом алып берді. Тезірек үйленсе екен деп асыға, бір басының екеу болғанын қалады.
 
Ол күткен күн де келді. Келін келді босағаға. Мағрипа ананың қуанышында шек болмады. "Сөнгенім жанды,өшкенім тұтанды" деп  шүкірлік етіп жүрді.
 
Бірақ...келін Мағрипа ана ойлағандай болмады. Тік кіріп, тік шығады. Енем деп иілуді, сыйлауды білмеді. Сонда да ана жүрегі баламның ұрпағын жалғастырушы ғой деп, өбектеп аузына бәр дәмдісін ұсынды.

Күткендей  семьяға "ат ұстар" келді. Атын өзім қоямын деп бүкіл кітапты ақтарып немересіне ең әдемі ат іздеді. Бірақ...тағы да анасын адам деген ешкім болмады. Перзентханадан шығарған  сәбиге есімді нағашылары қойыпты.

Сонымен жылжып жылдар өтіп жатты. Мағрипа ананың денсаулығы сыр бере бастады. Жастайынан жесір қалып, тек осы ұлды адам қылсам,күйеуімнің аманатын ер жеткізсем деп тұрмысқа шықпай қойған.Енді "анашым" деп бір тамшы аузына су тамызатын адам жоқ.

Қан қысымы жиі мазалап, жүрегі де жиі шаншитын болған. Ешкімге ештеңе деп шағымданбай немересімен алданып уақыт өткізетін.

Бүгін орнынан тұра алмады. Хабар алған ұл да,келін де жоқ. Дауыстары ас үй жақтан жарқын- жарқын шығып жатыр.Анасының бар- жоғы бәрі- бір тәрізді.
 
Анасы соңғы рет немересін иіскегісі кеп атын айтып шақырайын десе даусы шықпай қалды. Қолын есікке созған күйі көз жанары сөніп барады. Міне соңғы дем де шықты. Осы кезде ғана ұлы есіктен қарап:
 
- Біз серуендеп келейін деп едік, жексенбі ғой. Балаға қара!- деді анасына мән беріп қарамастан.
 
Анасы бұл жолы тұңғыш рет ұлына жауап қатпады, қата алмады.Сонда ғана ұлдың санасына әлдене жетіп жанұшыра жетіп келді.

- Анашым, көзіңді ашшы! Мені жалғыз тастап қайда барасың?- деп өкіре жылады.
Енді бәрі кеш еді. Мағрипа ананың көз жанарында қатып қалған бір тамшы  жас сұп- суық болып, құшақтап басын көтере берген ұлының кеудесіне тамып, мұп- мұздай боп төмен қарай сырғып бара жатты. Ол көз жаста, жастай жесір қалған әйелдің жылдар бойы ішінде сақтаған өксігі бар еді.

Тағдыр...бармағыңды қанша шайнасаң да түнімен көз ілмей жолыңа қарап:
- Келдің бе, балам?- дейтін адам енді жоқ. Енді ешкім сен үшін алаңдап, дұғасына қосып, тілегіңді тілеймейді...
 
Айсұлу Кеңесбай