Aқсұңқар Ақынбаба 1978 жылы 19 сәуірде дүниеге келген. 1998 жылы С.Торайғыров атындағы университетті үздік қызыл дипломмен бітірді. 
1998 жылы Қазақстан телерадио компаниясында «Шапағат» таңғы бағдарламалар редакциясында  редакторлық қызмет атқарды. 
1999–2002 жж. Алматы облыстық «Жетісу» басылымында мәдениет және әдебиет бөлімінде журналист, 2003 жылы Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» Мемлекеттік Академиялық оркестрінде жүргізуші, 2004 жылы «Жалын» журналында редактор, 2004–2008 жж. «Қазақстан» РТРКның «Шалқар» және Қазақ радиосында редакторжүргізуші, 2008–2009 жж. Қазақ радиосы бойынша сарапшыредактор, 2009 жылдан «Қазақстан» ҰТАның эксперт тобында телерадио бағдарламалары бойынша жетекші маман қызметін атқарады. 

2001 жылы «Елорда» баспасынан «Мен – Алтайдан ұшқан Ақсұңқар» атты жыр жинағы жарық көрді. «Қазақ ақындарының антологиясына», «Қыз ғұмыр – жыр ғұмыр» жинақтарына (2003) Қырғызстанда жарық көрген қазақ ақындарының жыр жинағына өлеңдері енген. «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының (2002) және Ғ.Мүсірепов атындағы Республикалық ақындар мүшайрасының лауреаты.Журналистика саласы бойынша "Жыл Адамы-Алтын Адам -2010" атағының иегері.

 




Гүлдің  түсі қып-қызыл, 
Күннің түсі қып-қызыл, 
Ерініңнің іш-сырты, 
Тілдің түсі қып-қызыл. 
Гүлдің тісі сап-сары, 
Күннің тісі сап-сары,
Жүрегімнің іш-сырты,
Жырдың түсі сап-сары.
Жердің түсі қап-қара,
Шердің түсі қап-қара.
Екі дүние ортасы,
Көрдің түсі қап-қара.  
Қанның түсі қып-қызыл,
Зардың түсі сап-сары,
Жаудың тісі ұп-ұзын,
Сартап күнге қақталған,
Менің түсім ақ сары.

   
                  * * *

Сөйлемеші, 
Жо-жоқ! 
Енді үндеме, 
Екеумізге жетеді ғой бір дене. 
Мен де бекер келгенім жоқ өмірге, 
Мен де әйелмін...мен де жанам түндерде.
Жырды мұңға батыра алам, толқыма,
Орап алып шығам сені Отыма,
Махаббатсыз өтті қанша өмірім, 
Сүюге де, күюге де хақым бар...

          
                     * * *
Kуә боп күнәға,

Күрсініп түн бала, 
Күнаға бір шығып, бір батып,
Түн бала жылама, Жетеді улама,
Бізді де есіркер бір бақыт.
Жанымды балталап,
Наламды арқалап,
Көш кетіп барады ауырлап, 
Біресе ит талап, 
Біресе бит талап,
Мен кетіп барамын қауым қап.
Сойқанын соққының,
Тойтарған оттының,
Көрдің бе сөнгенін,
Көнгенін? ...
Бәрібір оттымын,
Бәрібір жоқ құным,
Осылай кеткенім жөн менің!

             * * *
«Сүйесің бе?» - дейсің Сен,
Құрбан болғанымды  көргің кеп,
Сүйе алмағанымды  кешірсең,
Сүйе алар ма едім? Елжіреп...  
Сүйгізіп, тәтті ішілсем, 
Еріндерімді сергітіп.
Сүйе алмайтынымды түсінсең,
Сүйінтер ме едің, ерітіп...

 

          * * *

Өзегімді өртеп ол кетті,

Өзге жүректерге елшілеп,

Сол кеткеннен мол кетті,

Азабын жырға еншілеп.

 

Өкініш ертіп мен кеттім,

Күнбатыс жаққа беттеген,

Көш артқан жалғыз інгендей,

Боздаған даусы жетпеген.

 

Алаулап тұрған кезімде,

Алдымда тұрған өткел ең,

Оранған кезде сезімге,

Өзен боп кеттің теп-терең.

 

...Содан соң кенет сен келдің,

Дауылдан келдің

Алысып,

Не демек едің?

Не дермін?

Ешкімнен опа көрмедім.

             * * *

Келе жаттым жалғыз өзім-өзіммен,
Жым-жырт түні,
Күллі әлем көз ілген,
Көлеңкелер, 
Биік үйлер, 
Тым-тырыс, 
Шаруасы жоқ 
Мендегі бұл сезімнен. 
Такси де жоқ,
Тоқтататын торапта,
Қызыл жарық жанып тұрды жолақта.
Апаруға ешкім іздеп келмеді, 
Сенбі кеші, бүгін бәрі қонақта. 
Әдемі екен, амал қанша, түн бүгін,
Сен қыздармен, мен өзіммен қыдырдым,
Нөміріңді теріп едім,бәрібір, 
Жетпей қалды бірлігім.
Тұрды алдымда ескі кафе, 
Мұңлы әнін, 
Әуеніне қосып жалт-жұлт шырағын, 
Жалғыз кіріп,
Ащы иісінен сыраның, 
Бір жұбаныш сұрадым. ...
Біраздан соң көк түтіннің ішінде,
Билеп жаттым, жеткенінше шыдамым.

                         * * *
«Аяғыма, 
Табаныма жығыл мұң,
Қастандыққа  көгенделген  бұлбұлмын»,
-- Дедім дағы кештен қалып көңілім, 
Сезімімнің іңіріне тығылдым. 
Iңір... 
Іңір... 
Зілің басты,
Кесірің,
Мезгілсіз кеп неге сонша есірдің?
Оңар ма екен ойлағаны ойымның, 
Болар ма екен өмір саған кешірім? 
Tүнек басып келе жатыр жабыла,
Түнеремін,түрленемін,тағы да, 
Тағы ...тағы... тағы да, 
Жармас тұман,
Балағыма,
Жалыма...  
Іңір еніп,
Күңіреніп  өмірім, 
Тұрып алды жұтқыншақта өлі ірің,
Қайда сенің,
Қайда менің уәдем?
Қайда менің өмірім?

           * * *

Намазына да үлгеріп, 
Күйеуіне де үлгеріп, 
Жасырын барып жолығар, 
Ғашығына да үлгеріп...  
Күйеумен одақ құрмадым, 
Көңілдестен де жұрдаймын,
Намазды да жарытып,
Атқара алмаған күнәмін.  
Ешбіріне де үлгермей,
Құр қалған бейбақ шығармын.


                   * * *


Құтыла алмай сор қалар, 
Жете алмай бақ қалар, 
Жағдайым жоқ қорғанар, 
Жағдайым жоқ мақтанар. 
Шекер емес жемісім,
Өтер емес жұтқан мұң, 
Қай күнәма?
Не үшін?
Қуғындалдым ұқпадым.  
Тұрғанымда бүлдірмей,
Көну бітті ол анық.
Өлу қалды білдірмей,
Ұшты-күйлі жоғалып.


                 * * *

Кімге керек Қарабайдың байлығы,
Күнге керек емес екен Ай мұңы, 
Күннің көзі жаңбырдан соң ашылар,
Менің көзім ашылады қай күні? 
Қайтсем кері қашпайды екен қадамым,
Қашан мына жанға тыным табамын?
Жаушы жаңбыр, 
Көзімізді  ашқызбай,
Қайда  мені апарасың таланым?

             * * *
Кеш жаралы...
Кеш налалы... 
Ой басқан,
Ішкен сайын итішкірге тоймас жан, 
Ана жақтан естіледі масаң үн,
Менің ауыр тақсіретімді тойласқан.  
Өзімді-өзім енді алдауға шамам жоқ, 
Қайда екенсің құрбандыққа шалған топ,
Көлеңкесін күңгірт шашқан сұр кеште, 
Жарық жаққым келіп еді, шам да жоқ. 
Mенсіз қараң қалатындай түнегің, 
Неге менен неге нала тіледің? 
Күңіреніп тұрып алған бұл кештен,
Жарық көргім келгеніне күлемін...

                       * * *
Әлдеқайда жеңіл мына қоғамды, 
Мас адамның көзіменен қараған. 
Бәрі ішкен, мен де ішем,
Жалаңды, 
Уақытша ұмытуым үшін мен,
Адамдарға риза болып,
Сау емес, 
Мас кезіңде түсінген. 
Cаудан емес, сол мастардан сұраңдар, 
Замананың шындықтарын жылаған. 
Жаман болса ішкендер мен құйғандар,
Ішкізгендер онан да өткен сорақы,
Сендер сонша кірлеп, таптап, былғаған, 
Толы еткен парасатсыз үкімге,
Мына өмірді сау адамның көзімен,
Көру айтшы мүмкін бе?

                          * * *

Түннен  жарық  дәл осылай іздейтін, 
Менің сені іздегенім секілді. 
Көктен жаңбыр сіркірейтін осылай,
Сағыныштан менің  төккен жасымдай. 
Дауыл өстіп  үретұғын егесіп,
Менің иттей жаутаңдаған кезімдей,
Жүрек өзін жұлып жейтін дәл өстіп, 
Тұрағы жоқ кезбедей, 
Қаңғып кеткен сезімдей.   
Cодан бері өмір өстіп сөйлейтін, 
Жоқ пен бардың ортасында сенделіп,
Мен тек сонда оралар ем, өмірге. 
Құтқарған күн сен келіп.  АҚСҰҢҚАР АҚЫНБАБА.