ҚТЖ 2022-2029 жылдарға ең кемі 469 жолаушы вагоны және 26 электростанция вагонын сатып алуға жүздеген АҚШ долларына тендер ойнатып жатқанына біршама уақыт болғаны анық, бұл тақырып әлеуеметтік желіде қызу талқыға салынып жатыр.

Өйткені жолаушылар мен бюджеттің қомақты қаражатына өткізіліп жатқан тендерде елдің жолаушылар вагондары паркінің тағдыры, оның алдағы онжылдықтардағы сапасы, сыны, халық үшін жайлылығы қандай болатыны шешіліп жатыр. Таңдау ресейлік Трансмашхолдинг (ТМХ) және швейцариялық Stadler арасында жасалмақ.

Еске салсақ, тендер «Тұлпар-Тальго» зауытын сатып алумен байланысты, зауытта осыған дейін испандық жолаушы вагондары құрастырылған, ал енді зауытта аталған байқауда жеңіске жеткен компанияның вагон өнімі шығарылады. Белгілі болғандай, ҚТЖ осыдан бірнеше жыл бұрын ресейлік «Трансмашхолдинг» зауытымен вагон жасау зауытын сатып алу туралы мәміле жасасқан болатын. Алайда, бұл мәміле сенімгерлік басқару туралы келісімшартқа ұласып кетті де былтыр «Трансмашхолдинг» компаниясының Тверь вагон жасау зауытынан әкелінген вагондары «Тұлпар» зауытында сөз жүзінде ғана құрастырылған. Өйткені «Трансмашхолдингте» вагондар шығару үшін СТ-КЗ сертификаты жоқ. Іс жүзінде ресейлік компания Қазақстан аумағында өзінің вагон топтамаларын құрастыруды бастауға дайын емес, демек «Трансмашхолдинг» «Тұлпар Тальгоны» басқаруға беру бойынша шарттарды орындамай отыр.

Кереғар ситуацияны назарға алып, көрші елдерде осы салада қандай ілгерілеу бар, олардың таңдауы қандай екенін саралау үшін теміржолдар торабымен жүріп өтуді жөн санадық.

ҚТЖ мәліметтері бойынша Қазақстанда 2 240 жолаушылар вагоны қолданыста екенін еске салайық. Соның ішінде 670 вагон испандық «Тальго» маркалы вагондар, елімізде енді мұндай сападағы вагондарды сатып алу тоқтатылды, жаңа құрылымда 291 стандартты вагон негізінен «Трансмашхолдинг» тобының Тверь вагон жасау зауыты шығарған болса, тағы жүзге жауық вагон ҚХР Тянь-Шань локомотив-вагон жасау зауытынан 2000 жылдары сатып алынған. БАҚ көздерінде материалдарды сараласақ, тәуелсіз Қазақстанда сонымен қатар Крюков вагон жасау зауытынан украиндық жолаушы вагондары сатып алынған. Жолаушы тасымалдайтын составтың тең жартысын кеңес одағы және неміс өндірісінен қалған ескі вагондар құрайды – 1 163 вагон. Соңғы кездері ескі 85 жолаушылар вагоны рельстен алынды, 2029 жылдың соңына қарай тағы 942 вагонды жарамсыз деп тану жоспарланған, алайда соның ішінде 285 вагонға күрделі жөндеу-қалпына келтіруден кейін тағы 16 жылға пайдалануға қайта берілмек. Биыл «Трансмашхолдинг» компаниясынан қосымша 100 вагон сатып алу жоспарда,

сондай-ақ алдағы сегіз жылда қандай жолаушылар вагондары болатыны, атап айтқанда ресейлік және швейцариялық вагондар арасында таңдау жасау мәселесі шешілуде. Бұл ретте Нұр-Сұлтаннан Қарағанды, Павлодар мен Көкшетауға қатынау үшін 2014-2016 жылдары «Трансмашхолдингтің» Демиховский машина жасау зауытынан сатып алынған электричкаларды да ұмытпаған жөн.

Орта Азия торабы

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің шенеуніктері бірнеше жылдардан соң Түркістаннан Ташкентке жоғары жылдамдықта жүретін пойыз торабын салып, Қазақстан мен Орта Азияны байланыстырамыз деп уәде беруде. Жібек жолының бұл бағыттағы торабына қандай вагондар пайдаланылатыны әзірге белгісіз, бірақ жолаушылар теміржол тасымалын дамытуда Өзбекстан қозғалмалы составты жаңартуға күш салып жатыр. БАҚ көздерінде өзбек елінен жұмыс мигранттары толы вагондармен Ресейге толастамай баруын көрсеткенімен, бұл елде кез келген салада даму қарқыны байқалады. Өзбекстан 2025 жылға дейін жолаушылар вагондарын 300 бірлікке жаңартуды жоспарлап қойған, деп жазады review.uz. Соңғы бес жыл ішінде «Узбекистон темир йуллари» жаңа 152 жолаушылар вагонын сатып алған, ал ескі паркте күрделі жөндеу жүргізілген соң 570 вагон жаңартылып, қолданысқа берілген.

Алайда, «Узбекистон темир йуллари» сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, негізінен жолаушылар тәуелсіздікке дейін құрастырылған вагондарды қолданатытын, тәуелсіздіктің алғашқы 2 онжылдығында ресейлік және неміс вагондардың шағын партиялары ғана сатып алынғаны жазылған.

Ескі вагондар Ташкент жолаушылар вагондарын жөндеу зауытында жаңартылып, жөнделіп отырған, бұл зауытта заманауи вагондар өндірісі іске қосылған – 2009 жылдан бастап онда қызмет көрсетуде жайлылық пен сапа талаптарына сай келетін вагондардың 100 бірлігі құрастырылды. Айта кетейік, былтыр зауыт қазақстандық және ресейлік компаниялармен ескі вагондарды жөндеу және жаңаларын жеткізуге 2,1 млн долларға келісімшартқа қол қойды. Бұл ретте Өзбекстан азаматтары 60 жыл бұрын қолданысқа берілген ескі вагондарды пайдалануға шағымдар түсіріп жатқанын жергілікті БАҚ көздерінен байқауға болады. Алайда медиа деректері бойынша 2009 жылдан бастап жолаушылар паркін дамытуға Өзбекстан 82 млн АҚШ долларын салған, соның ішінде 27 млн АҚШ доллары 203 вагонды жөндеуге және 55 млн АҚШ долларын испанлық Talgo компаниясы өндірген 47 вагонды сатып алуға жұмсаған.

Бүгінде Өзбекстан жолаушылар тасымалында ірі қалалар – Ташкент, Самарқанд, Бұхара, Қарши, Науаиді байланыстарын ұзындығы 741 км жоғары жылдамыдықты темріжолдың қолданысқа берілуі – айтарлықтай ілгерілеу саналады. Онда жергілікті модификацияны ескере отырып, Talgo испан

компаниясында шығарылған «Афросиаб» атауымен ауыспалы тоққа негізделген жоғары жылдамдықты 4 электр пойызы жүйткиді. Көрші елдің осындай сәтті тәжірибесі әлеуметтік желі қолданушылар тарапынан қазақстандық теміржолшыларға үлгі ретінде айтылып жүр.

Ферғана даласын кесіп өткенде Тәжікстанның теміржол арқылы жолаушылар тасымалы баяу дамып жатқаны байқалады, әсіресе Өзбекстанмен байланысты учаскелердің бір бөлігі ажыратылған. Ұзақ жылдар бойы осы желіге ескі кеңестік вагондар қызмет көрсеткен. 2012-2013 жылдары Крюков вагон жасау зауытынан 100 вагон сатып алынды. 2016 жылы «Тәжік теміржолы» Эстониядан жаңа жолаушылар пойызын сатып алды. 2020 жылы Тәжікстанның РФ-тағы өкілдігі «Трансмашхолдинг» компаниясының Тверь вагон жасау зауытынан жолаушылар вагондарын сатып алуды жоспарлағанын мәлімдеген. Алайда, Тәжікстан елінде бұл мақсатқа қаражат жеткіліксіз болғанға ұқсайды.

Қырғызстанда теміржол желісі бытыраңқы, жолаушылар тасымалы аз, негізінен Ресей маршруттарына байланысқан, қалааралық шағын бағыттар бар. Ішкі желі ескі кеңестік кезеңнен қалған вагондармен қамтылған, оның бір бөлігі баяғыда неміс зауытында құрастырылған, қазір бұл зауытытң іргесі де жоқ. Ескі вагондарға қосалқы бөлшек тапшы, осындай вагондардың қолданыс мерзімі 30 жылдан асып кеткен дейді саладағы қырғыз мамандары.

Түрікменстан жабық ел болғандықтан бұл елдің жолаушылар вагондарына қатысты ақпарат аз. Дегенмен, Түрікместан темір жолдарының ресми сайтындағы фотосуреттерге сүйеніп, онда да ескі кеңестік вагондар қолданылатынын аңғаруға болады, тозығы жеткендерін Өзбекстанға жөндеуге жөнелтеді. Бұл елде жолаушыларға арналған составтың бір бөлігі Тянь-Шань және Сыфан вагон құрылыс зауыттарынан (ҚХР) бірнеше жүздік вагон сатып алынған.

Еуропаға кавказдық бағыт

Каспий айдынымен вагондарды тасымалдайтын паром арқылы арғы бетке өтсе, онда жолаушылар тасымалының басқа нарығымен танысуға болады. Мысалға Әзірбайжанда жолаушыларға арналған қозғалмалы составты соңғы жылдары Швейцария мен Белурасьта құрастырылған Stadler вагондарын сатып алу арқылы жаңартып жатыр.

 

2014 жылы Әзірбайжан теміржолдары (Azerbaijan Demir Yollari) швейцариялық компаниядан ысырмалы табанды 30 жатын вагон сатып алған, бұл вагондар Баку-Тбилиси маршрутына, кейін 2017 жылы салынған теміржолмен түріктің Карс өңіріне дейін бағытқа қолданылуда.

 Алуа Артық