Телевизия маманы, журналист Айнұр Қалдарбекова Қазақстан ұлттық арнасының ұсақталып бара жатқанын айтты.

“Бүгін таңертеңгісін әдеттегідей балаларды мектеп, балабақшаларына апарып тастап кеп, үйреншікті ұлттық арнамызды қосып қойдық. Болып жатқан – ” Таңшолпан Бағдарламасы”! Астанадан тікелей эфир жүріп жатыр. Кезек Алматы студиясына берілді. Жұлдызды жаңалықтар айдары болса керек, журналист соңғы жаңалықтардан хабар беріп жатыр.
Гүлнұрдың бауырсақ пісіргені және оның “тың” идея екенін айтып келіп, әңгімені Тұрсынбектің Мөлдірімен өрбітті.

Шай дайындалып жүріп, бас жағын естімей қаппын (қап!), қысқаша былай: “… өте танымал адам ауыз толтырып айтатындай қомақты ақша алды да, сонысын мойындамай жүр…. керек болса, алдағы уақытта аты-жөнін толық айтамын сіздерге”, – деді.

Оразымбетованың тікелей эфирге тікелей қатысы барын білгендіктен, оның “бауырсағын жеп қойдық”. Ал,мынау не? Қашаннан бері біреудің біреуге аласы-бересі, қарызы мемлекеттік маңызды мәселеге айналған? Елдің ішкі не сыртқы қарызы ма еді ол??? Әлде тв арқылы көрсеткен дөң-айбаты ма? Иә, түсінем, шенеунікке тісі батпай, іші ашып , былай айтқанда “обидно” боп жүрген шығар… Бірақ қалай болған күнде де Ұлттық арна екеуара мәселеге эфир уақытын беретін жекеменшік коммерциялық арна емес еді ғой.
Басшылық қайда қарап отыр?

Әлде мен тв тілін түсінуден қалғам ба?

“Құрдас, қызды-қыздымен ауыздан шыққан сөз шығар. Тікелей эфирде ондай-ондай болады… Тәжірибелі телевизия маманы есебінде өзің де жақсы білесің”, – деп журналист Ержанар Әшейхан жазбаға пікір қалдырды.

“Мәселе сол тікелей эфирге кеп айтқан жоқ қой. Ал мұнда алдын ала түсіріліп, монтаждалып, тексеріліп, тиісті адамдардың рұқсаты (тв-ның ішкі кухнясын менен жақсы білесің ғой) мен қолы қойылып кететін дүние боп тұрған соң шыр-пырым шығып жатқаны”, – деп жауап берді Айнұр Қалдарбекова.

Дереккөз: Stan.kz