Елімізде сиыр етінің бағасы тоқтаусыз өсіп жатыр. Қазір ол жылқы етінен әлдеқайда қымбат. Бұрын керісінше болатын. Мұның басты себебі — сиыр етінің жаппай шетелге экспортталуы дейді мәжілісмендер.
 
Магеррам Магеррамов, Мәжіліс депутаты:
 
— Сиыр етінің осындай үлкен көлемінде экспортталуына байланысты елде бұл өнімнің саны айтарлықтай азайды. Тиісінше, өндірушілер, содан кейін нарықтар бағаны көтере бастады. Қазақстанда жылқы еті әрқашан сиыр етінен қымбат болатын.
 
Депутаттың пікірінше, Үкімет ет экспортын арттыру мақсатында шекараларды ашқанымен, ішкі нарықтағы өнім тапшылығының алдын алмаған. Соның салдарын қазір базар сөрелерінен көруге болады.
 
Енді Магеррамов мемлекеттік қаражатты мал басын көбейту мен мал сою алаңдарын салуға бағыттап, мемлекеттік сатып алу порталында сиыр етінің бағасын тұрақтандыру үшін жылқы етін де тізімге қосуды ұсынып отыр.
 
Ақпараттық дереккөз: КТК телеарнасы