Əңгіме Нұрсұлтан Біләл Жанатұлына арналады
Бұрын: Əн мен үн. Екеуі де жүрек төріндегі құндылықтар. Екеуі де бір жүректің үміт шырағына айнала алады. Сол ойды бүкіл жұртқа əйгілеген -Анастасия. Ата-анасы көк өрім шағында қайтып кеткен. Жалғанда тек жалғыз жанашыры - Эфтелия əжей ғана. Грек жерінен өткен ғасырдың соңында Жезді өлкеге табан тіреген.
Содан бері сол өлкеде өмір кешуде. Анастасия - Эфтелия əжейдің жалғыз қызы – Аннадан туған жиені. Туғаннан қос жанары көрмейді, тілі сөйлеуге келмейді. Анна қызының жан дертіне қайғырам деп бауыр дертіне шалдығып, өмірден өтті.
Анасына: "мына сорлы қызым сізге аманат, шешей!!! Мен жоқ болғанмен, сіз барсыз. Енді осы қызымды аяқтан тұрғызуыңызды өтінемін. Əкесі - Сергей келмейді. Ол қызы туғанда-ақ бас тартқан. Мен сізге өтірік айттым. Ол - тірі. Настям екеумізді бір күнде Мəскеудегі үйден қуып шыққан.
Грек халқының бір аңызы көңілге құйылып, тіл ұшында тұрғаны-ай.
Сіз айтушы едіңіз ғой. "Құмарлық" деген аңызды. Сол құмарлық менің де тағдырымның тас талқанын шығарды. Шеше, көзсіз сүйдім. Сергей мені мəңгі сүйетін болар дедім. Олай болмады. Екі ортада қоңыр қозым сорлады.
Сіз мені кешірмесеңіз де қызымды аяқтан тұрғызыңызшы!!! Келін тойын жасап ұзатып, құтты ұясына қонғанша, аты өшкір дертінен айыққанша, жанынан табыларсыз, асылым!!!"
Сол кезде Эфтелия əжей өзіне өмір тағы бір жүк артқанын түсініп, Аннаны құшақтап жылай берді. Анна сол қалпы дертінен оңалмады. Анастасияның бар күтіміне Эфтелия əжесі жауапкер болды.
Сол сəттен тағдыры тәлкекке түскен қанаты сынық балапанның бар қиындығы - қарт əжейдің мойнына түсті. Тағдыр дауылдарының алдында екі қауһарсыз жан тұрды.
***
Бүгін:
Настя əжесінің бұл қылығын түсіне алмады. Əжем кім жайлы айтып жатыр, ол жақтан көшкелі он жылдан астам уақыт өтті. Əжесінің бұл қуанышының себебін түсіне алмаған қалпы сөйлеп тұрған теледидарға құлақ тосты.
Кенет "Əже, мына жігіт пе?! Бұл кім? Маған не қатысы бар? Түк түсінбедім?" деп əжесіне сұраулы жүзбен қараған. Əжесі жауап берудің орнына естімеген кейіп танытты.
Анастасия əжеден жауап болмаған соң үнсіз теледидардағы дауыстың иесі кім екенін іздеуге кірісті.
Кім? Зағиптар жиі қоятын сауал. Анастасияда іштегі сезімді айта алатын тілде жоқ. Қытайлар айтады екен. "Құм дауыс шығармаса, құмнан қадір кеткені. Теңіз, шіркін, туламаса, шағала мұң шертеді. Адам сөйлей алмаса, жан-жүректің мəңгі дерт емгені " деп.
***
Бүгін: Қытай даналығына көз салсаң, "бəрін ұмытасың, тек жүректегі жанды емес"- деген сөзі алдыңнан шығады. Анығы солай. Бəрін ұмытуға болады көз көрген, құлақ естігенді. Тек - жүрекке жазылған жазу өшпейді. Уақыт, шіркінді, қойсаңшы?! Желдей зулап, Жезді өлкеден де жырақтатып, біраз дүниені санадан шаңдай сүртіп тастады. Ия, Анастасияның ол жақта балалығы қалды. Балалық!!! Балалық деген қар сияқты. Жадыңа түссе, қардай жүрегің еріп, жанарың жіпсіп қоя береді. Балалық жайлы ойланғаны сол еді. Дауыста бір жақындықты аңғарды. Жақындық бар. Бұл дауыс - Аннушка деп еркелететін жалғыз адамның дауысы ма?! Анастасия жанарынан жасы сорғалап, əжесіне қарады. Əжесі бағанадан бері байқап отырса керек. "Настя, қоңыр қозым!!! Есіңе түсті ме? Жылама, иә. Үнін тыңда деп оятқаным бекер емес. Ол үннің иесі - Нұрсұлтан!!! Сұлтан деуші едік қой. Кішкентай ғана бала еді. Ат жалын тартып мінетін азамат болыпты"- дей бергені сол еді. Есіктің қоңырауы басылды. Настяның тарам-тарам боп тамған көз жасын асығыс бет орамалымен сүртіп, есікке қарай беттеді. Настяның құлақ түбіне бұдан он жыл бұрынғы Сұлтанның "Аннушка"деген дауысы қайта естілгендей болды.
Кеше: Қараңғылық - шарасыздық. Жарық дүниенің сұлулығына көз суғара алмау, табан жолыңды анық көре алмак - қасіреттің үлкені. Сол қасіретпен күн кешуге көндігу - азап. Настя - жарық дүниені туғалы көрмеген. Ол үшін
жарық деген сын есім түсінігінде жоқ. Жұрттың айтуынша, ол зағип екен. Ол тек өзі еркін жүргісі келетін. Өз киімін өзі түзеп, алдына қойған асты көріп, өз қолымен жегісі келетін. Бір ғана түс бар ол үшін ол - қою қара түс. Қара түстен жаны жылайтын. Ылғи біреудің жетектеуімен жүруден қиналатын. Түрік халқында, "жұбанышың - үміт болсын" деген тілекті сөздің мəнін ол ерте түсінген. Ғазиз балалығында ғәріптіктің не екенін ұғу - адамды ерте есейтеді. Настя үш жасынан бастап өзінің жайын аздап түйсіне бастады. Эфтелия əжей үнсіз ғана жанарынан немересінің жайына тамшы үзетінін əже үнінен аңғаратын.
Кеше: Немістерде бір мақалы бар. "Көңілді зынданға сала алмассың" деген. Рас. Көңілдің өз көзі бар. Көңіл көзі - тек өзі қалағанды ғана көреді. Настя да солай. Бүгін таңнан бері əжесінің етегіне оратылып, қасынан екі елі қалар емес. Əжесін көршілер қонаққа шақырған. Онда немересін арқалай барғаны ұят. Күндіз түсте бір мезгіл ұйықтаушы еді. Бүгін ұйықтаса, бір сəтке кіріп шықпақ-тын. Көргенді жандардың көзі сөйлейді, көзі сөйлемесе өзі сөйлейді дегеннің растығына Эфтелия əжейдің көзі анық жеткен. Көршілердің пейілі мен адамдығына əркез разы болып келеді. Осы Настяның хəлі нашарлаған мезеттер – көрші-қолаң көмекке құстай ұшып жетеді. Өз туғандарындай жан ұшырады. Сондай бір ісімен туғанға айналған, адамдығы мен адалдығы – азамат асқақ деген атқа лайық жан, өзегінде адамдық махаббат лаулаған жігіт – Жанат болатын. Жанаттың жан əлемінің тұнықтығын, ғазиз жүрегінің жақсылық деп соғатынын алғаш танысқан да-ақ куə болған. Ол кез əлі күнге санасынан өшпейді. Бұл өлкеге алғаш келген күннің ертеңінде-ақ, бала болса да жатсынбай сəлемдесіп, жүрегінің көктем екендігінен хабар бергенін Эфтелия қалай ұмытсын.
Бүгін: Эфтелия əжей қалың ой кешіп отыр. Эфирден сөйлеп отырған жігітке қарап, "Ах, не деген бала?! Құдды, əкесінің жас шағы"деп күбірлеп қойды. Өз күбірінен өзі шошынғандай кенет ауыр үнсіздікке жұтылып бара жатты. Бұдан қырық жыл бұрынғы естелік. Жанаттың бозбала шағы. Айнымаған. Үнінен үркек үміттері қылаң беретін. Кəрістер, "үннің тазалығы – жүректің тазалығы" деп тегін айтпаса керек. Расында да, Жанаттың болмысының биязылығы мен салиқалылығын, тектілігін – Нұрсұлтан сəби жүрегімен қабылдағаны бір көрген жанды таң қалдыратыны жадына оралды. Кенет, ауыр бір оқиғаның басы шалынды.
Кеше: Қаңтардың қақаған суығы. Аяздың беті қайтар деген үміт те сөнген. Эфтелия əжейдің жылусыз үйде Настясын қабат-қабат қалың көрпемен
қымтап, əлсін-əлсін бетін сыйпап, қатты-қатты құшақтап жылытуға талпынған шарасыз хəлі... Кенет есіктің қоңырауы қағылды.
«Жолымды тосса да мың қырсық,
Жанымның жарасы аршылған».
Грек халқының халық əнінен.
Кеше: Эфтелия əжей ол жылды ұмыта алмайды. Ол жылдары елдің еңсесін жоқшылық езген шақ. Қызы бақиға аттанғалы үйден қарға адым аттап шыға алмай қалған. Азық-түлік баяғыда таусылған. Кəріс халқы, "жоқтық жалқы жүрмейді. Бірінші тұз таусылады, сосын шекер, сосын қаптағы ұн"деген сөздері неткен шынайы сөз еді. Міне, Эфтелия əжейдің кіп-кішкентай сəбиге күнде ботқа жасап беріп жүрген сұлы жармасы да бітуге таяу. Қаптың түбі көрініп қалғалы қашан. Айлық жоқ. Алтындарын сатып, өткен айда екі қап ұн алған еді. Арқаның азынаған аязы отынды да шақ келтірмей барады. Настяда сəт сайын суықтап, ыстығы көтеріліп, əбден аурудан қалжырап бітті.
Кеше: Есіктің алдында Жанат тұр екен. Оның ылғи күлімдеп тұрар жанарынан мейрімділік ұшқыны шашырап, жылы үнмен тіл қатты. Хəл сұрады. Қаңтардың күнінде жылусыз үйде тұрып жатқан көршілерін өз шаңырағына шақыра келіпті. Эфтелия барғысы келмеген кейпін есіктен ене байқаған Жанат Настяны құшағына алып, "жүріңіз, жүріңіз, сіздерді Сəуле күтіп отыр. Сұлтан да бөпемен ойнап, бір шат болатын болды"деп қояр емес.
Көршісінің ақ жүрегі – «жоқ» деген жауапты қабылдай қоюы екіталай. "Жақсының жүрегі-жақсы жүрекке жар"деген мақалға Эфтелия сол күні еріксіз сенді. Сəуле де көршілерін көре сала, "əжей, амансыз ба? "деп құшақтап, төрге қабат-қабат көрпе салып, отағасы екеуінің көршілерін қонақ етуді баяғыдан ойлап жүргенін де жеткізді. Көршілердің бұлай аяқ астынан қонақ болып келуі - бəрінен бұрын сəби көңілді шаттандырды. Сұлтан шаттанды. Сол қонақ бола барған тұста, Эфтелия қасы қап-қалың, көзі - теңіздей тұп-тұнық төрт жасар сəбидің алғаш басынан сыйпап, бетінен өпкен еді. Нұрсұлтанның санасында қалмағанмен Эфтелия əжей ұмытқан емес.
***
Уақыт - бір сағыныштың ғана суреті...
Сұлтан Ахмет.
Кеше:
Бір үйдегі екі жан. Эфтелия мен Настя екеуі де бір ойда жүр. Эфтелия бала Нұрсұлтанды есіне алып жүрсе, Настя Нұрсұлтанмен соңғы көріскен шағын есіне алған. Қыркүйекке бір апта ғана қалған уақыт болатын. Нұрсұлтан сол бала шағынан Настяның əр таң сайын хəлін сұрауға келетін. Сол бір қақаған қыста бір шаңырақтың астында, бір ошақтың жылуына жылынған жан болған соң болар. Ыстық ықыласпен, қарындасындай бауырына басатын. Кейде, дерті жанын əбден қалжыратып, денесі от болып жанып жатқан шақтарда мезгілдің кешіне, ертесіне қарамай əлсін-əлсін Настяның жайын білетін.
Қыркүйек жақындаған сайын Нұрсұлтан үнемі бір нəрсені айтуға талпынатын. Іштей айтуға оқталып, жылы жымиыспен жауып жіберетін. Настяның жаны құлазымасын деген ағалық ниет жеңіп кете беретіні сонша сол сəт –шарасыздықтың жүрекке ең үлкен ауырлық екенін Нұрсұлтан қатты ұғынған-ды. Настяның көгілдір тұнық жанарына қараған сайын жанынан жыраққа аттанатынын, арман қуып жолға шығатынын айтуға тосыла беретін-ді. Жиырма сегізінші тамыз. Таңғы тоғыздан өте Нұрсұлтан Настяның қасында отырған. Кенет, "Сұлтан, сіз маған не айта алмай жүрсіз?" деген ол... Сұлтан сөйлеуге оқтала берген де, "мен сізді ұмытпаймын, сіз де мені ұмытпассыз» деді.
Бүгін.
«Сұлтан, сіз мені ұмытып та қалған боларсыз?! Есіңізде ме, Жезді өлкеде əр таңда терезені ашып тастап, сіздің салған əнді ұрлана тыңдаушы едім ғой. Сіз маған ылғи таң қалатынсыз. Сезетінмін. Байқасаңыз, жылы жымиып, дəл мен тұрған терезенің тұсына келіп, сəлем, Аннушка дейтінсіз. Мен ұяңдығымнан болар, бірден терезені жауып қоятынмын. Сол сəтте, асығыс болмасаңыз үйге еніп, хəлімді сұрайтын едіңіз. Əніңізді сағындым!!! Кейде, біреу маған "Аннушка" деп атағандай болады». Бұл -Настяның күнделігіне брайльмен түзген жазбасы болатын. Расында, Сұлтан да кейде -кейде Настяның бүгінгі жəйін ойланып қалатыны бар еді....
***
Кеше: «Тымпи Настя». Көрші-қолаң, бір көрген жұртқа дейін солай атайтын.
Настяның үнсіздігін жалпақ жұрт ұқпайтын, оның үнсіздігі - сабырының беріктігі еді. Ылғи терезе алдында отыратын қызға ешкім назар да салмайтын.
Сұлтанның Алматыға аттанатынын кездейсоқ терезе алдынан өтіп бара жатқандардың əңгімесінен білген. Алғашында, жалғыз сырлас хəм сыйлас досының арман сапарына аттанатынына сенбеген. Қимаған. «Аннушка» деп еркелететін жалғыз жанның өзінен жырақтарын қаламаған. Амал жоқ, ешкімді арман сапарынан қалдыра алмайды. Нұрсұлтанның жолы - арман мен қиял бір арнада тоғысқан дара жол болуы тиіс.
Ал, Настя қыздың арманы - жазушы болу. Өмір қызық, тірі пенде алға арманын жалау қып талпына беруі керек екен. Алғаш жазған өлеңі əлі есінде. Тоғызыншы сыныпта оқитын. Үйге оқытушы мұғалім келіп, əдебиет пəнінен бір шумақ өлең жаздырған. Ойланып, ой кешіп, бір қатар өлең тізген. Ол өлеңнің кейіпкері де - Нұрсұлтан болатын. «Үніңнен қуат сезіне, сəтім аз қалған дертке жеңіле. Шырағын үміттің үрлейсіз, ұшырып арманның зеңгір көгіне». Осы өлеңді Нұрсұлтанға оқып бергенінше тағат таппаған. Əншейінде, уақыт шіркін зулайтын еді. Сол күні кеш батып, қараңғы түсіп, Нұрсұлтан Настяның шаңырағына хəл сұрап келгенше, Настяның төзімі əбден-ақ түгесілген-ді. Күте-күте көзі талған-ды. Сол кеште, Нұрсұлтан өзінің алғаш өлең кейіпкері болғанын біліп, грекше рақмет айтқан.
Бүгін: Настя таңға дейін көз ілмеді. Балалық шақтың əр минуты мен секундына дейін Нұрсұлтанмен байланысты болыпты. Алғаш мектепке барып, үйге ұстаз келген күні де Нұрсұлтан бетінен сүйіп, «Аннушка, ақылды бол» деген -ді. Бүлдіршін кезден бойжеткен кезге дейін бір жанның қолдауын сезіпті-ау.
***
Тағдырдың ащы таяғы тигенде, саялар жан табылсын қасыңнан. Табылмаса, мəнсіздік өмір атты жазыңнан.
Сұлтан Ахмет.
Кеше: Нұрсұлтан ылғи көктем шықса, Настяны үй маңындағы саябаққа қолынан жетектеп алып баратын. Настяның көгілдір көзінен сыр оқуға талпынатындай көрінетін. Настяға күлкілі əңгімелер айтып, барынша көңілін аулағысы келетін. «Аннушка, саған бір қызық айтсам, күлемін деп уəде бер» дейтін. Бірде, Нұрсұлтан сол саябақта бір өлмес өнегелі хикаят айтып берген. «Адам жанарына сезім жырлары тізіледі екен. Ол тізілген жыр – жүрек сөзі екен. Жаныңның кəусар сағынышын сол жанарға жазылған жазу жеткізеді» дей бергенін де, «Сұлтан менің жанарымдағы жазуды оқи аласыз ба?» дегендей сұраулы жүзбен жүзіне назар салған. Нұрсұлтан бірер сəт үнсіздікке ұйып барып, былай деген. «Аннушка, сендегі жанар – тұп-тұнық теңіз
тəрізді. Қараған сайын мөлдірлігі таң қалдырады. Саған бақыт бір күні бұйыратынына сенем» деген. Настя «Əмин!» деп іштей тілеген.
Бүгін: Нұрсұлтан Алматыда жүрген кезінде Настя жайлы көп толғанған. Қалың көпшіліктің арасында Настя жүргендей əсер беретін сəттерді жиі өткерген. Астанаға келгелі, Настяға деген жүрегіндегі бір сағыныш үдей түскен. Жақында ғана, «Қазмедиа» концерт залында «Жан жылуы» атты кеш өткен. Сол кеште Анастасия Сергей деген қыздың өлеңі оқылған еді. Нұрсұлтан бірден білді. Ол – Аннушкасы. Өлеңін оқыған қыздан Настяның жырын сұрап алды. Өлеңнің аты – «Сағыныш еліндегі сұлтан». Настя шынымен ұмытпапты. Əр күні ақшам уақытын өткеріп, үйіне қоңырау шалған сайын анасынан Настяның Астанада қайда тұратын сұрайтын еді.
***
Іздеуден аңсау туатын,
Өмірдің заңы шығар.
Арманды ұзақ қуатын,
Адамның бағы шығар.
Сұлтан Ахмет
Кеше: Настяның мектеп бітіруіне аз уақыт қалған. Сəуір келгелі Настяның көңілінде бір мұң қонақтаған. Настя əн салғанды ұнатқанымен би билеуге көңілі құлшынған емес. Əнді де тек көңілінің хошы келген кезде ғана айтатын. Ұстаздары қанша қиыла өтінсе де, Настя билегісі келмейтін қадап тұрып айтқан. Тəжік халқында бір сөз бар. "Зəрулік аяқ астында" деген. Сол сəуірдің ішінде Настяның басында дəріге зəрулік туған. Дəрісіз күні қараң. Жезқазғанның дəріханаларынан дəрісі табылмаған. Қарағандыға Эфтелия əжей Настяның дəрісіне бола жол жүріп, Настя Жанат ағасы мен Сəуле апасының қасында қалған. Адамдықтың парқын ұғатын жандарға сенімнің сенің ырқыңсыз артылатыны бар. Эфтелия əжейдің бар сенгені - Сəуле мен Жанат. Екеуі де сол бір қаңтардың аязы қысқан күнінен Настяға өз қызындай қарап, ықыластарын аямай төгіп келеді. Мүгедек жанға қарау – мейірімді жүректің ғана ісі. Эфтелия əжей жолға əзірленіп, Настяға аналық ақылын айтып, құшырлана бір сүйді. Настяның біраз күн қонақ болатынын естіген Жанаттың отбасы кəдімгідей əбігерленіп қалған. Настя келеді дегеннен Ақтоты мен Малика ес асу қамына кіріскен. Настяның Сұлтан жанынан сəл ұзап кетсе, тоқтамай жылайтынын Малика есіне алып, Сұлтансыз бабын таба алмайтынын да айтып қалған. Жанат ағасының шаңырағына ене сала Ақтоты
əпкесі құшақтай алған. Малика дастархан қамымен жүрсе керек, Настяның келгенін ести сала есіктің алдына жеткен. Бетінен сүйе, "жаным, бойжеткен боп қапты ғой. Кеше Сұлтаннан кішкентай бөпе еді. Анамыздың құшағында өскен қыз " дегенде, анасына жылы жымиыспен қараған. Настя есіктен ене бір жанды іздей берген. Сəуле апасы да Настяның кімді іздейтінін бірден біліп, "Нұқай үйде жоқ, жаным, сүт кенжемнің эфирі бар екен. Сенің келетініңді айттым, сұлу ханшам" деп Настяның бетінен сүйген. Адамға ілтифат - бұл шаңырақтың ең басты құндылығы. Сəуле барлық ұл-қызына адамды құрметтеу - өзін құрметтеу екенін ұқтырған, саналарына сіңірген. Сəуленің өмір танымы - Нұрсұлтанның жүрегіне мейірім дəнін еккен. Сол дəнек - дараққа айналған. Көгерген, көктеген. Нұрсұлтан күнде жұмыстан келе сала, Настяны іздейтінін отбасы баяғыдан біледі. Сұлтан - бала көңілмен үйіне келген қонаққа бала кезіндегідей қуанған. "Аннушкам, сені күнде көруге баратын едім. Сен мені көруге келдің бе?! Мен бара-бара шаршап едім. Ақылдым, ай күнім, Аннушкам"деп күлімдей есіктен енген. Кешкі аста Сұлтан бір жағымды жаңалықпен бөлісті. Настяның мектеп бітіру кешін жүргізеді екен. Сол кешті жүргізген соң... Настямен бір вальс билегісі келетін де жеткізген. Настя - аң-таң. Би – мектеп бітіру кешіндегі соңғы вальс. Билеуге құлықсыз. Бірақ, Нұрсұлтан айтқанын орындамай қоймайтын жан.
Нұрсұлтанның бұл əрекетін дастархан басындағылардың бəрі қолдаған. Сəуле сүйсінген. Малика əзілмен қызартқан. Ағалары болса, інісінің өнегелі ісіне таңданған.
Мүгедек қызбен би билеу - оның үмітін музыкамен тербету. Нұрсұлтанның қалауы - жан əлеміне бір сенім ұялату. Барша жас адамға ойнап хəм күлмек керек, шаттанбақ керек. Настя сол мектеп бітіру кешінде билемесе, оған ешқашан қайта билеу мүмкіндігі тумауы мүмкін. Настя қанша мойындамағанымен, бір шындық бар. Жұрттың вальс биі жайлы əңгімелерінің əсерінен болар, талай түн вальс билегенін түсінде көріп шыққан. Əрбір бойжеткен қыздың арманы – лайықты жанмен бір рет болса да би билеу. Бұны ұғынатын жігіттер қауымы өте аз.
***
Сағыныш еліндегі сұлтан
Настяның жыры
Күлуге кейде, ырықсыз кеуде.
Жаңылар, жылар,
Жүректі пенде.
Сағынып көрдім,
Сағынып сөндім.
Жазымышқа ғана,
Жасымай көндім.
Сағыныш елінде,
Мұң бар тегінде.
Орын бар расы,
Алау от сезімге.
Сағыныш елінде,
Қыс, күз тегінде.
Сағыныш – сыйқыр,
Көрінбес көзіңе.
Сағыныш елінде,
Күлкі жоқ езуде...
Сіз қайта келесіз,
Сағыныш еліне...
Бүгін: Нұрсұлтан күндіз күйбең тірлікпен жүріп, Настя жайлы ой кешпейді. Дəл ұйқыға енер шағында ғана. Кешегі балалығының тəтті сағынышы көңілін қытықтайды. Анастасияның əрбір айтқан сөзі санасында сайрап, көгілдір аспан түстес жанарын неге жиі есіне алады?! Мүмкін, қазір жанарына сəуле дарып, əлемді өзі көріп жүр ме екен? Жезқазғандағы туған үйінен арман қуып жолға кеткелі де біраз уақыт өтіпті-ау... Қиналған болар... Нұрсұлтанның ұйқысыраған көздерінен осы ойлар бір сəтте-ақ ұйқыны қуып шығатын.
Түнгі сағат төрт пен бестің арасында ғана əзер ұйқыға бас қоятын. Ой - жүк екен. Арқалаған азабын көреді екен.
Ұйқыдан оянып, таңғы асын ішкен соң... Қаншама, қыздардың көңіл сөздерін елемей жүр. Елейтін де уақыт келетін болар?! Əуелі, Анастасияны тауып, өз
уəдесін орындауы керек. Сенім - бір реттік. Сол сенімнен сарқылмас сезім пайда болады. Сенімге қарашығындай қарауды, сөзді жұтпауды əке-ағаларынан үйренген. Ол – болмыс. Уəдеден тайып, болмысына қарсы келе алмасы аян. Арманшыл досы бір рет қана арманын күлімдей отырып айта алған: "Сұлтан, кенет жанарым көрер болса, əжемнен кейін сізді көргім келеді!!!" Нұрсұлтанның жан жүрегі езіліп кете жаздаған. Арманына жеткен сəтінде, қиындыққа кезіккен сəтінде, қасынан табылам деген. Табылуға тиіс. Өмір жолында тауын шағып, сенімінің күл паршасын шығарғандар аз кездеспеді. Достың сатқындығына сынбады. Нұрсұлтан ылғи оймен өмір сүретін еді. "Бірге ас ішкен адам – астан аттап, аярлық жасамас" деген оймен. Қателесіпті. Жылтырап жүріп, жан достық деп жүріп жалған достармен де ғұмыр жолы түйісіпті. Нұрсұлтан жан қиналыстарындағы жалғыз шарасы – үнсіз қалу. Жақ ашпайтын. Жақсы адамдар жайлы ойлануға, арман көгіне қанат қағуға бір қадам қалғанын ішінен айтып, бəрін ұмытуға тырысатын. Бірақ, ылғи Анастасияны ойына алатын, сағынатын. Нұрсұлтанның Анастасияны сағынуы – адам бойынан бір түйір шынайылықты іздеуі еді.
Нұрсұлтан кешегі "Жан жылуы" концертінде оқылған өлеңді қолына алып, "Ах, Аннушка, ақын боп кеткен екенсің-ау?! Қайдасың?! Сағынып жүргеніңді өлеңіңде де жазыпсың. Саған берген уəдем – уəде!" деген сөздерді ішінен күбірлей сөйледі де анасына қоңырау соқты. Сəуле де ұлының ой құшағында жүргенін аңғарса керек. "Балам, адамның құны кеміген, кеудемсоқтар, кердеңбайлар мен деген кезде де сен өзгерме. Сенің тілеуіңді біз ғана емес, Аннушкаң да тілеп жүр.
Ол қайда болмасын саған - тілекші. Тағдыры ерек жандардың тілегі мен арманы - сау жандардың арман-тілегінен тұнық, таза болады. Ұмытпа, оларға жалған сөз айтпа. Оларға жылы көзқарастан танба. Сезімді азсынбай, қолыңдағы дүниеге қызықпай, жүрегінің төріне қонақтасаң, ешбір жел сөз қуа алмайды. Олар – дүние дүрмекпен жақсылықты ұмытпайды" деген сөзді қадап-қадап айтты. Нұрсұлтан біраз уақыттан бері мүгедектер үйі мен балалар үйіне баруды сиреткен. Күнделікті жұмыстан қолы қалт етер емес. Анасы бұлай тегінен-тегін айтып отырған жоқ. Жиі тағдырлы жандарды көзімен көріп, адамдығын жоймай, азамат атын сақтаса деген – аналық тілек болатын.
***
Біреу айды аңсар, біреу күнді аңсар, солай-солай бос шаршар. Сұлтан Ахмет. Кеше: Жібек. Бұл қыз - Нұрсұлтанға балабақшаға барып жүрген кезінен ғашық болатын. Настядан екі жас үлкен. Нұрсұлтанның қасынан бөгде
біреуді көрсе, танысқанша жаны қалмайтын. Танысуға үлгермесе, өз-өзінен ашуға мінетін. Настя ол үшін - ең бір жексұрын адам. Нұрсұлтанның жетегінде жүріп, күнде саябақты аралағанын іштей қызғанатын. Егер, кездейсоқ кездесіп қалса, қастарынан шықпайтын. Жібектің сезімін Нұрсұлтан аңғарғысы, байқағысы келмейтін.
Сезіміне берер жауабы болмағасын үнсіз қалғысы келетін. Ал, Жібек үнсіздіктің себебін басқалардан іздейтін. Жүректің сөзін жасырып, сезімнің бағасын асыра алмайсың. Айтылуы тиіс нəрсе болса, көп кешікпей айтылуы керек. Жауап болмаса, жүрек өзінің келесі əрекетін өзі біледі. Настя алғаш сезім машақатын тартқан жанды көрді. Ол – Жібек. Тек, Настяны өзінің бақталасы санап, себепсіз қызғанатынын түсінбейтін. Кейде, адамдардың қызғанышы – себепсіз қызғаныш. Көзсіз іштарлық - оның орнында мен неге болмадым деген ой. Себепсіз жек көру мен себепсіз кінəлау. Себепсіз емес-ау, кінəсіз кінəлау. Адамды мезі етеді, жалықтырады. Жібек – сезімін аңғартқан алғашқы күннен Настя мен Нұрсұлтанның арасын алшақтатуға барынша тырысты.
Сан түрлі айла мен өтірікке, арсыздық пен аярлыққа барды. Нұрсұлтанға Настяны жаман деп өз ырқына көндіре алмаған соң... Нұрсұлтан дəл екі айға іс сапармен кеткен сəтті пайдаланып, Настяға келіп, «Сұлтан, сенімен араласқысы келмейді, менен соны жеткізші, деп өтінді» деген. Соңғы іс сапарына шығарда расымен қоштаспай кеткен. Настя сенер-сенбесін білмей дал болды. Жібек кеткен соң əжесіне Сұлтанмен сөйлескісі келетінін айтқан. Əжесі терген. Қоңырау бармайды. Жібек Нұрсұлтанға байқатпай, ұялысындағы Настяны "қара тізімге" салып қойған еді. Сол күні кешке Жібек Нұрсұлтанға қоңырау шалып, Анастасияның Нұрсұлтан қоштаспағанға қатты өкпелі екенін жəне онымен бар байланысын үзуге шешім қабылдағанын айтты. Жібек өтірігінің іске асқанына риза. Сұлтан мəселенің мəнін дұрыс ұға алмады. Неге?! Мен қоштаспай кеткеніме ренжіп, қарындасымдай болған жан бəріне нүкте қояды. Нұрсұлтан көзбе-көз сөйлеспесе, бұның түйіні жөнді тарқатылмайтынын ұқты. Сосын қоңырау шалмады. Екі апта оймен арпалысқан Настя - Нұрсұлтан Жезқазғанға келгенде, Алматыдағы ғылыми орталық ауруханасына сырқаты асқынып, ауыр хəлде түскен екен.
Жібек - жазықсыз жанның үміт, сенімін отап тастады. Ойсыз əрекетімен бір жанның көз жасын төкті.
Бүгін: Настяны таңертең Жібек іздеп келген. Бар шындықты кібіртіктеп-кібіртіктеп жеткізген. Өтірігі үшін жылдар бойы өкінумен келіпті. Өкінгеннен не пайда?! Настяның сенімсіз күн кешкеніне бес жыл болды. Бес
жыл өтті. Өтірікпен аралары алшақтап, Настяның Нұрсұлтанды түсінбегеніне. Сол мектеп бітіру кешіндегі би билеген қуанышты екі апта өтпей-ақ, қайғы жауып кеткені қалай?!
Бір ғана сөз - сан жылдар бойғы ықыластың тас-талқанын шығарды. Нұрсұлтан бар жайды түсіндіре алмады, Настя сол оқиғадан кейін туған даласына қайта бара алмады. Нұрсұлтан Настяны іздеді. Таба алмады. Алматыға арман қуып алғаш аттанғанында тілекші боп, шығарып салған жан - Алматыға екінші рет аттанғанын шағында шығарып салмады.
***
Сезімнен жұрнақ қалмаса,
Бір сенім жаныңды арбаса,
Ойлан, ой кеш, сабыр қыл.
Сұлтан Ахмет
Кеше: Сол жалған сөздер санасын матаған сəттен Настяның көңілі бір сəт көтерілмей-ақ қойды. "Тымпи Настя" атанғалы қашан. Алайда, дəл бұлай үнсіздікке ұйып, үнсіздікке сенім мен үміті жұтылып көрмепті. Неге?! Мүгедек жандардан адамдар алшақ жүруге ұмтылады? Оның жауабын анық ешкім тауып, айта алмайды. Белгісіз дуал бар. Белгісіз шектеу бар. Белгісіз шекара бар. Грек халқының "Көктемдегі көкек" аңызын еріксіз санаңа түсіріп, тіліңе сөйлетеді. "Дертке шипа табылар, сананы сауықтыруға мүмкіндік жоқ". Жібек сияқтылар өте көп. Бүгінгі қоғамдағы бір шындық – себепсіз мүгедектерге үрке қарау. Настяны талай рет Нұрсұлтан жетектеп, дүкен мен мəдениет үйлеріне апарғанында, көбіне ешкім Настяның жанына отырмайтын. Кейде отырғанымен Настя жайлы айтып отыратын. Нұрсұлтаннан үнемі сұрайтын. "Неге адамдар менің жаныма отырмады" деп. Нұрсұлтан қанша ағалық көрсеткенімен, дəл осындай сəттерде жауап таба алмайтын. Іштей жауабын тапқанымен, айтуға тосылатын.
"Аннушка, сен ертеңге сен. Ғайыпта не болмайды?! Бəрі болады. Сенің есімің – жігерлі жанға қойылатын есім" дейтін. Настя – бір сəт болсын, Жібек айтқан жалғанға сенбеді. Бірақ, түсіне алмады. Алғашында, ештеңенің байыбына бару мүмкін болмады. Суық сөз бен суық жанардан қорғаштап баққан жанның олай айтуы мүмкін бе?... Əрине, мүмкін емес. Нұрсұлтан – тік мінезді, ол ешкімнің ойын мақұлдап, шешім қабылдамайды. Өз шешімдерін тек өз аузымен ғана айтады. Настя – осыған бек сенімді еді.
Дегенмен, бір нəрселер түсініксіз. Əлі бір ретте Нұрсұлтан қоңырау шалмады.
Нұрсұлтан қоңырау шалды. Эфтелия əжейдің ұялысы үнемі өшіп тұрды. Ақыры, Нұрсұлтан көріспей ештеңе өзгермейтініне көндігіп, Алматыға келді. Алайда, миллиондаған адамның арасынан табу оңай ма? Əрі өзге қалада өз мəселелері де қабаттасып кетті.
Бүгін: Шынайы ықыласты жылжыған жылдар көмескілендіре алмайды. Жүрегіңдегі пейіл жылдар көшінде сарқылып қалмайды. Қаншама реніш болсын, түсінбестік болсын... Ықылас өлмейді. Настя əр батқан кеш – Нұрсұлтанға хат жазатын. Баяғы күндердегідей сырласқысы келетін. Сенетін. Қанша жалған сөз санасына орала бергенімен, Нұрсұлтан бұлай айтпағанын жүрекпен сезетін. Қолынан ештеңе келмейді. Жазбасын жібергісі келеді. Оны оқи алмайды. Не істесе болады? "Хабар24" арнасынан үнін естігелі, үнін сағынғанын ұқты. Жанарынан қуаныш пен шарасыздық жасын сықты. Жыр тізді. Ал, Нұрсұлтан болса, ай бойы іздеп, ақыры Аннушкасын тапты. Жақын жексенбінің бірінде, баруды жоспарлап отыр. Алғаш болып, қуанышын анасымен бөліскен еді. Анасының айтқан сөзі: "Жүрегіңді сөйлет, Нұқай! Адамдығыңды таныт, сеніміне селкеу түсірме. Жүрегіңнің сөзін ғана айт, Нұрсұлтан" - деді. Ертең – ертегі күн Настя үшін. Тосын қуаныш сəті. Бір жанды қуанышқа бөлегенге не жетсін?!
Бірінші тараудың соңы