Адамды түлен түртем десе демде екен, құрып кеткір, Әңкөш азанымен «кесей, Тәңкіш екеуміз отырмыз» деп звондағаны. Бастары қосылса әлемнің мәселесін шешпейтінін білем, көмейім бүлк ете қалды да, «қаз барам» дедім. 
Айтылған соң болды да, көп кешікпей жеттім, барсам, екеуінің екі жағында екі әйел, шалқып отыр жарықтықтар. 
- Қыздар танысып қойыңдар. Мынау біздің служагымыз, - деді Әңкөш. Сраз түсіндім, екеуі біраз жерге барып қалған.

Әңкөш жазған ішіп алса лепіріп, қайдағы жоқ, қисынсыз өтірікті судай сапырады. Сапырғанда да көзін бақырайтып қойып, қасындағы кез келген адамды куә ғып жібереді да, «сенбесең сұрасай» деп табан астында басыңды изетіп тастайтыны бар. Демек, қазір де Тазша баланы дуана қып жіберетін өтірігін жіберіп жатыр деген сөз.
Қыздың ауылынан баяғыда алыстап кеткен екі сылқым қылымсып қолдарын ұсынды, аттарын айтты, мен де өзімдікін айтып жатырмын. Байқауымша төртеуінің танысқанына көп болмаған секілді. Шынында солай екен. Әңкөш пен Тәңкіш түнімен тойлап, азанымен бас жазуға сыраға кірген, көрші үстелде екі бикеш отырған, мыналар өздерінше жомарттық танытып қастарына шақырған, аналар келген, қысқасы осы.
Шынымды айтсам алдында екеуі де ұнаған жоқ еді, тек үш төрт бокал сырадан соң ғажап сұлулыққа ене бастағаны... 
Әңгімені Әңкөш айтып отыр да, қостап отырған Тәңкөш. Әңгіме болғанда да мен мен болғалы білмеген, естімеген, бірақ бір сұмдықтың күшімен үшеуміздің басымыздан өткен кілең бір қисынсыз оқиғалар. Обшым армия туралы айтып отырмыз, айтқанда да қияйы бірдеңелер, қақаған қыста барыппыз, дембілдер дей ма біреулер «анау-мынау» депті, біз оларға бағынбай қойғанбыз-а-а, сондай енді...
- Сонда қай жерде болғансыздар? – деген сұраққа Әңкөш жазған,
–Телевизордан көрген шығарсыңдар. Беттеріне қара масқа киіп, автоматы бар, берталеттен секіріп, секіріп түсетіндер бар ғой, сондайда служит еткенбіз, - деп албастының ойына келмейтін бірдемені шатпақтағаны. Шамасы «десент болғанбыз» дегісі келді-ау дейм. 
Тәңкөшім де одан ары болмаса бері емес, «конкретні қай жер екенін айтуға болмайды, секрет», деп айды аспанға шығарып тастады. Расын айтқанда баяғыда-а-а-а мектепте жүргенде үшеуміз военкоматқа барғанбыз, кластастармыз ғой, медкомиссия қабылдамай қойған, үшеумізде де бірдей диагноз, майтабандармыз, енді кеп «бетімізге каска киіп, берталоттен секіріп» отырысымыз мынау. Бесінші этаждың балконына шықса басы айналатын Әңкөшке нағылған парашют, шамасы байғұстың бала күнгі арманы болса керек, сырасы құрғыр суайтқа шынын айтқызып отыр да енді. Қисынға келмейтін қиямпұрыс өтірікпен түске дейін отырдық. Түске дейін үшеуміз арамыздан қыл өтпеген, бір-біріміз үшін отқа да, суға да түскен, талай жерде, әсіресе, армияда жиырма баламен үшеуміз-ақ төбелесіп, сойқан жеңіске жеткен, күні бүгінге дейін үшеуміз біріксек алдымыздан біреу-міреу кесіп өте алмайтын апайтөстер болдық та шықтық. Әліге дейін іргеміз ажырамаған, алдағы уақытта да ажырамайтын достармыз, ол, ол ма, Әңкөш лепіріп отырып «маған бұл екеуінсіз өмірдің құны көк тиын» деп салды бір сөзінде. Бұндай сөзге кәдімгідей көзіңе жас алып қалады екенсің. «Нағыз достық үшін» сілтедік-ай кеп.
***
Әжік күжік етіп, әрнені оттап, біз сөйлеген сайын сылқымдар сықылықтап, олар сықылықтаған сайын сілекейіміз шұбырып ындынымыз құрып-ақ бара жатқан, даяшы бүлдіргені. Жыбырлап жетіп келді де «шотты төлей саласыздар ма?» деді маған. Қарасам, еееммааеее, орасан шығынға ұшырап-ақ қалыппыз. Өзіміз де жер таппағандай қымбат кафеге кіргенбіз, екі «ару» атын адам жаттай алмайтын кәдімгі балық пен помидордан істелген, бірақ бағасы удай бірдеңелер жеген, енді кеп мына цифрларға қарауға дәтім шыдамай Тәңкіш пен Әңкөшке қарадым. Олардың пәруәйі пәлек, ойларында дым жоқ, Балапан арнасынан көрсетсе бала сенбейтін қиялдарына беріліп кеткен, сосын ба, ымдағанымды байқай қоймады. Амал жоқ даусымды шығардым, Тәңкіш осы қазір ғана бокстан ба, кикбокстан ба бірдеңеден «чемпион болайын» деп тұрған, мен шақырғасын амалсыз мойын бұрды. Бұрды да шотты көріп сраз Әңкөшке ысырды. Ол жарығымды «командирі ерекше құпия тапсырма беріп, соған кетейін» деп тұрған жерінен алып қалдық. Алып қалғаны құрысын шотқа қарап көзі ақиып кеткені. Түсінікті, екеуінде де ақша жоқ, бары жетпейді, менде о бастан-ақ жоқ еді, өздері шақырғасын келгем...
***
Екі сылқым сылқ-сылқ күліп жөндеріне кетті, бізде әурешілік басталды. «ақшаны кім төлейді?» деген сұрақ туындады да, «арасынан қыл өтпейтін» үш досты тентек қып тастады. Даяшы да тықақтап қалған бәле екен, ақыры, Әңкөштің үнемі беті жыртылып жүретін телефоны, менің сағатым, Тәңкіштің жүзігі кетті. Сүйтіп сүмірейіп шықтық.
Бағанағыдай парашюттен секіретін қарқын жоқ, желіміз шығып кеткен, еңкіш тартып келе жатыр ек, Тәңкіш күтпеген жерден ғаламат ой тастағаны.
- Жігіттер, бүгінгі тірлікті әйелдер білмей-ақ қойсын.
Бір қызығы «неге?» деп екеуміз де сұраған жоқпыз, неге екенін белгілі еді. Дәл осыны мен де ойлап келе жатқам, тек осылай тапа тал түсте, көзіңді бақырайтып қойып, еркек басыңмен ашықтан ашық мойындауға болатынын білмеген екем. Сүйтіп тап сол жерде, ешкімге айтпауға, әсіресе әйелдерге білдірмеуге, ыждағаттылықпен серт берісіп, қол алыстық.
- Ер жігіттің басынан не келіп не кетпейді, еркекпіз ғой дестік. Бұл өзімізді өзіміз жұбатқанымыз ба, жоқ, іштей күйінгеніміз ба білмеймін, әйтеуір сүйттік. Айтпақшы, даяшыдан естідік, ана әйелдер сол кафеге жақын жердегі «баенный часта» істейді екен, «біреуі капитан, біреуі лейтенант, екеуі айына екі-үш мәрте келіп отырып кетеді» деді даяшы, «бәсе күлкілері жаман еді» дедік біз. «Азаннан бері өзімізбен өзіміз көпіре бермей, олар туралы да сұрасақшы, жылы мен атын білгенге мәз болмай» деп жаман күйініп кеттім. Бір масқараның үстіне бір масқара жамап алдық, кәйтесің енді...
***
Әйелдердің «бір жақсы жері» себепсізден себепсіз ұрыс шығармайды, одан да «жақсы жері» ұрыс шығару үшін кез-келген уақытта себеп таба алады. Сол күннің ертеңіне ақ астыңғы ерні жыбырлап, үстіңгі ерні қыбырлап жүргенінен шошынып отыр ем, «сағатың кәні?» дегені. Кеше «жоғалтып алдым» деп келгем, қайталап сұрағанын жақсылыққа жорымадым. Жорамалым дұрыс шықты, «жоғалтып алдым» деп міңгірлей беріп ем, сүренді салып кеп бергені. Әуелі сонау бір замандардағы қателіктерім айтылды, түк ойламайтындығым, не болса соған түштаңдап жүретінім, күн санап бағаның қымбаттап баратқаны, теңгенің күннен күнге құнсызданып жатқаны, соған қарамай менің ләйліп жүргенімді тізбектеп жатыр, тізбектеп жатыр. Арасында сағатқа қатысты бары да, жоғы да арласып кеткен соң, «не болдыйй сонша, бір сағатқа бола» дей салғам, екпіндеп кеткені.
«Ойпырмай, ә, жоғалтып алдым дейді ғой беті бүлк етпей. Одан да құлқыныңа құйдым десейш. Қайдағы жайдағы бір сұмырайларды кафеге отырғызып...»
- Е-е, тоқташ, кім айтты саған?
Өз сұрағыммен өзімді ұстап бердім, енді мойындамасқа лаж жоқ, мойным салбырап қалды. Ол да кім айтқанын айта салмайды күйдіріп. Нақты дәлелмен ұсталған соң, әйелді тоқтату қиын, пырағына мініп ап, дауылдатып ары қарай кетті, айтпағаны жоқ, ең арысы «тамтөбеске шыға алмай жүріп парашютпен секірген неңді алған» дегенге дейін барды. Кешегі оқиғаның бүге-шігесіне дейін біліп қойғаны анық болды. Сатқынның кім екенін біле алмай діңкем құрыды менің.
***
Жарым сәл саябыр тапқан кезде сыртқа шығып Тәңкішке збандап ем, «нан ұрсын мен емес» деді ол. Даусына қарағанда оның да үйінде сойқан болған сықылды. Екеуміз де ашық ауыздың Әңкөш екеніне күмәнсыз сендік, өзіне хабарласа алмадық, телефоны жоқ қой оның. Сүйтіп «бізсіз өмірдің құнын көк тиынға баламайтын» досыма ренжіп жүргем. Бірде ойламаған жерден үшеуміз тағы бас қосып қалдық. Қарап отырсам екеуі торсаңдап мені жақтырмай отыр. «Е-е, не болды?» Сүйтсем Тәңкіш айтады, «ішіп алсаң аузыңда сөз тұрмайды екен, сенің» дейді маған. Демек, екеуі менен алдын бір жолыққан да, ашық ауыз мен болып шыққам. Ит жыным ұстады сол жерде, алдымен өзімді ақтау үшін басталған әңгіменің ақыры үшеуміздің быт-шыт болуымызбен бітіп тынды. Бір-біріміздің кешегі алдың күнгі, былтырғы, баяғы мектептегі сатқындықтарымыз бен оңбағандықтарымызды түйдек түйдегімен айтып айтып тастадық. Ойда жүрген, өзімізге де белгісіз боп келген біраз нәрсе бар екен, бетті ашып тындық. Сүйтіп көріспесе күн көре алмайтын, аражігі ажырамаған, бір бірі үшін отқа да суға түсетін, төбелессе жиырма баланы жапырып жіберетін достар бет-бетімізбен кеттік. Бір қызығы әйелдеріміздің кімнен қашан, қалай естігені сол күйі жұмбақ болып қалды, әлі біле алмай жүрмін өз басым. 
Негізі еркек деген халық, ел мен жердің иесі, отағасы, бала-шағаның әкесі, ел басына күн туса үкілі найза ұстап атқа қонатын, халқы үшін басын бәйгеге тігетін ерекше жаратылыс қой. Тек Әңкөш, Тәңкіш сияқты кейбір құмалақтар майды шірітіп жүр да... Құлағына сырға тағып, шашын бояп, тағы сондай адам жиіркенетін бірдемелер істеп жүретін еркексымақтар одан да жаман, іш қазандай қайнағанмен амалың жоқ. Әйеліңе шынын айтқыза алмай жүргенде оларды қалай түзейсің, заманның кері кеткені ма-а-а деп өзімше мұңға батам кейде.
***
Үш-төрт күн бұрын-ау дейм, «ана Әңкөшің машина алыпты» деді әйелім. «Кім айтты?» деген ем, «нағыласың?» деді маған. Күні кеше Тәңкішке жолығып қап, еріннің ұшымен амандасқан болдық, «Әңкөш машина алыпты ғой» дегенмін, «білем» деді ол. «Кім айтты?» «өткенде қатын айтып отырған». «Ол қайдан естіпті?», «білмеймін» деді Тәңкіш.
Кейінгі кезде «қанша дегенмен бірге өскен, ит те болса құрдасым, барып мәшинасын жуғызсам» деп ойлап жүрмін. Әзірге бұл ойымды біреу міреуге айтқан жоқпын, сіздерге ғана айттым, болды, ешкімге айтпаңыздар ғой, мақұл ма. Әсіресе әйелдер білмей-ақ қойсын.