Бақтыгүл Ауданова
(Хикаят)
Болашақсыз бала шақ
Садықбек үй жанында құмда ойнап жүрген үш баланың қасына барды. Кеше шешелері кеткенде «енді келмейді» деп жылап жүр еді, енді мүлде ұмытқандай үшеуі де құмды сызып ойнап жүр.
– Не істеп жатырсыңдар? – деп сұрады Садықбек оларға сәл қызықтап қарап тұрып.
– Жазу жазып жатырмыз, - деді үлкені Азат қолындағы таяқшамен жерді шимайлай түсіп.
– Қане, қандай әріп білесің, жазшы, – деді қызыға.
Азат борпылдақ құмның бетіне ұзын сызықша сызды да басына кішкентай дөңгелек салды.
– Бұл қандай әріп?
– А!
Садықбек жасы он бірге келсе де әлі күнге әріп танымайтын мына баланы аяды. Ертеңі не болмақ?!
– Мектепке барғансың ба? – деді балаға аянышты көзбен.
– Ия, бірақ мені оқытпай қойды. Әйгерімді де, – деді асығып. Садықбек ойланып қалды. Үй жанында түскі тамақты әзірлеп жүрген Халимаға келіп:
– Мына балаларды жақсылап жуындыр. Ертең ауылға алып кетемін. Мектепке беріп сауаттарын ашайық, обал-ды - деді.
Ертеңіне таңертенмен үш баланы көлігіне салып ауылға қарай тартты. Алдымен орталыққа келіп үшеуіне қос-қостан киім алды. Сонсоң үйіне келді. Келін-баласы қуанып, енді екіге толатын немересі мәз болып қарсы алды. Шәйдан соң ұлы мен келініне келген жайдың мәнісін түсіндірді.
– Ал, келін мына үшеуін де өзіңнің балдарындай көріп тамағын бересің, үсті-басын тазалап, сабағына қарарсың, – деді. Келіні үнсіз бас изеп келіскен сыңай танытты. Ұлы қарсылық көрсетпеді. Түстен кейін үш баланы мектепке алып барды.
– Ал, Жәке, мына үш баланы сізге әкелдім. Қолымдағы қойшының балалары, маған жақында келді. Үшеуі де хат танымайды. Мектепке қабылдасаңыз деп едім. Сауатын ашсаңыз, сауабын алар едіңіз.
– Ия, айтқаныңыз орынды. Сауатын ашу сауап іс. Бірақ, не себепті мектепке бармаған бұл балалар? Қайда жүрген?
– Ол жағы маған да белгісіз, Жәке.
– Әрине, кез-келген Қазақстан азаматы білім алуға құқылы. Біздің елдегі әр бір бала мектепке баруы, білім нәрімен сусындауы тиіс. Оқимын деп келген баланы қабылдамауға құқымыз жоқ. Құжаттары бар ма?
– Әңгіме сонда болып тұр ғой. Үшеуінің де ешқандай құжаты жоқ.
– О тоба! Жиырма бірінші ғасырда да осындай құжатсыз, жерде де, көкте де есепте жоқ адамдар өмір сүреді екен-ау. Бұл билік қайда қарап отыр.
Садықбек үш баланы үйтіп-бүйтіп мектепке қабылдатып кетті. Артынан екі ай өтпей ұлы Қанат үшеуін де көлігіне салып қайта әкеліп тұр.
– Демалысқа шықты ма? – деді бұл ойында ештеңе жоқ. Жапан түзде жүріп қай кезде оқып, қай кезде демалысқа шығатынын да ұмытып қалыпты.
– Жоқ, – деді баласы. – Мектептен шығарып жіберді. Мектепке ауданнан тексеру келе жатыр екен. Директор мені шақырып алып оқыта алмайтынын айтты. Құжаттары жоқ дейді. Бірінші сыныпқа жастары да үлкен дей ме білмеймін, әйтеуір оқыта алмайды екен.
Садықбек үш баланы алып мектепке қайта барды.
– Жәке, мұның не? Балалар оқуы керек қой. Қойшының баласы болсын, министрдің баласы болсын, олардың құқығы бірдей ғой. Сіз мектептен қуа алмайсыз.
– Мен қуып тұрған жоқпын, Садаға. Сіз мені дұрыс түсініп тұрған жоқсыз. Мектебімізге тексеру келейін деп жатыр. Олар құжатсыз балаларды көрсе не дейді? Оның үстіне әріп те танымайды. Он бір жастағы баланың бірінші сыныптың партасында
отырғанын көрсе не дейді? Қой тыныштық керек. Қойшының баласы қой бағып жүре берсін. Оқып әріп танығанда министр болмайды ғой бәрібір.
Мына сөзден кейін Садықбек үнсіз қалды. Білім ордасына басшылық жасап отырған мына оқыған адамның балалардың болашағын емес, өз басының қамын ғана ойлап отарғаны жанын ауыртты. Сөйті де үнсіз шығып кетті. Үш баланы көлігіне салып қалаға келді. Базардың жаймасынан балаларға арналған бір-екі суретті кітап алды. Бұрынғы кеңестік кезеңдегідей сықиып тұратын кітап дүкені қайда? Құрдымға кеткен. Сосын ертек кітабын алды. Жұп-жұқа, жып-жылтыр. Өзінен ақшасы қомақты. Үйге келген соң балалар кітапқа жабысты. Мынау менікі, мынау менікі деп Халима екеуінің құлақ етін жеді.
– Кәне, әкеліңдер маған, - деді сосын Садықбек.
– Мә, Халима, мына кітаптарды алып қой. Мыналарға оқып берерсің, суреттерін көрсет.
– Ия, онсыз да жұмысым аз еді. Енді мұғалім болуым қалып еді, - деді Халима ыдыстарын салдырлатып жүріп бұрқылдай.
Солай деуін десе де Халима балаларға ертек оқып бергісі келді. Жанармаймен жарық беретін мотордың жарығымен ұйықтар алдында «Қу түлкіні» оқып берді. Өзі бала кезінен ұстаз болуды армандайтын. Бірақ, арманы орындалмай кетті. Сол арман жеңіп кетті ме кім білсін, ертегіні беріліп оқып, аяқтады. Көзін кітаптан алып еді үшеуі де ұйықтап қалыпты. Тек Садықбек қана мұның жүзіне күле қарап жатыр екен.
– Мықты мұғалім шығады екен сенен, кемпір, – деді жымия.
– Ия, болғанымызша болып болдық қой, - деді бұл қырсыға жауап қатып көрпесін қымтана түсіп. Ертесіне түсте де балалар ертегі оқып беруін өтінген. Қойыңдаршы деді бұл ерініп.
– Апа оқып берші, - деп қиылды Әйгерім сап-сары шашы желбіреп.
– Ал, жарайды онда шуламай тыңдаңдар.
«Ерте, ерте, ертеде,
Ешкі жүні бөртеде...»
– О, машин келе жатыр, - деп сыртқа жүгірді алдымен кішкентай Данияр. Қалған екуі де соңынан кетті. Кім келген екен деп киіз үйден бұл да шықты. Ешкім көрінбеді. Сағым ғана ойнап тұр.
– Машина емес сомолот, - деді Әйгерім быртиған саусақтарымен аспанды нұқсап.
– Самолот емес бертолот, - деді естияр Азат.
Шынында да вертолот екен. Құла дүзден не іздеп жүргендер екен деп ойлады Халима іштей.
– Әй балалар, Азат, Данияр, Әйгерім кіріңдер үйге төбелеріңнен күн өтеді. Келіңдер ертегі оқып беремін. – Алдымен тоңпаңдап Данияр келді.
– Апа бертолот туралы ертегі оқып берші.
Азат пен Әйгерім де ішке беттеді. Осы сәт тағы үй жанында жатқан ит абалар қосаяқ жолға қарай жүгірді де көп өтпей киіз үйдің көтерілген іргесінен шаңның исі келді. Данияр мен Әйгерім сыртқа жүгірді.
– Көке келді, көке!
Шаңға батқан Нивадан Садықбек түсті. Қолында көп базарлығы бар.
– Апам бүгін де келмеді, - деді жастыққа жантайып жатқан Азат іргеден сыртқа көз тастаған күйі.
– Әлі уақыт бар ғой, босанғасын келеді ғой балам. Сендерді тастап қайда барады дейсің, - деді Халима жас баланы жұбатпақ болып. Азаттың жанарында болар-болмас мөлтіл тұрды.
– Азат, жүр екеуміз Асанға қой суаруға көмектесейік, - деді Садықбек жүзін бұрып жатқан балаға. Азат үнсіз орнынан қозғалды. Екеуі құдық басына келгенде қойшысы Асан су тартып болған екен. Қойлар таласа су ішіп болған соң үшеулеп қайырып ізге қайтарды. Құмдауыт желдің өтінде жүзгендердің басы дірілдейді.
– Мамаң емделіп жүр дейді. Аман-есен босанып болған соң келеді.
– Мені алдамай-ақ қойыңызшы көке. Мен енді жас бала емеспін ғой. Мамамның бұлай кетуі бірінші рет емес. бұрындары да бізді осылай екі-үш ай тастап өзі қаңғып кететін. Мамамды жек көрем.
Азат жүрелеп отырған күйі қыстығып жылады. Көз жасын көрсетпейін дегендей бас бармағының ұшымен сырғытып қояды.
– Қой балам, жылама. Біз бармыз, таршылық көріп жатқан жоқсын. Халима апаң сендерді өз баласындай көреді.
– Ия, сіздерге рахмет. Көке біздерді айдамаңызшы. Өмір бойы сіздің қойыңызды бағып жүрейік. Басқа қайда барамыз? Оқуды білмесек қалай жұмыс істейміз? Әйгерім мен Данияр да қой бағады.
Садықбек баланы бауырына басқысы келіп кетті. Бірақ, олай етуге әлдебір ішкі сезімі қайшылық көрсеткендей. Біреулер тырнаққа зар болып жүрген мына заманда баласынан безген Сапаркүлге ызасы келді. Бүкіл әлем қарыштап дамып жатқан мына ғасырда қазақтың мына бір баласының тағдырын жаратқан иемнің тым қатал жазғанына іштей қарсылық білдірді. Тіпті, әріп танымайтын баланың тағдыры ертең не болмақ? Мәңгі Садықбектің жанында жүрер деймісің? Садықбек мәңгі жүрер деймісің? Оның ертеңгі күнді тіпті ойлағысы келмеді. Қай жағынан ойламасын көз алдына болашақсыз бұлдыр шақ келе берді. Не дегенмен, мына қаршадай баланың құмда туылып, құмда мәңгі қалатыны аш өзегін ашытты.
Мәңгі құмда қалғандар
Таң құланиектеніп атып келеді. Жаңа ғана бүр жарған жыңғылдың қызыл гүлі мына дүниені өзімен бірге тербетіп тұрғандай. Таңғы леппен күйреуіктің иісі келеді. Танның атқанын сезген торғайлар бұта-бұтаның арасынан пыр-пыр етіп аспанға атылады. Қызыл жалдар қызыл таңмен таласып жанып жатқандай.
«Шағыл да, шағыл, шағыл құм,
Шағыл құм сені сағындым...!» – Садықбек талай жылдан бері тұрса да құмды аймақтың сұлулығын бүгін көргендей. Жыр жолдарын күбірлеп қайта-қайта қайталады. Кімнің өлеңі екені есінде жоқ. Әйтеуір, бір жерде оқыған. Жанына жақын болған соң жадында қалған екен де.
«Жыңғылдың гүлі-ай... жыңғылдың,
Мен сені талай жыр қылдым...»
Бұл да сол ақынның өлеңі шығар. Кім еді? Кім болса да мына шағыл құм табанын күйдірген, қызыл күнге жүзін сүйдірген осы өңірдің ақыны шығар.
Садықбек мына әлемнің бүгін көрген сұлулығына ұзақ қарап тұрған. Бел-бел адырды бір-біріне жалғап тұрған қосаяқ жолдан алдымен шаң көрінді. Садықбек барлай қарады. Тып-тыныш әлемнің тынысын бұзып «УАЗ» келеді. Садықбек таныды. Көрші шопанның көлігі. Көрші деген аты ғана, әйтпесе арасы жеті-сегіз шақырым жер.
– Халима, ә, Халима, тұр төсегіңді жый. Нұрғалидың көлігі келе жатыр. Жүрісі суыт. Тыныштық болғай.
– Садықбек үйге кірмей есіктен айғайлаған. Шошып оянған Халима апыл-ғұпыл Садықбек пен өзінің төсегін жиды. Үш бала тау қопарғандай ештеңе сезер емес.
Таңғы аспанды шаңға бөктірген «уазик» дәл киіз үйдің алдына тоқтады. «Мал жоғалтқан болар» деп ойлады Садықбек іштей.
– Ассалаумағалейкум. – Нұрғалидың даусы жарықшақтана шықты.
– Уаәлейкумсалам, тыныш па бала?
– Аға үйге жүріңіз. Жеңгейді де ала жүріңіз. Дәл қазір.
– Түсінбедім.
– Балам... кіші балам қайтыс болды.
– Ә, не дейді?! Неге? Ауырды ма?
– Жоқ аға. Құмда адасып. Ауылда жүрген ғой, жолды білмейді.
Нұрғалидың көзінен екі тамшы жас ытқып шықты.
– Нұрғали сен жеңгеңді алып бара бер. Мен ауылға барып хабарлаймын.
Халима киінбестен-ақ Нұрғалидың көлігіне отырып кетті. Садықбек ауылға тартты.
Нұрғалидың отарына жетпей жол шетінде тоқтап тұрған тағы бір «УАЗ»-ды көрді. Бұлар да тоқтаған. Баланың денесі сонда екен. Жасы тоғыз-ондар шамасындағы ұл бала. Еркек көйлекке орап қойыпты. Қасында жылап бір әйел отыр. Халима ол әйелді алғашында танымап еді. Кейіннен есіне түсірді. Былтыр қырқымнан соң осы Нұрғалидың үйінде бас қосқан еді. Сонда танысқан Нұрғалидың інісінің әйелі. Еңіреп жылап отыр.
Бұлар отарға қарай жол алды. Үй алдына кеп тоқтағанда үйден алдымен алты-жеті жас аралығындағы тұлымшағы желбіреген қыз жүгіріп шықты. Ізінен сүрініп-қабынып Нұрғалидың келіншегі Үміт көрінді.
– Таппадыңдар ма?! Қайда балам?! Бар ма?!
– Жеңеше өзіңді бас, - Нұрғалидың інісі Тұрдалы Үміттің алдын алып үйге кіргізбек болып еді онысынан түк шықпады.
– Балам қане?! Таптың ба?! – Ол енді Тұрдалы жабысты. Тұрдалы Үмітті қатты құшағына алды.
– Ия, таптық, – деді даусы дірілдей.
– Рас па?!Қане?! Қане балам?! Балам! Серік! Серікжан!
Үміт көлікке жүгірді. Тұрдалы көлігінің артын ашты.
Үміт баласына жабысты да сұлап түсті. Содан әлден уақыт есін жиды. У-шу, азан-қазан. Аңыраған ана, жылаған бала.
– Бұл Құдайға не жаздым. Ел көрмей, жер көрмей жапан далада жазғаныңа көніп жүрсем де, жазалағаның не Алла? Не жаздым?! Мені неге алмадың? Жан керек болса мені ал, баламда нең бар қу Құдай!
Үміт зарлап-зарлап қайта талықсып кетеді. Оны ешкім тоқтата алмады. Есі ауып кетер деп ойлады Халима іштей. Есі аумай қайтсын баласы өз ажалымен емес, шөлдеп өлсе. Мына шөл далада адасып өлсе. Онсыз да әр күні азап анаға одан ауыр не бар?! Халиманың да ішін бір от күйдіріп барады. Ол не от? Мына кішкентай баланың өлімі үшін күйіп бара ма, жоқ әлде ана отырған аңыраған ана үшін бе? Әлде өзінің мына мидай далада өтіп жатқан өлі күндері үшін бе? Оны өзі де білмейді. Әйтеуір, ішіндегі талай жылдан бері толып жатқан запыранды төгіп жатыр. Жыламайын десе де жылай береді. Үмітті басу айтып тоқтатудың орнына өзі де қосыла аңырады. Әлден соң ауылдан Үміттің ата-енесі, ағайын-туысы, абысын, төркіндері келе бастады. Үміт оларды көрген соң тіпті үдетті.
– Баламды алғанша мені неге алмадың Құдай? Ана мың қойды неге алмадың?! Сенің жаназаңа сою үшін бағып отыр екнмін де. Сені осылай адастырып өлтіру үшін отырған екенмін ғой!
– Қой айналайын өзіңді бас. Тағдырдың ісі қайтесің, - дегендерді тыңдар емес.
– Ал енді баланы ауылға апарайық. Жиналыңдар, - деді ақсақалдар жағы қайтуға ыңғайланып.
– Жоқ, - деді осы сәт Үміт орнынан тұрып.
– Жоқ, баламды ешқайда әкетпейсіңдер! Осында мына үйдің маңына көміңдер! – дегенде жиналған жұр есі ауысты деп ойлады.
– Ол болмайды келін. Баланы ауылдағы мазаратқа жерлейміз.
– Жоқ мен келіспеймін. Онсыз да мал-мал деп малдың соңында жүріп бала-шағамен бірге өмір сүре алмадым. Баламды бауырыма басып, аналық мейірімімді бере алмадым. Ол ауылда мен түзде өмір кештік. Енді үйдің жанына көміңдер, ең болмағанда рухымен сырласып тұрайын, өзін құшып исіне тоя алмап ем, топырағын құшып тұрайын.
Еңіреп отырған Үмітті ешкім дегенінен қайтара алмады. Әлден соң Нұрғали ішке кірді. Киіз үйді жағалай отырған көптің ортасына кірді де әлдене айтқысы келгендей жай ғана жөткірінді.
– Әйелінің сөзін сөйледі деме ағайын, ойлап қарасам Үміттің де айтқан сөзінің жөні бар. Мал деп ит байласа тұрғысыз мына жапан далада тұрып келеміз. Таң атса қой деп тұрамыз. Сол қойлардың жағдайын жасау үшін күні бойы жаздың аптабы, қыстың ызғары демей құм кешіп, түн ұзағына қойлар қасқырдан аман болсын деп көз ілмейміз. Баламыздың тілеуін дәл осылай тілей алмаппыз. Оған уақытымыз да жоқ. Осы балаларды бес жасқа дейін ғана тәрбиеледік, одан кейін өздерің де білесіңдер тек мектеп демалыс бергенде ғана көреміз. Алғашында сағынасың, іздейсің кейін-кейін мүлде бөтен сияқты болып кетеді екен. Міне, бүгін өлгенде ғана мен оның маған қаншалықты керек екенін сезініп отырмын. Бүгін ғана әкелік парызымды орындай алмағаным үшін ішім иттей ұлып отыр. Әке болып баламды бауырыма жөндеп баса алмадым, ақыл айтып жөн көрсете білмедім. Менің де айтар сөзім осы. Баламды осында ана төбенің басына қоямыз. Ауылға қойғанмен мен де, шешесі де атарда болсақ, оның басына кім барып тұрады? Осында болса күнде қасында боламыз.
– Ол не дегенің! Тәйт! Қайдағыны айтпа! Елдің ішіне қоймай айдалаға қойған несі? – деді көзі қисық Әнес шал алара қарап.
– Осы айдала менің мекенім. Жастайымнан осы даланың құмын кешіп келем. Енді бұл даладан безіп ешқайда кете алмаймын. Қалған өмірім де осында өтетініне сенімдімін. Балам осында жерленеді. Мен өлгенде мені де осында қоятын боласыңдар.
Бәрі осыған келісті. Ақыр аяғы күнбатыс жақтағы адырда жаңа төмпешік пайда болды. Ел еңірей-еңірей тарасты. Содан бері бұл адыр мен анау қоянсүйегі иіліп, күйреуігі сасыған сай «Бала өлген» деп аталады. Байғұс бала сол сайда адасқан екен.
– Бәріне мен кінәлімін. Мені неге алмайсың Құдай, – деп жылап отырған еді Тұрдалы сонда.
– Олай деме інім, бәрі Алланың ісі. Біз тек себепкерміз, – деген Садықбек жұбатпақ болып. Дегенмен, Тұрдалы өзін-өзі кешіре алмапты. Арадан апта өтпей құлан даланы шаңғытып тағы бір қайғылы хабар жетті. Тұрдалы өз-өзіне қол жұмсапты. Оқиға былай болған екен. Үш ай демалысқа келген Серік Тұрдалы ағамның үйіне барам дейді. Әкесі Нұрғали ұлын Тұрдалының отарына алып барады да қайтамын десе өзің апарып тастарсың дейді інісіне өзінің бос уақыты жоқтығын ескертіп. Арада екі күн өткен соң Серік үйге қайтамын дейді. Тұрдалы тығыз шаруасы болған соң амалсыз «жолай тастап кетермін» деп ала кетеді де, ағасының отарының тұсына кеп баланы түсіреді.
– Мына белден ассаң үйің көрініп тұр. Ал бара бер, - дейді баланы сайда қалдырып. Ойын баласы ойнап жүріп адасты ма, ол жағы белгісіз. Кешкісін жолай ағасының үйіне соққан Тұрдалыға жеңгесі:
– Төре бала-ау, Серікжанды ала келмедің бе? – дегенде маңдайына ат тепкендей болды.
– Ол келген жоқ па? – дейді әрең тілі күрмеліп.
Баланы тапқанда күнімен жантақ даланы кезіп адасып, шілденің аптабына шөлдеп өлген дейді. Денесі кеуіп, ісіп кетіпті. Жантақ тілген аяқтары жырым-жырым болып қанап кеткен. Шөл мен азапқа шыдай алмай үстіндегі киімін жырта беріпті байғұс.
Мұны естіген Халима біраз күн мең-зең болып еңсесі езіліп жүрді. Мына құмды, мына азынақ желді, мына қатал өмірді жан-тәнімен жек көріп кеткендей. Осылай азаптап өлтіретіндей жас бала не күнә жасап қойды соншама деп тіпті құдайды да жек көріп кеткен еді.
Жалғасы бар...