Атырау облысындағы Индербор кентінде тұрғын үйдің пәтері өртеніп, екі бала мерт болды.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметіне сүйенсек, өрт туралы бүгін, 25 сәуірде таңғы сағат 05:37-де хабар түскен.
«Өрт 5 қабатты тұрғын үйдің 2-қабатындағы пәтерде тұтанған. Шақырту орнына өрт сөндірушілер жеткен кезде пәтердің толықтай жанғаны анықталды. Пәтердің жатын бөлмесінен 2014 және 2017 жылғы балалардың өлі денесі табылды.
Балалардың анасы –1995 жылғы әйел мен оның азаматтық некедегі күйеуі ес-түссіз күйде табылды. Олар жедел жәрдем бригадасының көлігімен аудандық орталық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы. Қазір жалынның тұтану себебін анықтау мақсатында өрт-зерттеу зертханасы жұмыс жүргізіп жатыр. Өрт сағат 06:02-де оқшауланып, сағат 06:10-да толық сөндірілді.
Дереккөз: Kazinform