Бақтыгүл  Ауданова

(хикаят)

 Садаған өрілген қамшысын қонышына қыстырып үйге кіргенде:

– Мамам енді келмейді, бізді тастап кетті-і-і.. – деп жылап отырған үшеуге көзі түсті. Жаңа ғана босанғалы кеткен қол астындағы қойшысының әйелінің еріп келген балалары. Үлкені Азат биыл бесінші сынып оқуы керек. Екіншісі қыз, Әйгерім, үшінші сыныпқа барса керек-ті. Кішісі Данияр да жеті жастан асып отыр.

Алғаш інісінің үйінде көргенде-ақ ұнатпап еді осы әйелді. Қойшыларға тамақ істеп, тезек илеп жүрген екен. Көп өтпей-ақ көш жердегі мұның шопанымен танысып, көңіл қосып, мұның отарына келіп алған. Сөзі сұйықтау, әрі бала-шағасы шұбырған әйелге іші жылымап еді. Бірақ, іштей аяп келісім берген. Екеуін қосып тынған. Өтірік қосып сөйлейтіні болмаса, іске тыңдырымды әйел екен.

– Күйеуім қайтыс болған. Ешқандай тума-туысым жоқ. Әке-шешемнен айырылғасын барар жер, басар тауым болмай жалғыз қалдым, - деп егілген алғашында. Бұл сенген еді. Көп өтпей іші білінген бұл әйелді не істерін білмей жүр еді. Түскі асын ішіп алып қой шығаруға кетіп бара жатқан қойшысын әңгімеге тартты.

– Келіннің аяғы ауыр ма деймін. Дәрігерге апарып тексеруге тұрғызу керек шығар, - деді өмірі тозып кеткен «адидасын» тастамай жүретін шопанына қарап. Ол да «ия» дегендей қызыл жыңғылдың білектей бұтасынан ысып алған таяғымен жер шұқып басын изеді. Басқа үн жоқ.

– Әуре болмаңыз, жағдайым жақсы, көке. Туатын кезде бірақ барамын, – деген дауысқа жалт бұрылды. Киіз үйдің ішінде жүрген бұл әйелдің қашан қастарына келіп қалғанын да байқамапты.

– Туатын кезде сені кім қабылдайды. Саған емес маған сөз келеді ғой, – деді бұл.

– Ақша берсеңіз бәрі тынып жатыр ғой қазір, – деп сүйреңдеген әйелдің соңынан үнсіз қарап қалған. Мейлі маған бәрі бір деген іштей. Содан бері көп өткен жоқ, кеше қылықты шығарған.

– Мені орталыққа апарып тастаңыз. Ай-күнім жақын. Тоғыз ай бойы тіркеуге бармағанмын, дәрігерлердің аузын жабатын бірдеңе беріңіз, – дейді. Бұл қойшысына қарады. Ол үнсіз. Әдеттегідей жер шұқып отыр.

– Әй, сенің ішің кішкентай ғой, асықпа, әлі тумайсың. – Әңгімеге қазандағы сүтін сапырып тұрған әйелі Халима араласты.

– Жоқ, менің ішім өзі осындай, кішкентай болады. Бес балам да осындай болды ғой. – сүйреңдеп ақыры айтқанына көндірді.

– Апарсаң апарып тасташы. Ол да демалсын, біз де кішкене одан құтылып, дем алайық, - деген әйелі кешкісін мамық жастыққа күнімен аңызақ желге тотыққан жүзін көме түсіп.

– Қиналып қалмайсың ба? Қазан-ошақ, нан, қала берді бес сиыр бар сауатын.

– Бір мәнісі болар.

Осымен бітті дегендей әйелі тәтті, әрі қатты ұйқыға беріліп кетті. Түндіктен түскен айдың ашқылтым сәулесімен оның жүзіне аз-кем үңіліп Садағаң ойға берілді.

Бұл училишені бітірген жылы Халима бірінші курсқа түскен. Ә дегеннен ұнатып, алып қашқан. Үйленген соң оқу қайда, өзі мектеп мұғалімі болып жұмыс істеді де, Халиманы сыртқы бөлімге ауыстырып алды. Сырттай оқу оқу ма тәйірі, бала-шағамен арпалысып жүріп бітірді-ау, әйтеуір. Бірақ, жұмыс істеген емес. Бала-шаға, ата-ененің жағдайын жасаймын деп жарты өмірі өтті. «Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен» әнебір жылдары айлық ала алмай нанға зар болған кездері де болды. Сонда Садағаң колхоздан үлесіне тиген он тырақы тоқты мен екі арық бұзауға үйіндегі жалғыз ала сиырын қосып әкесінен қалған қара шаңырақты сексен қойға айырбастап түз кезіп кеткен еді. Жағдайы жаман болмады. Басқа болмаса да ағарған мол болды. Келесі жылы сексен қойы жүзден асып өрісін кеңейткен. Содан бері міне он бес жылдан асыпты. Малы мыңғырып бұрынғы Садықбек Садағаң болып шыға келді. Ел ішінде мұны Садықбек деп атымен атайтындар некен-саяқ. Өзі тұрған ауылдан кейінірек үй алып балаларын үйленген соң сонда қойды. Ондағы ойы түз далада жабайы болмай ел қатарлы адам болсын дегені. Малы көбейіп

жұмысы қиындайын дегенде қолына қойшы алды. Малдың тілін білетін бұрынғы шопандар қайда-а-а? Әрқайсысы өкіметтен тиген үлесін алып өз шаруасымен болып кеткен. Шопан болам деп кім келер дейсің қазір, үйсіз-күйсіз, жұмыссыз қаңғып жүрген біреу болмаса. Әсіресе, қылмысты болып қашып жүргендердің паналайтыны осы елсіз-көлсіз құм.

Садықбек қос танауы пысылдап ұйықтап жатқан әйеліне тесіле қарады. Ой сабаз-ай, түк сезер емес. баяғыда, жаңа үйленген кезінде осылай ететін. Шырт ұйқыда жатып селк етіп оянатын. Сөйтетін де қасында жатқан келіншегін іздейтін. Халима болсам бетін терезеге беріп бейқам ұйықтап жататын. Әйнектен құйылған ай сәулесі аппақ жүзін одан сайын нұрландырып жіберетін. Бұл кейде мына сұлулыққа ұзақ тесіле қарап қызықтайтын. Мұндайда ұйықтап жатса да Халима өзіне қараған сұқ жанарды сезіп қоятын. Оянып кететін. Кейде ұзақ қарауға дәті шыдамай аққу мойнына жабысатын. Ал, қазір Халима түк сезер емес. Қайтсын шаршаған ғой, - деді Садықбек іштей. Сөйтті де әйелінің иығына қол салды. Кең кеуде шыт көйлектің жағасы қисайып әйелінің аппақ иығы көрінді. Арғы жағынан әлдеқашан суалған анары ағараңдайды. Садықбек мына дүниеге аз-кем қарап тұрды да тарбиған саусақтарын әйелінің төсіне апарып еді Халима селк етіп оянып кетті.

– Албасты, не көрінді, тыныш жатпай, - деп жамылғысын қымтап алды. Садықбек ары аунап түсті де көпке дейін тұла бойын шарпыған сезімнен арыла алмай ұзақ жатты. Өткен күндері көз алдынан тізбектеліп өте бастады.

Соңынан ерген жалғыз інісі де тоқырау жылдары тіршіліктің қамымен талай істің басын шалды. Пайда табамын деп шаш-етектен зиян көрді. «Оборот» қыламын деп жүріп «наборот» кетіп, ақыры аяғы үйінен айырылған. Сонда Садықбек інісін бала-шағасымен осында алдырып анау жыңғылды сайдың арғы жағындағы дөңге үй тігіп жүз қойын алдарына салып беген.

– Мына жүз қой сенікі. Екі дүниеде де сұрамаспын. Осыны бақ та, құла дүз десең де осында отыр. Басқаға болмасада, ет пен сүтке тойып отырасың, - деген еді. Інісі айтқанын екі етпеді.

Келіні алғашында мына меңіреу далаға шыдай алмай төркініне жиі кетіп қалып жүрді. Елдің бәрі зарығып әрең күн көріп отырғанда төрт баламен кімнің қолына сыюшы еді. Әйтеуір, мұның Халимасы секілді ол да көндікті. Ит байласа тұрғысыз меңіреу тыныштыққа алғашында бұл да шыдамайтын. Бірақ, өзіне-өзі сабыр берген. Осы Қызылқұмның төсінде талай-талайлар өкіметтің де малын бақты ғой, ал мынау менің өз малым ғой, - деп жұбататын өзін. Солай-солай еті де үйреніпті. Енді міне, осы құм даламен кіндігі бірдей. Кеткісі келмейді. Кей-кейде қарап жүріп Халиманың тоңқылдайтыны бар.

– Сүйегім осы құмда қалатын шығар. Мен өлсем елге апарма, осы құмға көм. Құм, шаң, қой мен сиырдан басқа не көреміз біз. Араласар ағайын жоқ, сырласар құрбы жоқ, мынау отырысымыз, құрт қайнатып, қи жағып. Жұртқа ұқсап ел көріп, жер көріп рахат өмір кешпеген соң мына малдан не пайда! Қырылып қалсын түге!...

Мүндайда Садықбек жым бола қалады. Қанша зығырданы қайнаса да үнсіз отырады. Халиманың сөзі таусылып үнсіз қалған кезінде ғана.

– Қой енді ашуланба. Осы малдың арқасында ғой осы күйге келіп, жонымызға май бітіп отырғаны. Ел-ел дейсің, елдің ішінде ішіп-жейтін тамағын әрең тауып отырғандар көп қой. Тіпті, айлап-жылдап ет жемейтіндер де бар. Шүкір десейші осы күніңе...

– Тәубә деймін ғой, қайтейін енді, мына жапан далада жынданып кетеді екен адам. Сен де әңгіме айтуды білмейсің, - дейді әйелі ақталғандай болып жыламсыраған үнмен. – Тіпті, самолет та ұшпайды ау ...

«Самолеттің не қатысы бар» деп ойлады Садықбек іштей.

– Не самолет ұшса қанатына ілесіп кетейін деп пе ең?

– Ия, құрығанда қиялыммен ілесіп дүниені шыр айналып келер ем. Біз бейбақтың маңдайына самолетке міну жазылып па екен?...

Халима көзіндегі келіп қалған жасты көрсетпейін дегендей теріс қарап ошағына тезек қалады. Садықбек бәрін сезгенмен оның да өңешіне әлдене түйілгендей болып әрең жұтынды да сәл ғана үнсіз қалды.

– Еркек болып туылғаныңда әскерге баратың ең. Сонда мінер ең. Әйел боп туылғаның үшін кімді кінәлайсың, - деп сөзін әзілге айналдырмақ болып еді онысынан түк шықпады. Халима тіпті езу де қимылдатпады.

Осылай күндер өте берді. Құм да меңіреу. Бұрынғыдай сусымайды, жылжымайды. Анда-санда жолдан адасқан, жоқ іздеген немесе ауылдан хабар әкелген біреулер болмаса мына даланың тыныштығын бұзатын Садықбек, әйелі, қойшысының әйелі, бала-шағасы, мыңғырған малы ғана.

Енді міне, күнімен өтірік-шынын араластырып самбырлап сөйлеп жүретін қойшысының әйелі Сапаркүл де жоқ. Мына даланың меңіреу екені тіпті біліне түскендей. Сапаркүлдің үш баласы жылап-жылап ұйқыға кеткен.

– Мамам енді келмейді, көке, неге жібердіңіз оны? Бізді тастап кетті ғой, біз енді не істейміз, - дейді ес біліп қалған үлкені Азат.

– Неге олай дейсің, балам. Мамаң келеді, сендерге кішкентай бөпе әкеледі, - деген Садықбек.

– Жоқ мамам келмейді, білем ғой мен. Бұрындары да сөйтетін. Келем деп өтірік айтады.

Садықбек ойланып қалды. Шешесінің өтірік сөйлейтінін балалары да біледі екен ғой.

– Папам мамамның өтірігін қойдыра алмай өліп кетті, - деді Азат өксігін баспаған күйі.

Уақыт шіркін өте береді екен-ау. Сапаркүлсіз де мына құм даланың таңы атып, күні батып жүр. Тек балаларына қиын болды. Алыстан көтерілген шаңды да, көрінген қараны да анасы екен деп ойлап, ұзақ күтеді. Сонан кейін қолындағы қойшысының да жұмысы көбейіп қалды. Бұрындары Сапаркүл илеп жүрген тезек енді оған қалды. Халимаға сиыр сауып, бұзау байлап жәрдем беруге тура келді. Ал, Сапаркүл сол кеткеннен мол кетті. Садықбектен алған жиырма мың өмірінің соңына дейін жететіндей мына құм даладан құтылуға асығып, қаладан бір-ақ шықты. Ол да біледі, қалада да өмір сүруге болады. Әрине, құмға қарағанда қызығырақ. Не дегенмен мұнда ел бар ғой. Бірақ, құмдағыдай әй қарның тоя қоймас. Сонда да, болса жақсы. Бір жақсысы мұнда Садағаңның қонақтарынан қалған бөтелкенің түбін жалап жүрмейсің. Онда да болса алдымен өзі секілді біреуді тауып алды. Еркек біткенде ес бар ма, сондай бір есуасқа кезіккеніне іштей қуанған. Жиырма мың не болсын, айға жетпей қалтасының түбі тесіле бастап еді, енді ақша табудың жолдарын қарастыра бастады. Күздің ызғары да түсіп қалған. Суық суға қолын салып подъезд жуып жүрді.

– Өзің жүкті екенсің, мына суықта мұздай суға қолыңды малып не көрінді саған, - деген әйелге қолындағы шүберегін тастап барлай қарады. Қара түбіт жемпір киген сары шашты әйел. Сөйлемесе орыс екен деп қалғандайсың. Әй, қазір қаланың әйелдерінің бәрінің басына найзағай түсіп кеткен деп ойлап үлгерді Сапаркүл іштей.

– Үй-жайың, бала-шағаң бар ма? Күйеуің ше? – деп сауалды үстемелеткен әйелдің әдемі жанарының арғы жағындағы мейірімділікті көріп үлгерді.

– Үйім де, жайым да жоқ әпше. Күйеуім жақында қайтыс болды, – деп өтірік қосып әлде қашан қурап кеткен күйеуінің әруағын аунатып. – Бала-шағам бір малды байдың қолында қозы бағады. Өзім де күйеуім қайтыс болған соң сонда жалданып ас-суын даярлап, сиырын сауып жүргенмін. Отымен кіріп, күлімен шығып жүрсем де жөнді тамақ та бермейді. Ақшаны ғой тіпті ұстатпайды. Балаларымды ұрып-соғып жұмсайды. Шыдамай қашып кетуге мәжбүр болдым. Қалаға келіп пәтер тауып алсам балаларымды әкеліп алам деп ойлағам. Сөйтсем, мұнда да оңай емес екен. Қайтейін, қиналып кеттім. Қиналсам да амалым жоқ, аз-кем ақша жиып балаларымды әкеліп алсам, – деп қинала еңкейіп жұмысына қайта кірісті. Келіншек үнсіз екінші қабаттағы үйіне кіріп кетті. Аздан соң темір есігі қайта ашылып, жаңағы келіншек қайта көрінді.

– Мә, сіңілім мына киімдерді киіп ал. Тонып қалып жүрме, – деп бір түйіншек киім берді де қолын қалтасына сұғып екі бес жүз теңгелікті бұған ұсынды.

– Ой, алуға ұялып тұрмын, - деді бұл өтірік сызылып, іштей қуанып тұрса да.

– Ал, ал, ұялма.

Сапаркүл ақшаны сып еткізіп қалтасына салып алды. Тағы да мына пәтер иелерінен әр қайсысынан жуған ақысына елу теңгеден алса бірталай ақшаның басын құрайды. Сөйтіп бүгін күндегідей «самопал» емес тазасынан біреу алды. Ия, тағы да исі мұрынды жарған бір кесім шұжық алса жетіп жатыр.

Шұжықтың иісі мұрынын қытықтап жұмысын қалай тез аяқтағанын өзі білмей қалды.

– Маған қара, сен бұлай жүре берме. Ана ішіңдегі балаға обал. Жағдайың болмаса аудан әкімінің алдына кіріп айт. Көмегін аямайтын жақсы кісі, – деген әлігі әйелдің сөзін қайта-қайта еске алды. Шынында да неге солай етпеске.

Ертеңіне таңертен жиналды да, аудан әкімдігіне тартқан.

– Апай қайда, кімге барасыз? – деген есік аузындағы күзетшінің сөзіне де қараған жоқ. Әкімнің бөлмесіне тура тартты. Мұнда да төбесіне найзағай түскендей сары шашты қыз темір терезеге үңіліп отыр екен.

– Не мәселемен келіп едіңіз? – деді бұның киіміне жақтырмай қарап.

– Жеке мәселемен.

– Жеке мәселемен тек сәрсенбі күні ғана қабылдайды. Сол күні келіңіз.

– Қайта-қайта келе беретін жағдайым жоқ. Көріп тұрсың аяғым ауыр, сіңілім кіріп шығайын, - деді жалынғандай түр көрсетіп.

– Жоқ апай. Әкім қазір жиналыста. Басқа күні бәрібір қабылдамайды. Сәрсенбіде келіңіз.

– Неге қабылдамайды екен? – Сапаркүл алқынып есікке беттеді. Ізінен хатшы қыз да еріп келді.

– Тоқтаңыз апай, қазір мүмкін емес, онда адамдар бар, жиналыс өтіп жатыр.

– Жібер! Бәрібір кіремін. Аяғы ауыр әйелге қалайша қол көтересің.

Бар күшімен жұлқып ішке енді. Әкім көзілдірігін төмен түсіріп «Бұл кім?» дегендей көзінің үстімен барлай қарады. Анандайда отырған жас жігіт жүгіріп келді.

– Шығыңыз, мұнда жиналыс болып жатыр, - деп мұны сыртқа итермеледі.

– Жоқ, шықпаймын. Жылы жерде отырып алып шіренесіңдер. Елмен істерің жоқ. Мен жүктімін көрмей тұрсыңдар ма?

Әкім орнынан тұрып ұзын залдан салмақты аяқ басып бұған қарай жүрді.

– Кешіріңіз, қазір өте маңызды жиналыс өтіп жатыр еді. Сәл күте тұрыңыз, – деді жұмсақ үнмен.

Сапаркүл сары шашты қыздың алдына қайта шықты да ұзақ күтті. Әлден уақытта бағылған өгіздей қоңды-қоңды қызметкерлер бірінен соң бірі бұған біртүрлі көз тастап залдан шықты. Хатшы қыздың алдындағы қоңырау дір етті де бөксесін билетіп қуыршақ қыз әкімнің бөлмесіне кіріп кетті. Сәлден соң екі езуі құлағына жетіп есіктен шыға:

– Кіріңіз, - деді бұған.

– Ия, келіңіз, отырыңыз, -деді алдындағы алдындағы тұрған орындықты нұқсап. – Ия, не шаруамен келдіңіз?

Сапаркүл еңірегенде етегі жасқа толып өтірігін сапыруға көшті.

– Несін сұрайсыз, Ерік Нышанұлы, күйеуім алты ай бұрын қайтыс болды. Бас ием кеткен соң жағдайымыз тіпті нашарлап, нан таба алмай қалдық. Үш балам бар. Үшеуі де қазір оқымайды. Үй жайым, жағдайым болмаған соң бір байдың аспазшысы болып істеп жүр ем. Келіскен ақшасын бермеді. Күнімен қойшысының кірін жуамын, тезегін илеп, сиырын сауып, не керек «отымен кіріп, күлімен шығып» жүрдім. Балаларым да соның тірлігін істейді. Бірақ, ешқайсымызға ақы төлемейді. Өзім жүктімін. Дәрігерге тіркеуге тұрайын десем де жібермейді. Осы жолы әрең шықтым. Маған көмек беріңіз, - деді жалынған үнмен.

Әкім аз-кем үнсіз отырды да қолын қалтасына салды. Сапаркүл іштей қуанып кетті. Қалтасынан бес мыңдық бір қағазды суырған әкім:

– Мынаны алыңыз. Аз да болса көмек. Үй мәселесін қазір шешіп бере алмаймын. Ауданымызда келесі жылы коммуналдық төрт үй салынбақ. Бұл мәселені сол кезде көрерміз. Ал әзірге денсаулығыңызды күтіңіз, дәрігерге барыңыз,- деп шығарып салды. Ақша қалтаға түскен соң Сапаркүл бәрін де ұмытты да базарға қарай шапты.

Ертесіне таңертен дәрігерге барды. Кезекте тұрған жүкті әйелдерді бұзып жарып қабылдауға кірді.

– Сіз осы кезге дейін не істеп жүрсіз. Құжаттарыңыз қайда? Қай жерде тұрасыз? – деген дәрігерге Сапаркүл одан бетер шаптыға кетті.

– Құжатымда жоқ, үйім де жоқ. Құмда қой бағамын. Қой баққандар адам емес пе?!- деп ауыруханада шу шығарды.

Аз-кем қалада жүрген ол өзі секілді құрбыларды тауып алды. Бар тапқандарын араққа жұмсап, жеңіл күлкі, арзан ойынға мас болып үш баласын да ұмытты. Олардан үлкен екеуі ғой тіпті естен шыққан еді...

(жалғасы бар)