el24.kz Маңғыстау облысы Түпқараған ауданына қарасты Форт-Шевченко мен Баутино елді мекендерінің маңынан Қызыл кітапқа енген Каспий итбалығы өлекселері табылды. Қазіргі мәлімет бойынша, жалпы саны 191 итбалық тіркелген.
Оқиға орнына экологтар мен тиісті сала мамандары жедел түрде барып, тексеру жұмыстарын жүргізді. Мамандар теңіз суынан және жануарлардың денесінен сынамалар алып, зертханалық сараптамаға жолдаған. Оның нәтижелері кейін белгілі болады.
Алдын ала болжам бойынша, итбалықтар шамамен бір ай бұрын ашық теңізде қырылған. Кейін күшті желдің әсерінен олардың өлекселері жағалауға шығарылғаны айтылып отыр.
Қазіргі таңда мамандар итбалықтардың қырылу себептерін анықтау жұмыстарын жалғастыруда. Бұл жағдай өңірдегі экологиялық ахуалға алаңдаушылық туғызып отыр, себебі Каспий итбалығы – жойылып кету қаупі бар сирек түрлердің бірі.
