el24.kz Астанада болған ірі өрттен аман қалған, үш бірдей баласынан айырылған әйел есін жиды. Қазіргі таңда науқас жетінші күн қатарынан жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын әлі де ауыр деп бағалап отыр.
Дәрігер-травматолог Марат Сабировтің айтуынша, әйелдің ауыр халге түсуіне күйік жарақаттары, тыныс алу жолдарының зақымдануы және ағзаның улануы себеп болған.
«Пациент есін жиды, қажетті медициналық көмек толық көрсетіліп жатыр. Тыныс алуы жасанды желдету аппараты арқылы қамтамасыз етілуде. Жүрек соғысы мен қан қысымы тұрақты», – деді дәрігер.
Қазіргі уақытта әйел елордалық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Оның психологиялық жағдайына қатысты нақты ақпарат әзірге жарияланған жоқ.
Аталған оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, қауіпсіздік мәселесіне тағы да назар аудартты. Мамандар мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
