Саған мен соғыс жылдарынан кейін болған бір оқиғаны айтып берейін-деді,кәрия,тек,қорқып жүрме…

-Бірде қос өгіз жеккен екі шанамен поселкеден қалаға кіре тарттық.Аяз шамалы болса да,күн алақаншықтанып,жаяу борасын жүріп тұрған.

Колхоз бригадирі Матвей:-бұның соңы боранға ұласады.Бүгінше поселкеден шықпай-ақ қойыңдар-десе де,тәуекел деп,тартып кеттік Наталья екеуіміз. Ол - колхоздың агрономы да,мен-қоймашысы едім.Бұл-соғыстан соңғы,тың игеру жылдарының алды болатын. 


Селодан бірер шақырым алыстасымен шынында да боран күшейді. Шанаға жеккен қос өгіздің мүйіздерінің өзі әзер-әзер көзге шалынды.Дауысымыз қарлыққанша кезек-кезек айғайлап,көлігімізге дем беріп қоямыз.Бұлай етпесең,сиыр малы жалқау,жетер жерге тұяқ бастым деп, шаңырақтай мүйіздерін шайқап,мүлгіп,тұрып алуы мүмкін.Ал,бір тоқтаса,өгіздерді орынынан қозғалту қиынның-қиыны. 
Көзімізге қар ұшқындары инедей қадалады.Бетімізді бүркегенмен,өкпек жел жаулығымызды қайырып тастайды.

Жанымдағы Наталья да шана үстіндегі кенеп қаптардың тасасына қайра-қайра тығылып әуре.Өгіздердің беталысын бағдарлап,жолдан шығармай қақпайлап келе жатырмыз. Қалаға ол жылдары үш қонып жетеміз.Әлі алғашқы қоналқаға да тұяқ іліктіргенміз жоқ…

Боран болса, ақ түтекке айналып,құтырып барады.Кімнің өлгісі келеді дейсіз.Шоши бастадық.

-Қаптарды жерге түсіріп,баспана жасап алайық-деп,айғайлады Наталья ақыры…

Өгіздерді тоқтатып,түсіп,соңғы шанаға барсам,қар басып қалған аппақ қаптардың тасасында ішкі киімі ғана бар жас келіншек отыр,бүрісіп...

Біз жүріп өткен жолда ел болмайтын.Тек,әредік молалар ғана кездесетін.Ақыл-есімнен айырылып қала жаздадым.Аяқтарым шатқаяқтап,кейін шегініп,келе сала алдыңғы шанадағы Натальяны жұлқыладым…

 -Ойбай,Наташа,соңғы шанада жалаңаш біреу отыр-деп,айғайға бастым…

Оның да иманы бір қысым болды.Ауызы ашылып,шалқасынан түсіп,талып қалғандай болды…

Ақыры, екеуіміз ақ талқан боранға қарамастан,соңғы шанаға бір-бірімізге сүйеніп,жетсек,әлгі жалаңаш қыз ізім-қайым жоқ…

-Көзіңе бірдеңе көрінген ғой сенің, Настя - дейді,ол суықтан діріл қағып…

Қайта оралып, өз шанамызға отырып,соңғы шана жаққа шошына көз салдық.Бұл кезде боран да ашылып,маңай әжептәуір көрініп қалған.Өгіздерге жем тастап,әлдендіріп,сапарымызды одан әрі жалғастырдық.

Натальяның көңілі орныққанымен,менде маза жоқ.Әлгі адамды өз көзіммен көргенім ақиқат. Ешқандай елес емес-тін...

Тіпті,суықтан қалтыраған дауысын да,тістерінің сақылдағанын да естігенмін..Үстіндегі іш көйлегінің екі иығына қатқан мұздарды да байқағанмын.Бұл кезде қыстың қысқа күні қараңғылығын үйіре,түн де түсе бастаған.Алдағы ауылдың қарасы әзірге көрінер емес.

Өгіздері жандарына батыра айырмен түртіп отырмасақ,жүрісіміз өнер емес-дедім,қасымдағы серігіме.Ондағы ойым-ширағырақ жүріп,әлгі қатерлі жерден мүмкіндігінше алыстап кету.Шанадан түсіп қалған жалаңаш қыз енді қуып жетпесін деген қорқыныштан туған далбасам.
 
Жемдерін жеп, түртпектеуі де күшейген соң өзгіздер шиырағырақ басуда.Ендігі қауіп,айналадағы тастай қарағылық.Ай туғанша қонар жерімізге жетіп алсақ,оңды.Жан-жағымызға қорқа қарап,ілбіп келеміз.
 
Мұндайда қасқыр кездессе де,қатер.Бірақ,екеуіміздің де жандарымызда саптары ұзын айырлар жатыр.Өз құралымның сабын қысып-қысып қоямын…
 
Боран ашылған.Маңайдың таяқ тастам жері ғана көзге шалынады.Түн көрпесін қымтай бастаған.
 
-Сәл шыда,Натали.Әне, «Қараегін» ауылының шамдары да көріне бастады-деймін, сапарлас серігіме біршама мерзімнен соң ,қуат беріп…
 
-Қорқамын,Настюша!-дейді ол маған тығыла түсіп…
 
Көз ұшынан еміс-еміс байқалған ауыл шамдарына қуана қарап отырып,соңғы шана жаққа көз салуды естен шығарып алыппыз.
 
Әлден уақытта тұла бойым шым ете қалды.Шошып кеткенім сонша, денем қалтырап қоя берді.О,Құдірет,соңғы шанаға қарасам бағанағы жалаңаш қыз қар басып қалған аппақ қаптардың енді үстінде отыр.Ай жарығымен сап-сары беттері,бізге қарап,айбат шеккені анық көрінді.Жұдырықтарын түйіп,бізге қарай талпынып-талпынып қояды.Зәреміздің кеткені соншалық,Наталья екеуіміз де шанадан ауып,түсіп қалыппыз.Қасымыздан көлігіміздің сықырлап өтіп кеткенін ғана еміс-еміс білеміз.Ақылымыз ауып,талып қалыппыз.Жалаңаш қыздың тұла бойының көкпеңбек екенін,көздерінің от шаша жарқылдағанын Наташа екеуіміз де байқаппыз…
 
Содан көлігіміз алдағы ауылға бізсіз жетіп,өзі тоқтап үйренген колхоздың «постояльный дворына» бас тірепті.
 
Үй иелері шаналардағы біздің жоғымызды байқап,атты кісілерін жіберіп, үсіп өлгелі жатқанымызда,ауылға әкеліпті.Ешқандай жалаңаш қызды көрмегендерін,тек,екі өзгіздің сауырларынан қан саулап тұрғанын ғана байқапты.
 
Артынан колхоз басқармасы ортаның көлігін соншалықты қанын шығара аямай соққылағанымыз үшін,жұмысымыздан шығарды.Өгіздерді жол бойы ешқандай да ұрмағанымызды,тек арттарынан жеңіл ғана айыр ұшымен түртіп отырғанымызды айтып,ақталғанымызбен,басқарма мүшелері де,колхоз бастығы да сенбеді.
 
Ал, жалаңаш қыз туралы әңгімеміз үшін бүкіл ел күлкі етті. 
 
Міне,балам,басымыздан тың игеру жылдарының алдында осындай оқиға өткен.Әлгі жалаңаш бойжеткеннің жын ба,пері ме,жоқ,әлде,күйеуінен таяқ жеп,қашып шыққан бейбақ біреу ме,әйтеуір кім болғанын білме алмадық. Екі адам қатар көрсек те,жан баласын ақиқатқа сендіре алғамыз жоқ…
 
-Ал, сен жын-шайтан өмірде бар ма дейсің. Әжей жаулығын түзеп,Матильдаға нанның қиқымдарын тастап ,терең күрсінді…
 
Ең ғажабы-сол баяғы жалаңаш қыз анда-санда,таң алдында ана босаға жаққа келіп отырады да, мына тауығым , Матильданы алдына алып,қанаттарынан сипап,сақ-сақ күледі...
 
Одан енді баяғыдай қорықпаймын да .Жасым келді.Тәңірден ажалды өзім де сұрап жүргендіктен,несіне шошимын...
 
Нанбасаң,бүгін қоналқаға осында келе ғой.Таң құланиектене міндетті түрде келеді…
 
…Кәрияның бір үйде ұзақ жылдар жалғыз тұрғандығынан, көзіне осылайша кей уақтарда бірдеңелер елестейтін болар.Әйтпесе,мынандай алып қаланың ортасында отырған кейуанаға таң алдында келіп жүрген қандай бейне дейсіз.Миллионға жуық тұрғыны бар астанада да адам жалғыз болады екен-ау..-деп ойладым, « шаһардағы жалғыз үйден » сыртқа шығып бара жатып...
 
Соңы...