фото Malim.kz

    el24.kz Продюсер Баян Алагөзова мен әнші Мөлдір Әуелбекова арасында дау туындады. Танымал продюсер әлеуметтік желіде жазба жариялап, бұрынғы әріптесіне қатысты өткір пікір білдірді.

Баян Алагөзова өз жазбасында Мөлдір Әуелбековаға қарата ренішін ашық жеткізген. Оның айтуынша, әншімен арадағы жағдай шиеленісіп кеткен.


«Мен енді саған да, маған да, мен сен үшін жасағанның бәріне түкіруге жол бермеймін! “20 жыл KeshYOU” атты шуды фильмнің үшінші бөлімін күтіңіздер. Әлде оның сатқын екенін айтуға уақыт келген шығар?» – деп жазды продюсер.

Сонымен қатар, ол алдағы фильмде Мөлдірдің беделін көтеруге тырысқанын, алайда әншінің концертке қатысудан біржақты бас тартқанын атап өтті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мөлдір Әуелбекова KeshYOU тобының мерейтойлық концертіне қатыспайтынын мәлімдеген болатын. Әнші бұл шешімін жеке таңдауы ретінде түсіндірді.

«KeshYOU концертіне қатыспау туралы шешім қабылдадым. Менсіз-ақ, алтын құраммен керемет кеш өтетініне сенімдімін. Осылайша, өнер жолымдағы үлкен бір кезеңді өзім үшін аяқтаймын», – деді ол.

Әуелбекова сондай-ақ өзінің 20 жылдан астам шығармашылық жолында түрлі кезеңдерді бастан өткергенін, сахнамен қатар басқа салаларда да еңбек еткенін жеткізді.

Бұл жағдай шоу-бизнес өкілдері мен жанкүйерлер арасында қызу талқыланып жатыр. Екі тараптың қарым-қатынасы қалай өрбитіні әзірге белгісіз.