el24.kz Қазақстанда АИ-92 маркалы бензин бағасына енгізілген мораторий өз күшін жойды. Бұл мәселе Үкіметтегі брифинг барысында көтеріліп, жанармай бағасының алдағы өзгерісі туралы ресми түсініктеме берілді.

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов бағаның күрт өсуі күтілмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, жанар-жағармай нарығы бұрын да еркіндікке жіберілген кезеңдерде бағада айтарлықтай секіріс болмаған.

«Бұл тек Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі емес, сонымен қатар Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, жергілікті әкімдіктер мен басқа да мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысының нәтижесі. Біз антибәсекелестік әрекеттерге жол бермеу үшін жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отырмыз», – деді вице-министр.

Оның сөзінше, қазіргі таңда көтерме бағалар да жіті қадағаланып отыр. Әсіресе, негізсіз артық табыс табу әрекеттерінің алдын алу мақсатында тиісті шаралар қолға алынған.

Сұңғат Есімханов жанармай бағасының өсуі мүмкін екенін жоққа шығармады, алайда бұл өзгерістер біртіндеп және нарық заңдылықтарына сай жүзеге асатынын жеткізді. Оның айтуынша, көрші елдермен салыстырғанда Қазақстанда жанармай бағасы әлі де төмен деңгейде қалып отыр.

Еске салсақ, жанар-жағармай бағасын ұстап тұру мақсатында мораторий Қазақстан аумағында 2025 жылдың қазан айында енгізілген болатын. Енді оның күшін жою нарықтағы баға қалыптасуына жаңа кезең басталғанын білдіреді.

Мамандардың пікірінше, алдағы уақытта жанармай бағасы біртіндеп қымбаттауы мүмкін, алайда күрт өсім болмайды деп күтілуде.