Тараз қаласындағы гимназиялардың бірінде 10-сынып оқушысы үзіліс кезінде қатыгездікпен соққыға жығылды. Оқиға қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырды.
Зардап шеккен 15 жастағы жасөспірімге шұғыл түрде ота жасалған. Оның жағдайы ауыр деп бағалануда. Баланың анасы Зухра Каримова дәрігерлердің сөзін жеткізіп, баласының көзіне аса күрделі зақым келгенін айтты.
«Дәрігерлер “көзін бөліктерге бөліп қайта құрастырдық” деді. Ең болмаса орган ретінде сақталса екен дейді. Қазір алдағы 10 күн өте маңызды. “Инфекция миға өтпесін деп дұға етіңіздер” деді», — дейді анасы.
Оқиға сабақ арасындағы үзіліс кезінде, ұлдарға арналған киім ауыстыратын бөлмеде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 9-сынып оқушылары 10-сынып оқушысы Дамирді сол жерге алдап шақырған.
Бақылау камераларына түскен бейнежазбаларда жанжалдың бірден төбелеске ұласқаны көрінеді. Жәбірленушінің досы көмектеспек болғанымен, оны басқа оқушылар ұстап қалған. Осы сәтте Дамирдің басынан соққы алғаны белгілі болды. Соған қарамастан, ол кейін өздігінен бөлмеден шыға алған.
Ауыр жарақат алған жасөспірім болған оқиғаны толық есіне түсіре алмайды. Дегенмен, анасының айтуынша, ол шабуыл жасағандардың қолында темірге ұқсас зат болғанын айтып үлгерген.
Аталған дерек бойынша полиция «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жамбыл облыстық полиция департаменті мәліметінше, тергеу барысында оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.
«Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны үшін ата-аналар да жауапкершілікке тартылады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты және объективті түрде зерттелуде», — делінген ведомство хабарламасында.
Қазіргі таңда дәрігерлер жасөспірімнің өмірі үшін күресіп жатыр. Ал қоғам бұл оқиғаға бейжай қарамай, кінәлілердің әділ жазалануын талап етуде.
