Сондай-ақ, Сапаралы Серікбаев екінші әйелімен некесін бәйбішесінің көзінше қидырғанын да жасырмай айтып берді. "Кеңес үкіметі заманында көп әйел алу деген қатты бақылауда болатын. Екіншімді үйге алып келіп, түн ішінде ауылдың имамын шақырып, некемізді қара шаңырақта қидырдық.
Ол үйде бәйбішеммен бірге тұрғанмын.Өзімнің туыстарым мен қайын ағаларымды шақырып, батасын алдым. Алғашында оның ағалары қарсы болғанымен, бәйбішем өзі рұқсатын бергенін айтты", - деген атай сол кезде екі әйелін де той-томалақтан қалдырмай, бірге ертіп жүрген.
Сапаралы қария шаңырақ көтергеннен кейін біраз жыл өткенде бәйбішесі қайтыс болыпты. Осы оқиғадан кейін сырқаттанған қарияны екінші әйелі емші келіншекке емдеуге алып барған. Кейіннен сол шипагер әйелмен көңілі жарасып, Сапаралы Серікбаев үшінші рет шаңырақ көтереді.
Бүгінде үш әйелінен 15 немере, он шөбере сүйіп отырған ақсақал төртінші рет отбасын құруға қарсы емес екенін де сөз арасында айтып қалды. "Немере, шөберелермен жарысып үйленіпті" демесе, негізі ойда бар (күліп). Немерелерім үйленерде сендермен бірге күйеу жігіт болып барайын" деп әзілдеймін", - деп ағынан жарылды ол.
Сапаралы қария қазіргі уақытта ажырасудың белең алуы әйел адамның тәрбиесіне қатысты екенін жеткізді. "Қол көтерген соң ажырасып кетіпті дейтіндер бар. Бәлкім оның да себебі бар шығар. Ішімдік мәселесін тыю қажет. Дегенмен менің түсінігімше, ажырасуға көп жағдайда пәктік мәселесі кесірін тигізеді.
"Сүйем, күйем" деп бүгін қосылып, ертең күндердің күнінде "Маған дейін кіммен болды? Қайда жүрдің?" деген әңгіме міндетті түрде қозғалады. Сондықтан пәктік мәселесін, абыройын сақтау қажеттігін жас қыздардың құлағына бала күнінен құю керек. Бұл – үлкен мәселе", - деді Сапаралы Серікбаев.