el24.kz  Қоғамда кең резонанс тудырған Қаржаубай отбасының ісі бойынша соңғы сот шешімі шықты. Бұл туралы белгілі заңгер Мейірман Шекеев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

 

Адвокаттың айтуынша, аталған іс тек Қазақстанда ғана емес, шетелдік аудиторияның да назарын аударған. Ол Қаржаубай отбасының халықтан үлкен қолдау күткенін атап өтіп, әділдік мәселесіне ерекше тоқталды.

«Біз ешкімнің жазықсыз сотталғанын қаламаймыз. Алайда 42 мемлекеттің халқы бақылаған істе сотталушылардың кінәсіне өздеріңіз баға бердіңіздер», — деп жазды ол.

Іс Шерзат П. атымен байланысты. Осы қылмыстық іс аясында Тоқтаубаев А. мен Қалияхметов Д. тарапынан берілген кассациялық шағымдар бүгін қаралған.

Сот процесі барысында сот алқасы кеңесу бөлмесіне кеткен сәтте белгісіздік пен алаңдаушылық болғанын айтқан адвокат, шешімді күту оңай болмағанын жеткізді. Соған қарамастан, сот түпкілікті шешімін жариялады.

Нәтижесінде, Тоқтаубаев А. мен Қалияхметов Д. берген кассациялық шағымдар қанағаттандырылмай, бұрынғы сот актілері өзгеріссіз қалдырылды.

«Әділдіктің соңғы нүктесі қойылды деп ойлаймын. Ананың алғысын алған мен бақытты шығармын», — деді Мейірман Шекеев.

Сөз соңында заңгер Қаржаубай отбасына алдағы уақытта тек жақсылық пен қуаныш тіледі. Сонымен қатар, қиын кезеңде отбасыға қолдау білдірген барша жұртшылыққа алғысын жеткізді.