el24.kz Атақты жекпе-жек шебері Мұстафа Өзтүріктің қызы Неслихан Өзтүрік әлеуметтік желідегі әсерлі жазбасымен көпшіліктің назарын аударды. Ол әкесіне қатысты ұзақ жылдар бойы сақталған құнды мұраның табылғанын хабарлады.
Неслихан Өзтүріктің айтуынша, бірнеше апта бұрын ол Алматы қаласына арнайы сапармен келген. Сол сапар барысында ол әкесінің көзі тірісінде сеніп тапсырған адамы – Қайыр Мейірбеков Сейсембекұлымен кездескен.
«2004 жылы менің апам оған әкемнің шапаны мен төлқұжатын аманат етіп тапсырған еді. 22 жыл бойы ол екеуін де қазынадай сақтап келді. Сол үшін мен оған шын жүректен алғыс айтамын», – деп жазды ол.
Оның сөзінше, бұл кездесу ерекше толқынысқа толы болған. Неслихан Қайыр ағаға әкесінің жеке заттарын өзіне табыстай аласыз ба?-деп сұраған. Сонымен қатар, ол бұл мұраны жеке өзіне сақтамай, халық игілігіне беруді көздейтінін жеткізген.
«Мен оны өзім үшін сақтамаймын… Мен оны халқымызға табыстағым келеді. Келесі ұрпақ үшін. Олар одан күш ала алуы үшін», – деді ол.
Неслихан Өзтүрік әкесінің жылдар бойы сақталған басқа да естеліктерін жинақтап, алдағы уақытта Қазақстандағы музейлердің біріне тапсыруды жоспарлап отырғанын айтты. Оның айтуынша, бұл – тек отбасының емес, тұтас халықтың мұрасы.
Бұл оқиға көпшілікке рухани құндылықтың, аманатқа адалдықтың және тарихи мұраны сақтаудың маңызын тағы бір мәрте еске салды.
