Орталық Азия елдерінің өкілдері пандемия және локдауннан кейін қалай қалыпқа келіп жатқанын айтып берді. Басты мәселе — қаржыландырудың жетіспеушілігі.

Covid-19 пандемиясы бүкіл әлем үшін қиын болды. Орталық Азия өңірінің елдері үшін ерекше. Екі жылдан астам қажырлы күрес экономикалық құлдырауға әкелді, бұл тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізуде кедергі болды.

Бұл бір кездері БҰҰ дамушы елдер үшін қозғалыс векторы ретінде енгізген 17 мақсат. Олардың ішінде негізгілері теңсіздік пен аштықты жою және қысқарту, гендерлік теңдік пен білімге қолжетімділікті күшейту, сондай-ақ жан басына шаққанда жылына кемінде 7% экономикалық өсуді қамтиды

Бүгінде Орталық Азия елдері салдардың орнын толтыруға тырысуда. Шенеуніктер ТДМ бойынша екінші өңірлік саммитте дағдарысты еңсеру жоспарларымен бөлісті.

БҰҰ гранттары

Қазақстанда БҰҰ-мен тығыз ынтымақтастық орната отырып, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуді көздейді. Атап айтқанда, 2020 жылы пандемия кезінде елде олардың 1 миллион долларлық гранты жұмылдырылды. Ақша ТДМ мемлекеттендіру және қаржыландыру бойынша бірлескен бағдарламаны іске асыруға бағытталды. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімов айтты.

Шенеунік қаржы нақты неге жұмсалғаны туралы нақты жауап берген жоқ. Оның сөзіне сүйенсек, барлық қаражат “жоспарлау және бюджеттеу жүйелерін тұрақты даму мақсаттарымен үйлестіруге” жұмсалды.

Нәтижесінде ТДМ бағдарламасын іске асыру үшін… жеке сектордың қаражатын тарту туралы шешім қабылданды. Алайда олар бизнесті қандай жобаларға қосуды жоспарлап отыр және оларды немен қызықтырмақ екенін Әбдікәрімов түсіндірмеді

Вице-министр сондай-ақ Үкімет еңбек нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін постковидтік кезеңде экономиканы қалпына келтіру жағдайында шаралар қабылдағанын атап өтті.

Жел диірмендерімен күрес

Нәтижесінде 2020-2021 жылдары жұмыссыздық деңгейі 4,9% сақталды. Алайда, экономистер бұл сандарға аса сенбейді, өйткені мемлекет өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды жұмыссыздарға жатқызбайды. Сонымен қатар, дағдарыстан туындаған проблемаларға байланысты көптеген шағын кәсіпорындар пандемия кезінде өз қызметін тоқтатуға мәжбүр болды, нәтижесінде қызметкерлер жұмысынан айрылды.

ҚР Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2021 жылғы қаңтарда елде 159,7 мың белсенді кәсіпорын болған — 2020 жылғы шілдеге қарағанда 2,8%-ға аз. Яғни, пандемияның жарты жылында белсенді шағын кәсіпорындар саны бес мыңға азайды

Бірақ Әбдікәрімов бүгінде мемлекет зардап шеккен салаларды белсенді түрде субсидиялайды деп мәлімдейді. Алайда қандай салалар және инвестиция көлемі қандай болмақ, оны нақтыламайды. Бірақ қабылданған шаралардың нәтижесінде, оның айтуынша, жан басына шаққандағы ЖІӨ 2020 жылмен салыстырғанда 2021 жылы 6,5%-ға өсті.

Шенеунік 2022 жылы қабылданған 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасына үлкен үміт артады

Аймақішілік ынтымақтастық

Қырғызстан президенті әкімшілігінің өкілі Алмаз Исанов Орталық Азияның әрбір елінің постковидтік экономикалық проблемаларының шешімін неғұрлым тығыз ынтымақтастық және екіжақты сауда қатынастарына көшу арқылы көреді.

Оның айтуынша, маңызды қадам суды жауапты пайдалану болып табылады. Қырғызстан мен Қазақстан Шу өзені бассейнінен суды бөлу кезінде жиі дауласатынын ескерсек, бұл тармақ өте өзекті

Исанов бірлескен электргенерация жобасын жүзеге асыру қажет деп санайды.

Тәжікстан Орталық Азия елдерінің ынтымақтастығын күшейту қажеттілігімен келіседі. Тәжікстанның Экономикалық даму және сауда министрінің бірінші орынбасары Ашурбоя Солехзоданың мәліметтеріне сәйкес,

Қазақстан бүгінде олардың негізгі сауда серіктесі болып табылады. Бұл ретте ол Өзбекстанды екі еседен астам басып озды. 2021 жылы Тәжікстан мен Қазақстанның сыртқы сауда айналымы $1,2 млрд-қа жуық, Өзбекстанмен — $500 млн-ға жуық

Солехзода атап өткендей, басқа елдермен сыртқы сауда шарттарын жеңілдету үшін ДСҰ-ға кіргеннен кейін арнайы комитет құрылды… Мұнымен Орталық Азияның барлық елдері “ауыратын” көрінеді: бір нәрсені жақсарту үшін міндетті түрде жеке мемлекеттік орган құру…

Кедейлікпен күресу үшін бас қосты

Өзбекстан да бұл тұрғыда қалыс қалған жоқ: тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуді бақылау үшін онда үкіметаралық үйлестіру кеңесі құрылды, оған 21 мемлекеттік органның өкілдері кірді. Өзбекстан Республикасы президентінің әкімшілігі жанындағы ОЭД директоры Обида Хакимовтың айтуынша тұрақты дамудың барлық мақсаттарының ішінде Орталық Азия елдері кедейшілікті еңсеруге баса назар аударуы керек

Өзбекстанда 2022 жылдан 2026 жылға дейін кедейшілік деңгейі екі есе төмендемек. Ол үшін 2021 жылы тиісті бағдарлама қабылданды, ал қазір стратегия әзірленуде.

Оған әлеуметтік қолдауды күшейту, білім беру және денсаулық сақтау жүйесін жақсарту, кәсіпкерлікті қолдау, инвестициялар тарту және өңірлік инфрақұрылымдық даму кіреді. Хакимовтың айтуынша, көбінесе, жергілікті жерлердегі ең жақсы үкіметтік шешімдер адами капиталдың төмен сапасына байланысты тиімсіз болып шығады. Сондықтан Өзбекстанда жаңа жүйе іске асырыла бастады — азаматтық қоғамның түрлі салаларынан білімді адамдарды тартып, оларды әкімдердің көмекшілері етіп тағайындады

Бұл адамдар кедейлікті азайту жөніндегі саяси шараларды жүзеге асыруға жауапты. Осы реформаның нәтижесінде Өзбекстандағы кедейлік 2021 жылдан бастап 27,5%-дан 11%-ға дейін төмендеді. Бірақ Хакимов атап өткендей, жоспарланған реформаларды одан әрі жүзеге асырудағы проблема қаржыландырудың жетіспеушілігі болуы мүмкін. Сондықтан Өзбекстан үкіметі Қазақстанның үлгісі бойынша жеке сектордың инвестицияларын тартпақ.

Осындай үрдіске қарап, жеке инвестицияларсыз Орталық Азия өңірі елдерінің тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуі екіталай деген қорытынды шығады…

365info.kz