Шара Тұрмағанбетқызы журналист, Ақтөбедегі Ырғыз аудандық«Ырғыз»газетінің редакторы
-Армысыз, Шара апай! Əңгімемізді Журналистикаға келу тарихыңыздан бастасақ...
-Жазу-сызудағы тағдырыма өкпем жоқ. Аудандық, облыстық, аймақтық газеттердің біразында қызмет еттім. Ауданда жүрген жерімнен атақты «Алтын Ордаға» келдім. Кейінірек «Ұлт TIMES», «Қазақия» деген мықты басылымдардың уығын шаншыстым.
Жеке жағдайыма байланысты, оның үстіне елдің жігіттері қолқа салған соң, қазір туған жерімде-Ақтөбенің Ырғыз ауданында аудандық газетте редактормын. Елге келуімнің басты себебі- қалада, көптің ортасында шуылдап, түк бітірмей жүргенше... туған ауылымның кейбір мәселелерін қолдан келгенше шешуге мұрындық болу болды. Шыным-осы. Бірден болмағанмен, аздап та болса, елге септігім тиіп жатыр, соған қуанамын. Бірақ үлкен журналистикадан қол үзіп кеткем жоқ. Облыстағы жалғыз тәуелсіз басылым- «Керек инфоның» тұрақты авторымын. «Датпен» де ұдайы байланыстамын. «Жұрт қаланы армандайды, сенікі не, ауылға кетіп?» дейтін «қызық» сұрақтар болады. Алайда нағыз өмір-ауылда. Жалпы бір жерде тоқырап қалғанды ұнатпаймын, осы жерге де бір жақсы кадр дайындасам, ауылдастарымды пікірін жалтақтамай ашық айтуға аз да болса үйретсем... тағы бір жаңалығы бар жер болса, кете берем... Өмір мен үшін ұдайы қозғалыс, ізденіс.
- Бүгінде қай басылымды жиі оқисыз? Кəсібіне адал жан ретінде қояр сауалым, кəсібіңіздегі сіз жоғары бағалайтын нəрселер?
-Елдегі басылымның бәрін түгел дерлік шолып шығуға тырысамын. Қазір интернет жақсы болды ғой, бәрін біліп отырасың. Бірақ баспахананың иісін бұрқыратып, қолыңа алып оқығанға не жетсін? «Датты» сәл кешіктіріп алсам, поштадан бастап, азан-қазан қылам. Тіпті Бәкеңе, Бақытгүл Мәкімбайға жазып сұраймын. Тәуелсіз газет болғандықтан, қаржы тапшылығынан шығар... дизайнына жаным ашиды. Еврейлер болса ғой, мұндай мықты газеттен кәмпит жасап қояр еді ақшаны төгіп. Бірақ Ермұрат аға Бәпи бастаған авторлар осы газетке елдің бәрін «телміртіп» қойғаны жасырын емес.
Менің кәсібімде өзім қатты бағалайтын екі нәрсе бар. Ол, бірінші, әлі де болса ел сот, прокурордан бұрын арашаны газеттен іздейді. Әлі де болса, тасқа басылған сөздің құдіреті бар. Мысалы, теледидарда-айтылды, қалды. Ал газетке басылған нәрсе елдің тек аузында емес, қолында жүреді. Шенділер сескеніп тұрады. Тек жазғаның 200 пайыз шын болу керек, сосын ешкім сөзіңнен ілік таба алмайтын сауатты болуың керек.
Екіншісі, менің кәсібім жалқаулыққа, бойкүйездікке, көңіл күйге байланысты ертеңге қалдыра салуға жол бермейді. Барлық уақытта бәрінен хабардар болып отыруың керек. Қазір жаңа технологиямен мұздай қаруланған, бірнеше шет тілін білетін журналистер өсіп келеді. Солардан қалмауға тырысып, ылғи сақ отыруың керек. Әйтпесе... сопаң етіп күресіннен бір-ақ шығасың. Сондықтан ылғи шалт, объективті, қандай ситуацияға да дайын отыруы керек ФСБ-ның жауынгеріндей сезінем өзімді...
- Өнегелі хəм ойлы қаламгерсіз. Бүгінгі қазақ журналистикасының деңгейі қандай?
-Жалпы өз басым «қазақ журналистикасы құрыды, деңгейі төмен» деген жылауық пікірлерге мүлде қарсымын. Мықты журналистер бар, олар көп. Қазақ журналистикасының кемшілігі деп бір-ақ нәрсені айтар едім. Мәселе түптелмейді, жазылады да қалады. Менің «кемшілігім» -жазған нәрсемнен нәтиже шықпайынша, соңынан қалмаймын. Барлық тетіктерді іске қосам, ол-заң, қоғамдық пікір, тағысын тағылар. Журналистикада жинаған аз-маз абыройым болса, ол осы «қасарған жерден қан алатындығымнан» болса керек. Осыны жолға қоюымыз керек деп ойлаймын.
Қазақ журналистерінің арасында үйретерлері көп аға буын да, жарқ ете қалған жаңа буын да бар. Аға буыннан Қайнар Олжай, Қали Сәрсенбай, Өмірзақ Ақжігіт... көп қой, көп. «Қазақ журналистикасының деңгейі төмен» деп зарланғанша, үйрет білгеніңді. Қайнар Олжаев «Қайнар Олжайдың сабақтарын» жүргізіп жатыр ғой, ақысыз-пұлсыз. Басқа біреу болса, кітап қып шығарып сатар еді. Менің аудандық газетімнің жанынан құрған «Үміт» деген жас қаламгерлер клубым бар. Сөзбен «ауыратын» жастарды жинап алдым. Қайнар ағаның сабақтары- нағыз әдістемелік құрал. Жалпы деңгей- жеке адамның деңгейінен тұрады, ендеше ол деңгейді жасайтын да өзіміз
- Қоғамдағы журналист мəртебесі қандай деңгейде?
-Журналист мәртебесі... Бұл енді менің (менің ғана емес) талай жылдан бері қаузап келе жатқан нәрсем. Журналистер –аспан мен жердің ортасында қалқып жүрген пенделер. Не мемлекеттік қызметшіге жатпайды, не әлеуметтің қай бір бөлігіне кірмейді. Содан да, олардың ешқандай жағдайы оңайлықпен шешілмейді. Дейдісі келген әкім үй береді, көңілінен шықса, құрылтайшысы сыйақы береді. Мынадай бір тәмсіл бар ғой. «О, мен тәуелсізбін! Мен енді шын тәуелсізбін! (Журналист құлпытасындағы жазу)». Журналист еркін жазып, еркін көсілуі үшін, жалтақтамауы үшін... жағдай мемлекет тарапынан жасалуы керек. Айлығы дұрыс болу керек. Жағдайы, баспанасы болу керек. Ол болмайынша, «ақылы», шалажансар, «әкімнің другы» журналистер өскені өскен!
.- Алдыңызға қалам ұстаған талай жастар келетін шығар. Оларға сіздің айтар кəделі кеңесіңіз қандай?
- Алып-ұшып тұрған жастар көп келеді. Бір қызығы- мені шынымен жастар көп төңіректейді. Жалпы қатты айтпайтын, қатты кетпейтін адаммын. Бірақ... кемшіліктерін жасырмай айтам. Сірә, мұқатайын деп емес, үйретейін деген көңіл көзімнен көрініп тұратын болса керек, ренжімейді...
Бір-екі шатты-бұтты мақала жазып, «жұлдыз» боп кететіндер бар. Жастарға, журналист болам деген жастарға үш нәрсе айтар едім. Бірінші, барынша қарапайым бол, елдің ортасынан табыл. Екінші, өте сауатты бол, механизатордан сұхбат алсаң, тракторды кем дегенде он пайыз біліп бар. Сауаттылық- журналистің басты қаруы. Үшінші және ең бастысы- кез келген мақаланың ар жағында адам тағдыры тұрғанын есіңнен шығарма. Сөзбен адам өлтіруге болады. «Сын деген осы екен» деп, тек «аттандай» беру дұрыс емес. Ауыр материалдың арасына да бір шөкім сәуле салып жіберу керек. Біреуді сынап, жерден алып, жерге салып отырғанда да... ол адамның бала-шағасы, айналасы, ортасы... желкеңнен қарап тұрғаны дұрыс
- Егер журналист болмасаңыз, кім болар едіңіз?
-Журналист болмасам... журналист болар едім. Әзіл ғой, журналист болмасам мәдениеттанушы немесе аспаз болар едім. Қазақтың халық әндерін түгел дерлік білем, аздап айтам. Олардың тарихын түптегенді жақсы көрем. Осы жақында ғана Ғ.Мүсіреповтің Ырғызға келіп кеткенін біліп, Шалқарда «Ұлпан» стансасының бар екенін білем, фейсбукта біраз жерге бардым. Ұлпанның Ырғызға байланысы бар ма деп... Қазақтың салт-дәстүрлерін «е, былай екен» деп қоя салмай, неге олай екенін қаузағанды ұнатам.
Ал, аспаздық... туысқандарымның үйіне барсам «тәте, ұн қуырдағыңызды сағындық», «тәте, біз жемеген жаңа салат жасайсыз ба?» деп отырады. Тағам дайындасам, миым дем алады.
.-Қоғамда болып жатқан мәселелерді фейсбук парақшаңызда жеңіл әжуамен, астарлы түрде шымшып отырасыз. Кімдерді оқисыз?
-Мақтанғаным емес, көп оқимын. Шетел, орыс әдебиетін көп оқимын. Қазақ әдебиетін түгелдей дерлік оқығам. Қазіргі жазушылардан Дәурен Қуат, Есболат Айдабосын, Аягүл Мантайды жібермеуге тырысам.
Қайтып айналып соғып тұратын, аптасына бір рет шолып өтетін «үстел кітаптарым» да көп, өзіміздің Оралхан, Асқар Сүлейменов, Зейнеп Ахметова, Дулат Исабеков... Валентин Распутин, Иван Бунин, Конфуций...
Әлеуметтік желіден жылт ете қалған, ел тамсанып жатқан дүние болса, міндетті түрде тауып алып оқимын. Қысқасы- менің өмір бойғы ұстанымым «ол білгенді мен неге білмеймін, менің одан қай жерім кем?». Солай !
- Уақыт тауып бізбен ой бөліскеніңіз үшін рақмет !