Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрының және «Алдараспан» әзіл-сықақ театрының актері

Ізтаев Нұржан Оралбекұлы

 

- Ассалаумағалейкум, Нұржан аға! Өнер өлкесіне қалай келдіңіз?

- Уағалейкумассалам! Мен 1999 жылы Түркістан қаласының Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өнер факультетіне «Актерлік өнер» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2003 жылы тәмәмдадым. Бұл факультетті 1995 жылы өнердегі ұстазымыз Райымбек Ноғайбайұлы Сейтметов ашқан болатын. Мен осы факультеттің 5-ші түлегімін. 2002 жылдан Түркістан қаласының сазды -драма театрында (қазіргі Р.Н.Сейтметов атындағы театр) қызмет етіп келемін. Содан бері өнер жолындамын.

- Аға «Алдараспан» театрында қандай жаңалықтар бар? Жаңа концерттеріңіз қашан?

- Дәл қазіргі таңда «Алдараспан» театры дайындық үстінде. Жаңа қойылымдар дайындаудамыз. Алла нәсіп етсе көктемде көретін боласыздар.

- Сіз сомдаған жүрегіңізге жақын рөл?

- Өнерге алғаш қадам басып, студент атанған шағымнан ойнап келе жатқан Т.Нұрмағанбетовтың «Табалдырығыңа табын» спектакліндегі Жөкен қарттың ролі. Қоюшы режиссері - Сая Қасымбек. Бұл спектакль «Ақ босағаң – арың» деген атпен театрымызда әлі күнге дейін қойылып келеді. Жалпы барлық ойнаған ролдерім жаныма жақын.

- «Сахнаны сезіну – әрбір әртістің өмірлік мұраты» деген сөзді қалай түсінесіз?

- Мамандығымыз актер болған соң сахна біз үшін өте қасиетті, киелі орын. Актерді бар қылатын да, жоқ қылатын да сахна. Сахна тазалықты, адалдықты, сұлулықты талап етеді. Аяғыңның басынан шашыңның ұшына дейін сахнадағы болып жатқан оқиғаға, мезгілге, заманға т.б. бейімделмесең, сезінбесең ойнағаның шынайы шықпайды.

- Болашақта сіз сомдағыңыз келетін рөлдер?

- Батырдың, хандардың рөлін ойнаймын деп армандамаймын. Өйткені оған менің (фактурам) сыртқы пішінім сай келмейді. Өзіме бұйырған, жаныма жақын рөлдерді ойнармын.

- Бүгінгі күлкінің құны қандай?

- Қазіргі таңдағы көзі ашық, көкірегі ояу өнерсүйер көрерменнің талғамы өте жоғары. Бүгінгі жасағаның ертең ескі болып тұратын заманда күлдіру

қиынның қиыны. Ұстазымыз айтушы еді: «Халықты күлдірем деп тырыспа, берілген оқиғаға кір, сезін өзі-ақ күлкілі болады» деп. Сомдаған кейіпкерің шынайы болса (комедияда) сол күлкі шақырады.

- Сахнадағы бір қызық оқиғаңыз...

- Сахнада түрлі қызықты жайттар мен тосын жағдайлар көп кездеседі... Әрбір актер сахнаға шығар алдында үлкен толғаныс, уайым үстінде болады. Сөйтіп уайымдап жүрген кезімде бір қойылымда бір сахна ерте шығып қойыппын. Партнерларымның бәрі аң-таң, мен де аң-таң... Бәріміздің көзімізде сұрақ белгісі... Айтатын сөзім ол оқиғаға мүлдем сай келмейді. Тұрып-тұрып «мен бір айналып соғармын», деп шығып кеттім. Бәріміз күліп жібердік.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет аға. Ұжымыңызға табыс тілейміз!