Сәуле Әбілдаханқызының ұлымен сырласуы бүкіл елді жылатты

Сәуле Әбілдаханқызының әлеуметтік желіде ұлымен сырласқан жазбасы бүкіл елді жылатты. Анар Толеухан жаным-ай, өзің жылап, өзің жұбатып... Алла жар болсын. Сені көтереді деп лайықтады. Жүрегім ауырды, сынақ қатты, тым ауыр, бірақ артқан сынды көтермеймін дейтін пәрмен қайда... ой түбі шыңырау, тек батып кетпеші.

Тоқтар Рақымжанұлы Өтпейтін өмір, күймейтін темір жоқ, Алланың қалауына көнуден басқа амал жоқ, бекем болыңыз, бұл Алланың берген ғұмыры, артық күйзелісте қарсылық болады, денсаулығыңызға да зияны болады, өзіңізді қолға алыңыз, күтініңіз, өмір алға жылжиды- деп әлеуметтік желідегі достары жұбату айтып жатыр.

 

      Менің бойымда бүгінде екі Сәуле өмір сүріп жүр - баласы өлгенге дейінгі Сәуле және баласы өлгеннен кейінгі Сәуле...
Кейде өзімді алдарқатып, түк болмағандай, баласы өлгенге дейінгі төрт құбыласы түгел Сәуленің кейпіне енемін...
Ондайда "үш арсыз" мені билейді...
Тіпті, осы ФБ-ға кіріп, посттарды, мақалаларды оқимын, музыка тыңдаймын, ұнаған дүниелерге бармағымды басамын, бөлісемін...
Ұнамаған нәрселерге күйіп-пісіп, боқтаймын, "төбелесемін", тіпті... мысалы, дәл бүгін, ұнамаса да, соншалықты жиіркенішті болса да - Көк бөріні қорлаған тексіздердің жазасы тезірек берілсе екен деген мақсатпен сол видеоны бөлісіп те жібердім... Жасырмаймын, оларды қарғап та жібердім...
Иә... Бір қарағанда, сол баяғы өздеріңіз білетін "ақылы аз, эмоциясын тежей алмайтын" Сәулемін...
Алайда... Мойындаймын...
Мен мың жерден бұрынғы Сәуле болып көрінгім келсе де...
... бұрынғы Сәуле емеспін...
Ішімде бір өзек үзіліп түскен, ішім өліп қалған Сәулемін...
Өмірге бұрынғыдан мың есе ашынған Сәулемін....
Иә...Мен қара жамылып, баламды жоқтап аза тұтқалы 41 күн...
Құлынымды жер қойнына тапсырғалы 40 күн...
Балапаным-ау, суықты ұнатпаушы едің ғой...тоңғақ едің ғой...қалай жатырсың мынадай аязда қара жердің астында...
Қараңғыны жек көруші едің ғой....қалай жатырсың тас қараңғы қабірде......
Ол суықты дәл мендей жек көретін...
Ол өлген күннен бастап, өмірдің аязына табиғаттың аязы қосылып, жанымды да, тәнімді де қарып өтті...
Жаным дертті, жүрегім мұз...
Жетсем деген армандарына жете алмады...
Көрсем деген бақытымды көре алмадым...
"Тым болмаса түсіме кірші" деп жалынғаныма 40 күн болды...
Түсіме де кірмейді...
Не дұрыс ұйқы жоқ...
"Тағы түн.... 
Тағы менен ұйқы қашты,
Қайтемін қаңыраған күйкі басты?!.
Алдымда мынау фәни тыржалаңаш,
Шығарып тілін маған, сиқын ашты..."
Осыншама ауыр сынақты берген Құдай сол сынақты көтере алатын қуат та беретін шығар...
Абзалым...
Абызым-қобызым...
"Анашым" деген сөзіңді сағындым...
"Мамуля, мамуся, мазе" деген сөздеріңді сағындым...
"Сәке" деген сөзіңді сағындым...
"Сәукентай" деген сөзіңді сағындым...
Тым болмаса түсіме енші, құлыным...
41 күн...
Бара ғой, ботам.... Ақ сүтіме ырзамын... Алла алдыңнан жарылқасын!..
Мен, Анаң, талбесікте тербеттім...
Жер-Анаң жербесікте тербетсін!...

***                           
Мен өзгердім...
Енді бір кездегі төрт құбыласы түгел Сәуле жоқ...
Ендігі Сәуле - басқа Сәуле...
Бұрынғыдан жүз есе ақымақ...
Бұрынғыдан жүз есе эмоционалды...
Өмірге бұрынғыдан жүз есе құштар, өмірді бұрынғыдан жүз есе сүйетін...
Бұрынғыдан жүз есе бақытты болатын Сәуле келді...
Сәлеметсіздер ме!...
Қайырлы таң, Сәуле!... Өмірді қайта бастаймыз ба???
Кеттік!!!