…Настя әжейдің үйі өзі секілді кәріліктен қаусап,жер болып тұр.Әбден тозығы жеткен шатырына жақын келіп,қолыңды артып, сүйеніп тұруға болады.Уақыттың салмағынан мейілінше шөгіп кеткен осынау саман кірпіштен салынған баспана Астананың көкке бой түзеген көп қабатты ғимараттарының ортасында бейне алып кемелердің арасында қысылып-қымтырылып,теңізге шыға алмай қалған қайықтай жападан жалғыз ербиеді… 

     Әжейдің жертөлесін қала басшылары мен құрлыс компаниясы маңына биік дуалдар тұрғызылып,заңғар нысандар салына бастағанда-ақ құнын төлеп, сырып тастамақшы болған.Сексеннен әлде-қашан асып кеткен жалғыз басты кейуана оған көнбеген. -Мен осы босағадан күйеуім Ваняны соғысқа шығарып салғам.Егер ол тірі болып,орала қалса,туған шаңырағын қайдан іздеп табады.Көшпеймін еш қайда. Маған алтын сарай салып берсеңдер де керегі жоқ.Өлігім осы жерден шығады-деп.Настя әжей қиғылық салған…

Кейде жұмыстан ертерек шыға қалсам,әжейдің мекеніне соғатын әдетім бар… Кеш келген көктемнің жылауық жаңбыры жуық-маңда басылмасын байқадым да,әжейдің жеркепесіне соға кетуді жөн көрдім.Кәрия әлі үйінің түпкі жылы жағынан ауызғы бөлмеге көше қоймапты.Терезені сырттағы жауын тамшылары баяу шертіп тұр…Кәрияға газеттен алған қаламақымнан бердім.

-Кел,казак,шәйға отыралық-деді,маған көңілденген әжей,үстелге пияз бен нан турап,қойып жатып.Матильда,сен де жақында… 

Үйде Настя әжей екеуіміз ғана болғандықтан, қарияның бұл сөзінен шошынайын дедім. Ғұмыр бойы бір өзі ғана тұрып келе жатқан жанның ептеп ақылы ауысуы да ғажап емес.Оның үстіне жасы келген адам…

-Матильда,кел- дедім ғой саған…Кемпірдің екінші қайтара өктемдеу шыққан дауысынан қабырғадағы көнеліктен күңгірт тартып кеткен ескі айнаның кестелі орамалы қозғалғандай болды.Ауыз үйден әлде-кім шелекті салдыр-гүлдір түсіріп алды.

-Матильда!- дедім ғой,саған.Неге абайлап жүрмейсің,оңбаған ?…

Кейуана сыртқы есікке тұтылған гүлді шымылдықтың етегін бері итеріп,тұрқы кіші-гірім қанден иттей ,үсті-басы саз балшыққа әбден былғанған бір жан иесі домалап кіріп келеді.. Е..мұнысы мысығы болды-деп ойладым әуелінде…

Бағанадан миыма келмегенін қарашы.Жалғызілікті қарияның сергігі сол болмағанда, кім дерсің… Осыны ойлап үлгергенімше,бөлмеге қаздаңдай басып,әбден семіріп алған қара тауық енді.Қыт-қыттап жүріп,кемпірдің тізесіне секіріп мінді.. .

-Міне,Матильда,бұның жөн.Көріп тұрсың ба,бізге казагымыз келді. Ептеп ақша әкелді..Енді сен екеуіміз дүкеннен күріш аламыз,сәбіз қосып,палау жасаймыз-деді,әжей тауығын қанаттарынан сипап.

-Матильданы құртпақшы болды жаңа көршілерім…Әрине,мұның өзінде де бар.Далаға шықса өзіміздің дуалға емес,биік үйлердің жанында тұрған жарқыраған үлкен машиналардың төбелеріне қонғанды ұнатады.Өзінің бейнесі түсіп тұрған жерді қалайтыны -серігін іздейді.Ал,мен мұның қосағы- қызыл әтешті Пензадан Катерина сіңілім келгенде сойып, сорпа жасап жібергем…Сәл тыныстап алған әжей енді тауығының қауырсындарын кәрі саусақтарымен тазалап,тарай бастады…

-Матильда,кәні,айнаға қарап жіберші.Казагымызға өнеріңді көрсетші-деді, кемпір құсын ескі айнаның бетіне жақындатып…

Айтпақшы Настья әжейдің мені «казагым» деп атауының өз себебі бар.Қария үйіндегі жалғыз кітабы Шолоховтың «Тынық Донын» кестелі орамалына орап,әспеттеп ұстайды.

Гриша Мелехов,Аксинья Астахова,Пантелей Прокофьевич ,Дарья Мелехова –деп,роман кейіпкерлерінің аты-жөндерін,ондағы оқиғаларды көңілі шат уағында айтып отырғанды ұнатады.

Мені де сол Дон казактарының құрметіне болар, әжей «казагым» дейді.

-Міне,көктем де шықты.Жер бусанып жатыр.Тәңір берсе,биыл көк жуаға кенелеміз,Матильда. Ақ нанға жуа қосып, тоя квас ішеміз әлі…Жаратушыны ауызына жиі алғанымен,байқауымша Настья әжейдің кішкене жер үйінде икона жоқ.Қарияның іргедегі шіркеуге бара жатырмын дегенін де естімеппін.Кітап атаулыдан тек «Тынық Донды» ғана оқитынына қарағанда, Дон казактарынан тараған ұрпақ шығар деп ойлаймын.

Менің казагым,айтшы,сен осы Картауызды білесің бе-деді,қария енді бір сәтте.

-Ертегідегі жауыз Картаузды айтасыз ба?

-Жо..о..ға!Тың игеруші Картаузды айтам.Екеуіміз бір трактор-егіс бригадасына істегенбіз.Рас,мен аспазшы болдым.Солай ма,Матильда!

Қазір ел жұмысқа жалқау.Үкімет әкеп берсін, мені асырасын дейді. Біз соғыстан кейін шаруашылығы құлдырап кеткен елді күні-түні демеу,жалақы да алмай көтердік.Менің өзім мына жер үйімнің қасына жуа,картоп,қызанақ,қияр мен сәбіз егемін.Дүкеннен сүт,ет,нан ғана аламын…Е…ей,тәңірім-ай,жалқаусыңдар ғой,жалқаусыңдар…

(жалғасы бар...)