Шығыс Қазақстан облысында биыл интернет алаяқтық фактілері 22% артып отыр,- деп хабарлайды el24.kz тілішісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

ШҚО прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері өңірде алаяқтық бойынша 1131 қылмыс тіркелген. 

Оның ішінде 763-і интернет арқылы жасалған.  «Биыл интернет алаяқтық өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 22%-ға артты. Барлығы 1500-ден астам адамға 600 млн теңге мөлшерінде материалдық залал келтірілді. Соңғы кезде интернет-алаяқтықтың өсуіне ІТ-технологиялардың қарқынды дамуы, қызметтерді цифрландыру, интернеттегі тауарлар мен қызметтерді сату нарығының белсенділігі әсер етті», - делінген ақпаратта.

Жәбірленушілердің жартысына жуығы 30-49 жас аралығындағы жұмыс істейтін азаматтар. 31% жағдайда 50-60 жастағы адамдар алданып қалды. Ал 18-29 жас аралығындағы жастар алаяқтардың шырмауына көп түсе бермейді (20%).

«Instagram желісінде жоғары кірісті инвестиция салу жөніндегі жарнама – алаяқтықтың жаңа түрі. Өскеменде «ҚазМұнайГаз» АҚ атрибутикасын пайдалануына байланысты 13 қылмыстық іс тіркелген.

Бүгінде өңір бойынша алаяқтық туралы 419 қылмыстық іс ашылмаған күйде қалып отыр» делінген хабарламада. Әдетте, алаяқтар ақшаны алған соң, өз телефондарын өшіріп, әлеуметтік желілерден жоғалып кетеді. 

Азаматтар содан кейін ғана алданып қалғанын біліп, құқық қорғау органдарына жүгінеді. Яғни, біршама уақыт өтіп кетеді.

«Осыған байланысты профилактикаға басты назар аударып, халыққа ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Азаматтар сақ болуы тиіс. Лезде пайда табуды уәде ететін немесе арзан тауарлар мен қызметтерді жарнамалайтын күмәнді хабарландыруларға сеніп қалмауы керек»,- дейді облыс прокуроры Алмат Байшолақов.