Жаңа қожайынға ұнадым

Пәтер жалдап қалада тұрамыз. «Времянка» деген аты бар құстың ұясындай екі бөлмелі үйде үш жанбыз. 

Әйелім – Айғаным мен қызым – Айкүміс және өзім. Шын атым Ермұрат. Бірақ, жасым әлі отызға жетпесе де келіншегімнен бастап, танитындар түгел «Ереке» дейді.

«Ереке» деген есімге ие болсам да, ер жігітке ылайық іс тындырған жоқпын. Бұрын ауылда қарапайым, тракторшы едім. Совхозымыз тарқап, техниканы ебін тапқандар түгел бөліп алды да, мен секілді қолы қысқалар далада қалды. Кемпір-шалдың зейнет ақысына көзімді сатып отыруға еркектік намысым ұстады да, қалаға жұмыс іздеп кеттім.

Бір жетідей сандалып жүріп, бір жеке кәсіпкердің тракторын айдайтын болдым. Өзім талай айдаған «Беларусь» екен. Бірақ, ол сорлының құр қаңқасы қалыпты.

– Інім, айтқан теміріңді тауып беремін. Тек мынаған «жан бітіріп» берсең болды, – деді қожайын.

– Бір айдың ішінде зымыратамын, – дедім.

– Сол бір айға отыз бес мың теңге берсем, риза боласың ба? – дейді басекең. Ауылда жүргенде ондай ақша ұстап көрмеген басым, өз құлағыма өзім сенбей, ойланып қалыппын. Анау:

– Інім-ау, азсынып тұрсың ба? Түстік асың да менің мойнымда, – деді.

– Келістік, аға. Қандай қосалқы бөлшектер керек екенін жазып берейін, соларды тапсаңыз болды, – дедім. Екеуміз қол алыстық.

Жағдайымды білген қожайын он бес мың теңге  «аванс» берді. Ертеңіне бес мың теңгеге пәтер жалдап, қалаға бала-шағамды көшіріп алдым.

Тракторды айға жеткізбей аяғынан тік түрғыздым.

Сол трактордың астына түсіп, үстіне шығып, май-май болып жүргенімде жылтың-жылтың етіп, бір жас жігіт күніге бір келіп кетуші еді. Кейін білдім ғой, ол қожайынның туған жиені екен.

Тракторды оталдырып, «обкаткадан» шығарған күні қожайын келіп:

– Інішек, бір ыңғайсыз жағдай болып тұр. Жалғыз қарындасым бар еді. Оның жалғыз ұлы бар. Қарында-сым: «Тракторды жиеніңе бермесең, ат құйрығын кесеміз» деп үйден шықпай отыр.

Сен, айналайын, ренжіме! Өз қолынды өзің кесе алмайды екенсің. Амал жоқ, тракторды жиеніме беремін. Сен, өз әрекетіңді істей бер, – деді.

Не дейін, басым салбырап, үйге келдім. Келіншегіме мүшкіл халімді айтып, дастархан басына енді отыра бергеніміз сол еді, қожайын келіп тұр.

– Інішек, өкпелеп, жалақыңды да сұрамай кетіп қалғаның қалай? – дейді жымиып. Мен үндемедім.

– Міне, ақшаң, – деп газетке ораған затты ұстатты да, – Менің бір досым бар. Сол «Ыңғайлы адам тауып берші» деп еді. Барасың ба? – деді.

– Онда не істеймін? – дедім оған салқын қабақ көрсеткен болып,­ ренішімді білдіріп.

– Біріншіден, мынау өзің өмір сүріп отырған үйден он есе артық үйде тегін тұрасың.

Келін екеуің сол үйге қарауыл боласыңдар.

– Күзетшілердің жалақысы аз болушы еді... – деп мүдіріп қалып едім, бұрынғы қожайын:

– Мен сені жаман жұмысқа жібермеймін. Жібі түзу жігіт екеніңді көріп, білгең соң айтып тұрмын, – дейді.

Біреу тегін пәтер, жайлы жұмыс тауып берсе, келіспейтін кеңкелес, жынды емеспін ғой. Келістім.

– Сен, таңертең дайын отыр. Өзім келіп, ертіп апарамын, – деп жарылқаушы көкем қайтып кетті.

Таңертең уәдесі бойынша ол ерте келіп, мені «Маздасына» міңгестіріп, қала орталығынан шеттеу көшелердің біріне алып келді.

– Қалеке, кеше өзіңе айтқан азамат осы жігіт, – деп мені сылың­қыр қара, қапсағай денелі кісіге жолықтырды.

– Менің есімім – Қалыбек, – деп анау қолын берді.

– Ереке, то есть Ермұрат – дедім жалпылдап.

– Дұрыс, Ереке. Мына ағаң сені мақтады. Ал енді негізгі міндетіңді айтайын. Мына тұрған қос қабатты «времянка» сенікі. Қаласаң үстінде, қаласаң астында жасай бер. Газ, жарық, суға, пәтерге ақыға көк тиын алмаймын. Келін екеуің осы үйді күзетесіңдер. Ақысына ай сайын жиырма мыңды алақаныңа салып тұрамын.

Мына ашық алаң да біздікі. Осында құрылыс жұмыстары басталады. Құрылыс материалдары түсе бастайды. Соларға бас-көз боласың. Он-он бес адам жұмыс істейді. Мүмкін соларға ас әзірлеу керек шығар. Реті келсе, ол жағын келінге жүктерсің. Аспаздың ақысын бөлек беремін.

Құрылыс біткен соң да осында тұра бересіңдер, жұмыс жетеді, – деді.

– Рахмет, аға! Сеніміңізден шығуға тырысармыз, – деп қуана-қуана келістім.

Құрылыс ауқымы шынымен үлкен екен. Аумағы ат шаптырым алаңның жобасына мен де көз жүгірткенмін. Тойхана, ойынхана, сауна, дүкендер мен автотұрақ бірігіп толық бір қалашық болмақшы. Өзім өмір сүріп жатқан «времянканың» дәл маңдай тұсынан екі қабатты хан сарайындай тұрғын үй түсетін көрінеді.

Құрылыс жұмысында болады де­ген­ Қалекең айтқан он-он бес адамның жалпы саны елуден артылып жығылатын болды. Олар да жұмыс десе жанын салып істейтін жандар екен. Күндіз-түні бір дамыл­ таппайды. Ауысым-ауысым болып, жанығып істейді. Қайтсін! Үйінен, бала-шағасынан «безіп», ақша үшін жалданып жүрген жұмысшылар ғой.

Ерте көктемде басталған құрылыс қара күзге жетпей аяқталды. Салын­ған ғимараттарды көрсеңіз, ау­зыңыз­ға шыбын жұмыртқалап кеткенше аңқайып тұра бересіз. Мұндай құрылыстың архитектуралық жобасын Қале-кең қай елден алып келгенін бір Құдайдың өзі біледі.

Тойхана, ойынхана, саунаның ішіндегі жиһаздарды қай елдікі екендігін ойлап, бас қатырудың өзі әбес.

Менің ойлайтыным осындай қыру­ар­ тірлікке Қалекең қаржыны қайдан­ тауып жүр?

Құрылыс бітіп, қызмет істейтін жандар түгелденген соң «тұсау кесер» дейді ме «призентация» дейді ме, ұланғасыр той болды. Қала-шы­ғымыздың алдына шетелдік сы­лан­даған сұлу көліктерге симай кетті. Тойхана мен ойынхананың ішіндегі ығай мен сығай жандарға қызмет көрсету үшін Республикамызға танымал әртістер де шақырылған екен.

Менің бір таңданғаным – мұндай тойда тост көтеріп, сөз сөйлейтіндер аз болады екен. Сондықтан ба, жоқ әлде есімдері елге белгілі азаматтар болғандықтан ба, ішіп алып, «қуып кететін» не тәлтіректеп жүрген бір жанды, көрмедім. Біздің ауылда болса ғой шіркін! Мынадай көл-көсір дүниені көрген біздің жігіттер «Жар-лының бір тойғаны – шала байығаны» деп, дастархандағы­ны шегіртке қаптағандай түгел жапырып, ішіп-жеп, «Досыңның асын дұш­пандай іш», немес «Дұшпаннан түк тартсаң да пайда» деп, бір жасап қалар еді. Одан соң той есте қалатындай қызықты болу үшін, қалайда қырғын төбелес шығарып, таңға жақын тарқар еді. Ал Қалекеңнің тойы белгіленген кешкі 19.00-де басталып, 22.00-де түгел тарқады. Рахат! Қызығын біз көрдік. Мұрты бұзылмаған қазы-қарта, са-налауан салаттар мен тығынына тырнақ тимеген арақ-шарапты қызметте жүрген жігіттер мен қыз-келіншектер және Алматыдан­ арнайы келген әртістер көрді. Келесі күні түске жақын әрең тарқадық.

«Охрананың» бастығы болдым

Той өткен соң Қалекең біздің «үй­дің» алдындағы Бразилия стилімен салынған қос қабатты ғи­маратқа көшіп келді. Осында жүріп, ол кісінің бала-шағасын тұңғыш рет көруім. Балалары, немерелері түгел жиналып, қоныс тойын екі күн тойлап, тарқады. Үйінде Қа­лекеңнің бәйбішесі мен бір қыз қалды. Өзімнің жобам бойынша ең кенжесі болу керек. «Жоғары оқу орынында көп болса екінші курста оқиды» деп топшыладым.

Қонақтар түгел тарқаған соң Қалекең:

– Қызметіңді көтергелі отырмын. Сен, осында тұрасың. Сондықтан саған күзеттің бастығы болған дұрыс. Айлық жалақыңды өсіремін. Ай сайын қырық-елу мың теңге беремін. Осыған қалай қарайсың? – деді. Мен не деуші едім?

– Аға, сізге қарсы пікір айтатын «жаман» ініңіз мен емеспін. Сіз не десеңіз де, мен дайынмын, – дедім.

Кеше ғана үстімнен солярканың иісі мүңкіп, қолым күс-күс болып жүруші еді. Осы Қалекеңе келгелі жағамның кірі кетіп, шалбарымның қыры сынбайтын болған. Енді міне қара кас-тюм-шалбар киіп, галстук тағып, ірі бір фирманың күзет бастығы болып шыға келдім. Бір сөзбен айтқанда адам қатарына қосылдым. Қосқан Қалекең. Енді Қалекеңді «Аға» демегенде, кімді аға деймін. Бірге туған ағаларым мұндай жақсылық жаса-майтын шығар. Келіншегім Айғаным да бұрынғыдай тиын санамайды. Қала аралап, қалаған затын сатып алады.

Күзет бастығының міндеттерін толық білу үшін, өзге фирмаларға барып, тәжірибе жинақтадым.

Бір күні Қалекең кабинетіне шақырды. Жетіп бардым. Стол үстіндегі бір қағазға үңіліп отырған ағайым біраз үнсіздіктен соң басын көтерді де:      

– Қарағым, менің үш ұл, бір қы­зым бар. Үш ұл үш қалада жұмыс­тарын дөңгелетіп жүр. Құдайға шүкір! Қыз – кенжем, білесің шамалы еркелеу. Сол қыздың соңғы кезде мінезі өзгеріп барады. Оқуын да тастап кетіпті. Бүгін анықтадым.

Саған тапсырма – қызды үйден шығармайсың. Бой бермей шығып кетсе, оған білдірмей аңдисың. Жүрген жерін, барған жерін, кімге жолыққанын түгел түсіре бер, – деп шағын «видеокамера» берді.

– Аға, сіз не десеңіз бәрін орындаймын ғой. Бірақ, еркелеу өскен Лира қарындасым айтқаныма­ көнбей алдыңызда ұятқа қаламын-ау,­ – дедім.

– Қызыма өзім айтамын. «Домаш­ний арестесің» деймін. Бірақ, сенің бақылауыңда болсын. Шешесі де үйде болмайды. Ертең емделуге шет­ елге жол жүреді, – деді.

Қалекеңнің қандай қызметте екенін білмеймін. Сұраған емеспін, ыңғайсыз ғой. Ал, жеңгеміз Сыр­ғалы жаңа салынған тойхана, ойын­хана орталығының директоры секілді. Осы орталық іске қосылғалы сол кісі осы жерден шықпайтын бол­ған. Бұрын «туристік фирманы бас­қарады, бірнеше дүкені бар» деп естігенмін.

Жеңгеміз шет елге ұшып кеткен күннен бастап мен қызыл «Ягуардан»­ көз жазып қалмауды ойладым. Ол Лира қарындасымыздың ауыл ара-сында мініп жүретін көлігі. Шет елдік сұлу машина.

Ағамыз мен «Начальник охраны»­ болған кезде «Мынау сенің жор­ғаң. Бастық адамға жаяу жүрген жараспайды» деп «ВАЗ-2199» маркалы үстіне әлі шыбын қонбаған, су жаңа машина берген.

Мен, жарылқаушым жасырын бер­ген­ түсіргіш камераны да сол машинаның ішіне тығып қойғанмын.

Бақылауға алған алғашқы екі күнде Лира үйден шықпады. Үшінші күні кешке қарай қарындасым қызыл маши-наға мінген кезде жанына келдім де:

– Лира айналайын! Айып етпе. Папаң қызметке кетерде «Қызым үйден шықпасын!» деп маған тапсырған еді. Ренжіме, бұйрықты орындауға тиістімін, – дедім.

– Білемін, аға. Папаға біл­дірмейміз. Екеуміз келіссек болды ғой, – деді күлімсіреп.

– Лира, мен ағаны силаймын. Сол үшін ол кісінің айтқанын екі ете алмаймын, – деп едім, қыз:

– Сіз шынымен мені жібермеймін деп тұрсыз ба? – деп «Ягуарды» дыр-р еткізіп оталдырды да, қақпаға қарай беттеді. Қақпа алдындағы күзетші жігітке «Қақпаны ашпа!» деп белгі бердім.

Қақпа алдына келіп, кілт тоқтаған­ қызыл машинадан басын қылтитқан­ Лира ана жігітке:

– Әй, қақпаны аш! – деп бұйырды. Ана жігіт екі оттың ортасында қалғандай біресе маған, біресе қызға қарап, жалтақтап тұр.

– Әй, аш дедім ғой саған қақ­паны! – деп қыз ызаға булығып, айқай салды. Күзеттегі жігіт мені иегімен көрсетіп, иығын қиқаң еткізді.

– Болды! Сен бүгіннен бастап боссың! Бар әйдә, итіңді суғар! Мамбет! – деп қолын сермеп еді, мен жанына келіп:

– Лира, ашуды бас! Бізді қызмет­ке сен алған жоқсың. Біз өз бас­тығымыздың бұйрығын орындаймыз, – дедім.

Ызаға булыққан қыз машинадан атып шықты да:

– Ендігі ісім сендермен болсын! Ей, лакей! Поставь машину на место, – деді де үйіне қарай тез-тез басып бара жатты да, кілт тоқтап, қол сөмкесінен ұялы телефонды алып, әлдекімге қоңырау соқты.

– Слушай, мен бара алмайтын болдым! Меня на замок закрыли. Не-ет, дома. Сен, Жаннаны маған жібере қойшы. Мейлі, маған бәрі бір. Төрт-бес емес неге он адам болмайды.

Есеп-қисап менен. Обещаю! Менің алдаған кезім болды ма? Білмеймін... Өмір бойы қамауда болмайтын шы­ғар­мын. Отвечаю! Айттым ғой, «мен төлеймін» деп. Прошу, Жанканы тез жіберші. У меня ломка. Понимаешь? Лом-ка-а! – деп қыз телефон­ға айқай салды.

Бастықтың қызы нашақор екен

Бізден қаймығып, не ұялып тұрған қыз жоқ. Күзетші жігіт қызыл «Ягуар-ды» күнделікті тұратын орнына айдап апарып қойды. Мен оның жанына келіп:

– Қожайынның қызы қалай қоқаңдаса да қақпадан шығарушы болма, – дедім. Өзім өзге орындардағы күзетшілерді тексеруге кеттім.

Кешкі асымызды ішіп бола берген кезімізде қақпа алдында тұрған жігіт телефон соқты.

– Командир, (күзетшілер мені солай атайды) қақпа алдында бір топ қыз-жігіттер тұр. «Лира үйіне шақырған» екен. Не істейін? – дейді.

– Жібер! «Үйге адам кірмесін!» деген бұйрық жоқ, – дедім.

Содан түннің бір уағында әлгі жігіт қайта қоңыраулатсын.

– Командир, мынау үйде бір сойқан болып жатыр. Өзіңіз келіп, көріп кетіңіз, – деді.

Киініп, қақпа алдына келдім. Күзетте тұрған екі жігіт жарыса сөйлеп тұр.

– Командир, Лира қарындасымыз­дың достары жынданып жатыр.

– Біздің ойымызша олар түгел нашақорлар-ау!

– Тырдай жалаңаш шешініп тас­таған.

– Меңіреу адамдарға ұқсайды, ләйліп жүр.

Ештеңені сезетін емес, – деп асығып-аптыгып, баяндай бастады.

– Біреуің менімен жүр, – дедім де қос қабатты үйге беттедім. Баяу музыка үні естіліп тұр. Сырт­қы есік ашық екен. Ішке кірдік. Алдыңғы кең холда жалаңаш бір еркек жалғыз өзі теңселіп билеп жүр. Төрдегі диван үстінде жартылай жалаңаш бір би-кеш шалқасынан түсіп ұйықтап жатыр. Оның жанында жерде шалбары бар, көйлегі жоқ бір жігіт қытайлық қымбат вазаны бұтына қысып алып, ыңыл­дап­ өлең айтып отыр. Көзін тас қылып жұмып алыпты.

Ортадағы отыз екі орындық ұзын столдың әр жерінде шашылған, төгілген тағамдардың қалдықтары мен ішімдіктердің шөлмектері астаң-кестең болып жатыр. Сынған, қираған ыдыс-аяқтардың арасында науқастар­ға дәрі егетін шприцтерді алып, үңіліп, қарап тұр едім, жаныма еріп келген жігіт: – Командир, бұлар түгел наркомандар ғой. Қараңызшы, – деп стол үстінде шашылып жатқан ақ ұнтақты көрсетті.

Лираны іздеп, екінші қабатқа көтерілдік. Бұл үйдің құрылысын жақсы білгендіктен, тіке қыздың бөлмесіне қарай тарттым. Онда жетпей дәлізде еден үстінде аймаласып жатқан жұп кездесті. Олар бізді елейтін емес. Жандарынан айналып, өтіп кеттік. Лираның бөл­месіне келіп тың тыңдадық. Дыбыс жоқ. Тақылдаттық, ешкім дыбыс бермеді. Ішке кірдік. Төрт адам қатар жатса тарлық етпейтін төсек үстінде Лира қыз қос еркектің ортасында жалғыз өзі тыриып ұйықтап жатыр. Үшеуінің киімі әр жерде шашылып қалыпты.

– Бұларды біз жөнге сала алмаймыз. Дәл қазір көшеге де шығарып тастай салмайсың. Милары айналып уланып, айналма бол­ған қойдай әр қайысы әр жерде домалап қалыпты ғой, – деп едім, серігім:

– Командир, және бір қыз болу керек. Қызыл көйлекті сол көрінбейді, – деді.

– Көйлегін шешіп тастаған шығар, – дедім күліп.

Шешіп тастаса да танимын. Олар бес жігіт, үш қыз болып келген. Қазір Лираны қосқанда үш қызды кездестірдік қой. Біреуі қайда? – деді.

– Іздейік! – дедім. Көп бөлмелердің есігін ашып, ішке үңілеміз. Жабық есіктерге құлағымызды жапсырып, тың тыңдаймыз.

Жоғарғы қабатты түгел аралап, төменге түстік. Жалаңаш биші еркек те құлапты. Бұрышта тұрған кісі бойы телевизордың тасасына ба-рып, пырылдап ұйықтап жатыр. Оң жақтағы есікті барып ашып қалсақ, қызыл көйлекті қыз бір дорба затты арқалап, дәл есік алдына келіп қалған екен. Ол бізді көріп, шыңғырып жіберді де, әрі қарай қаша жөнелді. Қолындағы дорбаны тастай салды.

– Тыныш! Айқайлама! – дедім. Қыз үлкен терезе алдында тұрған жазу столының астына кіріп кетті.

Бұл бөлме Қалыбек ағамыздың жұмыс бөлмесі болатын. Кітапханасы десек те болады. Қыз тастаған дор-баның аузын ашып қарасам, іші тола әртүрлі қымбат бағалы заттар екен.

Стол астына кіріп кеткен қызыл көйлекті қыздың білегінен ұстап сүйреп, шығарып алып едім ол:

– Аға, ұрмаңыз! Аға, ұрмаңыз! – деп дірілдеп тұр.

– Сен, кімсің? – дедім дауысымды қаттырақ шығарып.

– Ме-мен Жа-жанна-мын... Лираның подругасымын... – деп еді, серігім:

– Подругаңды тонап, қайда қашып барасың? – деді.

– Ме-ме-мен... Жай әншейін... – деп тұтығып тұрған қызды жетелей жөнелдім де, серігіме:

– Дорбаны ала жүр, – дедім.

Қызды жетелеп әкелген бойда өзім тұрып жатқан үйдегі бос бөлмеге қамап тастадым. Дорбаны күзетшілер бөлмесіне апарып қойдық.

Бастықтың таңертең жетіде тұратын әдеті бар. Сол уақытты күтуге тиістімін. Ол жеңгеміз емделуге кеткелі үйінде түнемей жүр. Соған қарағанда өзге әйелі, не көңілдесі болу керек.

Таңертең ерте ағайдың «ұялысына» телефон соқтым.

– Аға, ерте қоңырау соққаныма кешірім өтінемін. Уақытыңыз болса, келіп кетіңіз. Үйіңізде бір топ нашақор түнеп жатыр. Солардың ішінде бір ұрыны ұстап, қамап қойдым, – дедім.

– Он минутте жетемін, – деді Қалекең. Жүгіріп барып Лираны оятым.

– Айналайын, тез тұрып, ең болмаса өзің киініп ал, қазір әкең келеді, – дедім. Бетіме ежірейе қараған қыз:

– Иди к черту! – деп теріс айналып жатты. Қыздың жағынан шапалақпен шарт еткізіп, бір салып­ қалдым да:

– Бізден ұялмасаң, ұялма! Әкең келе жатыр, әкең! Түсінесің бе? Туған қызының мына жатысын көрсе, ол сорлы не дейді?! Өз қолымен сені қылқындырып өлтіретін шығар... Бол! Тез киін! – деп сүйрелеп, еденге түсірдім. Қыздың миы­на енді бірдеңе жеткен секілді. Ол төсектегі жалаңаш қос еркекке бір қарады да:

– Да! Видимо перебрала. Е-ей, подьем! – деп орнынан тәлтіректеп әрең тұрды да, киімдерін жинастыра­ бастады.

Дәл осы кезде сыртта машинаның сигналы естілді. Қалекеңнің машинасы екенін үнінен таныдым да, сыртқа қарай ұмтылдым. Жолда жатқан «ғашыққа» сүрініп кетіп, ет-бетімнен түстім. Ол екеуін іштей бір сыбап алдым да, орнымнан атып тұрып, жүгіре жөнелдім.

Ағамыз қақпадан кіре салып, үйіне тіке тартты. Мен кідіріп, сыртта тұрып қалдым. Сәлден соң іштен шар ете қалған әйел дауысы­ шықты. Одан соң, тасыр-тұсыр ды­быс естілді, сыңғыр етіп, шыны сын­ды. Терезе ашалып, Қалекең сыртта тұрған маған айқай салды.

– Әй, мелшиіп, не істеп тұрсың?! Шақыр жігіттерді! – деп бұйырды. Қақпа алдындағы екі жігітпен Қале-кеңнің «Джипін» айдайтын шопыр баланы ертіп ішке кірдік. Екінші қабатқа көтерілдік. Көзіме бірінші түскені Лираның мұрнынан қан сорғалап, дәліздің бұрышында жүрелеп отыр екен. Әбүйір болғанда үстіне көйлегін киіп үлгеріпті.

Қалекең өзі қызының бөлмесіндегі екі жігітті тепкінің астына алып жатыр екен. Алпыстан асып кеткен жан ғой. Ырсылдап әп-сәтте ентігіп қалыпты. Маңдайында тер тамшыла­ры көрінеді.

– Мына малғұндарды түгел дала­ға сүйреп апарып, байлап тастаңдар! – деді. Одан соң маған қарап; – Ереке, осы қалыптарында лентаға жазып алғаның дұрыс-ау, – деді.

– Аға, ол жағын тындырып қойғанмын, – дедім. Оным рас еді. Қызыл көйлекті қызды қамаған­ соң жалғыз өзім үйге кіріп, есірткіге елітіп, әр жерде күшәлә жеген итке ұқсап, домалап жатқандарды түгел бейнекамераға жазып алғанмын. Неге екенін өзім де білмеймін, жалаңаш жатқан Лираны түсіргенде үстіне жамылғы жауып қойғанмын. Жаным ашыған шығар.

Әкесіне ме жоқ, қызына ма,ол  жағын да ойлаған жоқпын.

Жолда туған жолбике

 

Жартылай жалаңаш, тырдай жала­ңаш­ тобырды тоқпақтап дала­ға алып шықтық.

Есеңгіреген қыз-жігіттердің естері кіріп, киімдерін түгендеп, асығыс киіне бастады. Басекең «Байлап тастаңдар!» деген сөзін қайталаған жоқ. Сол бұйрықты біз де естімеген болып тұрмыз.

– Тонаушысы қайда? – деді, сырт­қа шыққан ағамыз.

Бір жігіт барып, қызыл көйлекті қызды ертіп шықты. Қызды көргенде Қалекеңнің көзі дөңгеленіп кетті. Ол анаған таңдана біраз қарап тұрды да:

– Әй, сен, Жанка емессің бе?! – деп еді қыз маған қарады. Қалекең де маған қарады.

Мен күзетшілердің бөлмесіндегі дорбаны алдырдым да, ағаның алдына қойдым. Қалекең дорба ішіне үңіліп қарады да:

– Атаңа нәлет! Жолдыбайдың жолда туған жәлебі! Асымды ішіп, дастарханыма түкіріп жүр екенсің ғой, – деді де қыздың бетіне салып қалды.

– Ағатай, кешіріңіз! Ағатай, құлы­ң­ыз­ болайын! Мен білмей қалыппын,­ кешіріңіз! – деп Қалекеңнің алдына­ тізерлеп отыра қалды әлгі қыз.

– Қане, түгел аты-жөндеріңді, үйлеріндегі телефон нөмірлерін айтыңдар! – деп бұйырды ағамыз. Аналар кезек-кезек мекен-жайларын айтып, дірілдеп тұр. Тек бір қыз ғана:

– Сен, шал, өз ісіңе басыңмен жауап бересің. Тілімді кесіп алсаң да­ атымды, адресімді айтпаймын, – деп безірейіп тұр еді, «шал»:

– Айтпасаң айтпа. Барлық істі сенен бастаймын, – деп шетте тұрған жалбашашты жігіттің шашынан­ уыстап ұстады да жұлқып тартып қалды. Жігіт:

– Ой, ой! Пахан, больно! – деді.

– Больно?! Больно болмау үшін мынау бетінен зәрі шығып тұрған қай дәудің қызы? Соны айт! – деді.

– Айтамын! Ол, ол Шайханның қызы – Лаура, – деді.

Қалекең жігіттің басын бір сілкіп, итеріп жіберді де, Лаураға қарап:

– Ал, енді не дейсің? Шайхан әкеңді қазір шырылдатып алдыңа алып келемін, – деп еді қыз.

– Ол сенің бұл ісіңді кешірмейді. Сен, өліксің! – деп темекісін аузына апара бергенде Қалекең қыздың бұтынан бір тепті де, етпетінен түсірді.

– Қане, жазып болдың ба? Маған бер, кімнің қандай өлік екенін көрейін! – деп есірткіқұмарлар айтқан тізімді қолына алып, көз жүгірттіп шықты да:

– Шайханның нөмірін кім біледі? – деді. Әлгінде шашы жұлынған жігіт. «Мен білемін» деп телефон нөмірін айтқан еді, ыңырсып жатқан Лаура:

– Скотина! Стукачь! Баба! Сат­қын, қатын! – деп жерді жұдырығымен тоқпақтай жөнелді.

Қалекең ұялы телефонын алып, қағазға қарап тұрып, нөмірлерді тере бастады. Күзетшілердің біреуі оған орындық өкеліп берді.

– Алло! Маған Шайхан керек. А-а, өзіңбісің? Мен Қалекеңмін... Танысаң орынды. Слушай, Лаура деген жексұрындау қызың бар екен ғой? Иә, сол бала менде тұтқында­ отыр. Иә, тұтқында! Ұрлаған жоқпын,­ ұрлат­қан да жоқпын, өзі келіп қақпанға түсті. Мен, Құдайдан ғана қорқамын. Сол үшін өзіңе хабарлап отырмын.

Мен саудаласпаймын. Қызыңның құнын өзің білесің. Болды! Ойланып, өзің хабар бересің, – деді де, маған қарап: – Лаура қызды қамаңдар, – деді.

Жанкадан босаған бөлмеге Лаура­ны апарып қамап тастадық.

Қалекең түнгі қонақтардың әке-шешелеріне дәл осылай кезек-кезек­ хабар беріп, бәрін қаматып тастады. Есік алдындағы хауыз жанындағы аппақ мәрмәр тастан өрдіріп, әшекейлеп салдырған бастырма  ішіне дастархан жасатып, өзі сонда жайғасты да:

– Ереке, өзіңнен өзгелер, жұмыс орындарына бара берсін. Сен бері кел, жаныма отыр, – деді. Үнсіз келіп, дастархан шетіне отырдым.

– Інім, неге екенін өзім де жөнді түсінбей жүрмін. Сені етжақын бауырымдай жақсы көремін. Жан-жағымда мен үшін жанын қиятын жігіттер жетерлік. Бірақ, сен ерекшесің. Ауылда өсіп, ауылда қарапайым тракторшы болып, қулық-сұмдыктан алыс жүргеніңнен ұнататын шығармын.

Байқаймын, қала өміріне сен де төселіп қалған секілдісің. Солай бола тұра «Басеке, сіз, осы қандай жұмыс істейсіз? Немен шұғылданасыз? Көл-көсір дүние қайдан, қалай келіп жатыр?» деп, бір рет те сұраған жоқсың. Өзім айтып, өзім берген ақшаға риза болып, томпаңдап, тірлігіңді істеп жүре бересің. Оның да дұрыс шығар.

Иә, өмір деген арпалыспен өтеді екен ғой. «Бес күн жалған дүние» деп бекер айтылмаған. Бұл өмірде өзің үшін талпынбасаң ешкім ештеңе бермейді. Бар болса тартып алады, ұрлап алады, қорқытып алады. Сені тұралатып, тақыр жерге отырғызып кетуге асығады. Бұл заман – күштілердің заманы. Жанында жолдас болып жүрген жігіттердің өзі дүние үшін сатып кетеді. Көзіңе күліп қарап тұрып, ішінен осыны қалай жайратсам     ек­е­н?»­ деп ойлап тұрады. Інім, мен әуелі өзің секілді қарапайым жұмыстан бастағанмын өмір сүруді. Содан соң басшылық қызметтердің құлағына жармастым. Міне, сол жармас­қаннан әлі жармасып келемін. Алысып келемін, жұлысып келемін. Уақыт өтіп, заман өзгерді. Бірақ, адам өзгерген жоқ. Адамдардың есіл-дерті – билік басында болу, мол дүние табу. «Кедей – бай болсам, бай – Құдай болсам» дейді екен ғой. Мен кедей емеспін, баймын. Бірақ, Құдай болуға ұмтылмаймын. Жарат­қан Ием кешірер! Байлардың арасында «Бәсеке» деген бәле бар. Өле-өлгенше, күндіз-түні, жатсаң-тұрсаң ойыңнан кетпейтін кесел. Асып-төгіліп жатса да, болған үстіне бола берсе дейсің. Ең соңында тоналасың, немесе жүйкең жұқарып кеселге ұшырайсың.

Ереке, үш ұлым бар, білесің. Олар да менің жолымды қуған. Өзім жолға салып жібергенмін. Олардың дәулеті менікінен кем емес.

Жалғыз қыз шіріген жұмыртқа болды. Атымды әбден былғады. Өз­ қолыңды өзің кесіп тастау қиын екен. Не істерімді білмей, езіліп отырмын.

Мынау тобырды көрдің ғой. Олардың әке-шешелері де дәл мен секілді шіріген байлар, ақшамен самауыр қайнататындар. Бірақ, бәрінің мойнында қарапайым халықтың маңдай тері, көз жасы бар. Қарғысы бар десем де қате­лес­пеймін. Мүмкін со-дан шығар, соңғы жылдары жолым болмай,­ жа­таған есектей болып барамын. Анау емделіп жатқан жеңгеңнен өзге және екі жеңгең бар. Үшіншісі – өзің қатарлы. Бала-шаға түгел біледі оларды. Бәйбішем аурушыл болған соң өзі рұқсат берген. Рұқсат бермеген күнде де менің тоқтамасымды біледі. Байқаймын, соңғы жылдары ол да дү­ние-мүлікке сал­ғырт қарайтын болып алды. «Қолда барда қыдырып,­ ел, жер көрейін» дейді ме, жыл сайын шет елдерге бес-алты рет барып, демалып, емделіп қайтады, – деді.

Қалекеңнің ұялы телефоны құлынша кісінеді. Ағамыз маған қарап жымиды да, көзін бір қысып, телефонды құлағына тосты.

– Ал-ло! Иә... Айттым ғой, «Құнын өзің кес», деп мен әл­декімдерге ұқсап ұсақтамаймын... Иә, жарайды. Қызыңды қырғы базардың алдында күт. Менің адамым алып барады. Сен, өз адамдарыңа айт, менің жігітіме көз алартушы болмасын. Менің айтқаным болмаса, қызыңның концертін кешке жергілікті теледидардан көресің. Түндегі тірліктерін толық жазып алғанбыз, – деді де, телефонды дастархан шетіне қойды. Сәл ойланып отырды да, маған қарап:

– Ал, Ереке, жаман ағаңның ойынына бүгіннен бастап сен де араласасың.

Қазір Шайханның Лаурасын маши­наңа салып ал да, қырғы базарға бар. Жаныңа өзіңе ұнайтын, сенімді екі жігітті ертіп ал. Олар өз қызын өзі сатып алады. Саудаласпа! Бер­генін ал да, ізіңше кері қайт. Бүкіл денесін, ағзасын есірткіге улаған сұмырайларды бүгін тегіс сатамыз, – деді.

Нашақорларды сатып жібердік

Қалекең айтқан қырғы базардың­ қарсысындағы автобус аялдамасынан шамалы өтіп барып, тоқтағанбыз. Жанымызға бір жігіт келіп, машина ішіне үңілді де:

– Лаура, выходи! – деді. Қыз орнынан тұрмақшы еді, мен оның иығынан басып, қайта отырғыздым да, бейтаныс жігітке:

– Жақсы жігіт әуелі сәлемдеседі, – деп едім, ол да бір қыршаңқы екен.

– Сәлем беретіндей сен Меккеден келіп пе едің? Жоқ әлде Құдай қосқан құдам ба едің? – деді.

– Меккеден келмесем де, құда болып қалуымыз мүмкін. Қазірше қыз бізде. Қалың малы қайда?! – дедім.

– Маратик, он достал меня! Атып тасташы өзін! – деп Лаура жұлқына бастап еді, мен:

– Маратик, қане атып тасташы! Ата алмайсың, ә?! Иә артыңа қара! Ату үшін де жүрек керек, – дедім.

– Лаура, извини! – деп жігіт қызға жалынышты көзімен бір қарады да, маған бұрылып:

– Қанша сұрайсың? – деді.

– Саудаласатындай – сен базар­да тұрған жоқсың. Шефің қанша беріп жіберді? Түгел бері шығар. Ойланатын уақыт жоқ. Бол тез! – де­дім.

Жігіт жан қалтасынан пакетке салынған түйіншекті алып, маған берді. Ашып, қарасам, АҚШ-тың ақшасы екен. Санаған жоқпын. Жанымдағы жігіттерге қарап:

– Қыз – Марат иттікі, жіберіңдер! – дедім.

Лаура сыртқа шықты да, машина ішіне қайта үңіліп, менің бетіме шапалақпен салып қалды да:

– Сені бастығыңмен бірге түрмеде шірітемін. Оны істемесем, атым басқа болсын! – деп қарғанды.

– Сенің атың онсыз да басқа, – деп жанымдағы жігіт мырс етіп күліп жіберді.

Үйге қайтып келсек, Қалекең дәл сол базар алдына екінші «клиентті» даярлап қойыпты. Жалбыр шашты жігітті де машинаға салып алып, базарға апарып, «сатып» қайттық.

Одан кейінгі кезек түнде дәлізде аймаласып жатқан қыздыкі болып шықты. Жанымдағы бір жігіт құлағыма: «Ереке, мына қыз маған ұнап келеді. Жолда белімізді бір суытып алсақ қайтеді?» – деп сыбырлап еді, мен оған: «Ұнаса түнде не бітірдің?» – дедім. Ол болса: «Түнде құр қалды дейсіз бе?­ Төрт қыздың төртеуін де тындырғанбыз» деді. Мен оған таңдана қарап: «Лираны да ма?» дедім. Ол басын шұлғыды.

Кезек-кезек сыбырлап келе жатқа­нымызда, базарға да жетіп қалыппыз.­ «Еденшіл» қызды «сатып алуға» шешесінің өзі келіпті. Шешесін көрген қыз «Мама!» деп мойнына асыла кетті.

– Мынаны кімге берейін?! – деп келген әйел қолына конверт ұстап тұр екен.

– Қызыңыздың сүйіншісі болса, маған беріңіз? – деп әйелдің қолындағы конвертті жұлып алдым да:

– Ішіндегісін санайын ба? – дедім.

– Санасаңыз, санаңыз! Келісім бойынша күйеуім санап берді, – деп әйел лыпылдап тұр. Қызды иесіне тапсырып, өзіміз кері қайттық.

Қалған тұтқындарды да дәл осы­лай сценарий бойынша «сатып», ең соңында Лираның досы, Қа­лекеңнің «асын ішіп, дастарханына түкіріп» жүрген Жанна қалды. Оның әкесі Жолдыбай қоңырау соқпады ма, жоқ әлде өзара келісе алмады­ ма, қызыл көйлекті қыз қамауда қалып қойды.

Күн бата Қалекең:

– Ұры қызды менің машинама салыңдар! – деп бүйрық берді. Оның сөз ырғағына құлақ тіксеңіз, «Менің машинама бір қап картоп сала салыңдар» дегендей болды.

Машинаға мінгізіп жатқанымызда қыз:

– Мені қайда апарасыздар?! – деп көзі жасқа толып, үрейі ұшып барады.

– Қорықпа жайлы жерге барасың,­ – дей салдым. Осы кезде Қалекең­де үйінен шығып еді, біз машинадан шеттей бердік.

Қалекең ымдап, мені оңаша алып шықты да:

– Айналайын, інім, мен үш-төрт күн болмайтын шығармын. Осындағы шаруаға өзің түгел бас-көз боласың. Тойхана, ойынхана, дү­кендердің меңгерушілеріне түгел ескерттім. Олар менің бірнеше күн болмайтынымды білмейді. Сен де білдірме.

Ал анау қарындасың сазайын тартып жатыр. Келінге айт, хабар алып тұрсын. Сөйте ғой. Осы қаладағы сенімді жан жалғыз өзің, – деп арқамнан қақты.

Лира әбден жалынды

 

Қалекең қара «ДЖИП»-пен қызыл көйлекті қызды қайда алып кеткенін түсінбей біз аң-таң болып, тұрып қалдық.

– Жанна қыз ұрлаған заттарды қызметші қызға апарып беріңдер. Орын-орынына қойсын, – деп едім, қақпа алдындағы күзетші жігіт:

– Командир, ол қызды қожайын қуып жіберді, – деді. – «Тұтқындарды» «сатып» жүріп, ол қызды не үшін жұмысынан босатқанын да білмей қалыппын ғой.

Қалекең үйінің әр бөлмесінде, әр­ жерде тұратын заттарын үйге кіргізіп, кітапхана бұрышына қойдым­ да, Лирадан хабар алайын деп екінші қабатқа көтерілдім.

Қыздың бөлмесінің есігін қақтым. Ыңырсыған дыбыс шықты. Шамалы­ тосып, қайтадан есікті қақтым. «Кі-ре бе-ер» деген әлсіз дауыс естілді.

Лира өз төсегінде жатыр екен. Екі көзі ісіп кетіпті. Жылағаннан емес, соққыдан екені көрініп тұр.

– Лира, халің қалай? – дедім. Дауысым жарықшақтанып шықты. Қыз-дың соққы жегеніне өзім кінәлі екенімді біліп тұрмын.

– Рахмет! Таңертең келіп, киіндірмегеніңізде әкем мені шынымен бауыздап тастайтын еді. Сөйткеннің өзінде істегені мынау, көріңіз – деп, халатын көтеріп, теріс бұрылып еді, менің көз алдым бұлдырап кетті. Себебі, қыздың таңертең өзім көрген аппақ денесінен елес те қалмапты. «Жон арқасынан таспа тілді» деген сөз миыма шақ ете қал-ды. Бойжеткен қыздың апақ денесіне киіз үйдің керегесін әкеліп жапсыра салғандай. Айқұш-ұйқыш қамшының ізі. Кей жерлерінен қан шығып, қата бастапты.

– Ойпырмай, ойпырмай! Өз қызы ғой! Қандай тас жүрек адам! – деп іштегі ойым сыртқа шығып кетті.

– Ағатай ай, сіз, алған ақшаңыз­ға, басыңыздағы уақытша баспанаға мәз болып жүрсіз. Менің әкем өте қатігез адам. Осы күнге дейін бір баласының маңдайынан сипап, айналып көрген емес. Жалғыз мені еркелетуші еді. Жиырма екі жыл алақанына салып жүріп, бір күнде сойып салды ғой, – деп солқылдап жылады.

– Лира, жеңешеңді жіберейін, – деп едім, ол:

–Аға, сізден кешегі, бүгінгі қылықтарым үшін кешірім өтінемін. Кешіріңіз! – деп. – Жеңешемді әуре қылмай-ақ қойыңыз. Сізге айтар бір өтіншім бар. Соны орындасаңыз, бар сырымды өзіңізге ақтарып салар едім, – деді.

– Айта ғой, қолымнан келсе орындайын, – дедім.

– Қолыңыздан келеді. Ең әуелі «тісімнен шығармаймын» деп сөз беріңіз, – деді. Жымиып күлгендей болды. Онысы тым ерсі көрінді. Күп болып ісіп кеткен бетке күлкі де жараспайды екен.

– Ереке, аға, мен есірткіге уланған жанмын. Бір сөзбен айтқан­да «наркоманмын». Бізде «ломка» деген болады. Қазақша қалай айт­сам екен. Әлгі бәлені уақытылы қабылдамасаң, денең құрысып, қаның жүрмей қалғандай, буын-буы­ның икемге келмей, аяқ-қолың тырысып, жаның шығып кететіндей қиналасың. Ал есірткіден бір иіс­кесең немесе инемен ексең, жаның жай тауып, рахат сезімге бөленесің.

Маған сол «ломка» таяп қалды. Өтінішім сол, маған бір «доза» әкеліп беріңіз, – деді.

– Ойбай, ондай бәлені айта көрме! Онанда бір-екі күн қиналасың, шыдарсың. Сол бәлені тастасайшы! – деп едім, қыз жылап жіберді.

– Ағатай, тастау оңай болса, әлдеқашан тастар едім, әкемнен бұлай таяқ жемес едім ғой. Маған емделу керек. Наркологтарға көрінуім керек. Емделгенше әлгі «доза» болмаса өліп қаламын. Немесе өзіме-өзім қол жұмсаймын. Шыдай алмаймын, – дейді еңіреп отырып.

– Айналайын-ау, ол бәлені қайдан­ табамын? Өмірі көрген емеспін. Оның түрі де көп көрінеді ғой, – дедім шошып.

– Қол ұшын беріп, қарындасыңызды аман алып қалғыңыз келсе, жол-жобасын өзім айтамын ғой, – деді жылағанын тиып.

– Амал жоқ, өзің үшін қылмысқа­ барамын, – дедім.

– Аға, «Мың бір түн» деген түнгі клуб бар. Естіген шығарсыз. Соның алдына барып, оңаша тұрсаңыз, есірткі сатушылар өздері келеді. «Шөп бар, ұнтақ бар» деп сыбырлап кетеді. Солардан аласыз.

Ол жерде ешкімді кездестіре алмасаңыз, ескі қаладағы «Жасыл жаға» аталатын көше бар. Сонда барсаңыз, қыз-жігіттер көшеде қаз-қатар темекі шегіп отырады. Солардан «Жора керек еді» деп сұрайсыз. Сығанға ұқсас бұйра шашты, ұзын бойлы жігіт – Жора. Содан сұрайсыз. Ол сізге сенбеуі де мүмкін, менің атымды айтасыз. «Ол қарызын қашан қайтарады?» де­се, «Бір жетінің ішінде әкеліп береді» деңіз. Бұл жолы нақ­ты ақша бермесеңіз, сатпайды, ақшаңыз бар ма? – деді.

– Бар ғой. Оның нарқы қандай?­ – деп едім, ол:

– Сіз саудаласа алмайсыз. Сондықтан, «Маған бес мыңдық ұнтақ бер» десеңіз жеткілікті. Қазірше маған сол да жетеді, – деді.

Уәде берген соң, орындау шарт «Тәуекел!» деп, сұр «Жигулиге» міндім. Жаныма «Лираны да тындырдым» деген бұқа мойын Серікті алдым. Оны жаныма ертіп алғаным дұрыс болған екен. «Мың бір түнді» дәл тапты. Машинамызды қаңтарып қойып, түнгі клуб алдында­ жарты сағаттай тұрдық. «Шөп, ұнтақ қажет пе?» деп бізге тірі жан жоламады. Клубқа кіріп-шығып жат­қандардың дені жастар.

– Бұлардың ішінде нашақорлар көрінбейді ғой, – дедім мен.

– Ойын-күлкі түн жарымында бас­талады. Сол кезде сатылатын шы­ғар әлгі бәлелері, – деді Серік.

– Қой, қарындасымыздан айыры­лып қалармыз. Басқа нүктесіне барайық. Оның «ломкасы» әлгінде басталған, – деп едім, Серік:

– Өлмесе өмірем қатсын! Сол еркетотай шолжаң қызға неге жаныңыз аши қалды? – деді.

Мен іштей: «Лира «тісіңізден шығармаңыз» деп еді. Мынаған неге айттым» – деп өкініп те тұрмын.

– Әкесін, қызын сынап, ақыл айтатын біз емес. Біз олардың есігі алдында жүрген жалшымыз. Жігітім, қожайынның қызына бас-көз­ болу міндетім. «Ломкасы» ұстап, шыдай алмай, өзіне-өзі қол жұмсаса,­ әкесіне қай бетімізбен қараймыз. Жаның қиналмай, мол ақша тап­қаныңа шүкіршілік жасамайсың ба? – дедім. Серігім басы салбырап тұрды да:

– Рас екен-ау, командир. Қалакең секілді жағдайымызды жасап жүрген ешкім жоқ, – деді.

Жалғасы бар...


Ермұраттың әңгімесін жазып алған –

 

Әбдібек ҚОҢЫРБЕКҰЛЫ.

 
                                                                                                                                               Дереккөз :zamana.kz