Нашақорлардың «Ямасына» бардық
«Жасыл жағаға» жетіп, машинамен жаймен жылжып келеміз. Лира айтқандай, көшедегі қиқы-жиқы үйлер-дің алдындағы сынып, қисайып қалған орындықтарда қыз-жігіттер отыр. «Мың бір түннің» алдындағы жастар-дан бұл көшенің жастары бөлек екені бірден көзге түсіп тұр. Түнгі клубқа келетіндер бай-бақуат жандардың ұрпақ-тары болса, мұндағылар жарлы-жақыбай, кедей-кепшік, ішкіштер екені бірден көзге түседі.
Он алты-он жеті шамасындағы орыс қызының сары шашы ұйысып, киізге айналып кетіпті. Оң көзінің астынан біреу жақсылап ұрып, көкпеңбек таңба салыпты. Оның жанында отырған сақал-шашы өсіп, әбіржіп кеткен жігіттің киімі де кірден жылт-жылт етеді.
– Дәл мыналар Жораның жолдастары болса, ол жігіт те жетіскен екен, – дедім.
– Неміз кетеді, сұрай салайық, – деп Серік отырған екеуге:
– «Жасыл жаға» жастарына жалынды сәлем! – деді машина терезесінен.
– Сендерге не керек? – деді жігіт.
– «Жора» деген досымызды іздеп жүрміз.
Қайдан тапсақ екен, жол сілтеп жіберсеңіздер дұрыс болар еді, – дедім.
– Тегіннен-тегін мысық та құйрығын көтермейді, – деп ана жігіт өз сөзіне өзі мәз болып күлді.
Мысығыңды білмеймін, өзің орныңнан тұрып, Жораның «Шұқырын» сілтесең, ақысын береміз, – деп Серік те күлген болып еді, жігіттің жанындағы қызсымақ атып тұрып:
– Мен көрсетемін. «Шұқырдың» ішіне кіргізіп жіберемін, – деді.
Қыз жанымызға жақын келіп:
– Әуелі, ақысын төле. Бір шөлмек шарапқа жететін теңгені алақаныма сал! – деп алақанын жайды.
Қызға тиісті теңгені бердім де:
– Машинаға мін, – деп едім, ол:
– Менің соңымнан еріңдер, – деді де алдымызға түсіп алып, далбаңдап жүгіре жөнелді. Машина ішіндегі маңдайшадағы айнаға қарасам, жалбыр шашты жігіт те артымыздан жүгіріп келеді екен.
– Қызын қызғанып, ана сорлы да жүгіріп келеді, – дедім Серікке қарап күліп.
– Қызын емес, қызыл шарапты қызғанып келеді. Қызға берген теңгені көрді ғой, – деді Серік.
– Серік, «Шұқыр» деген не сөз? – деп едім, ол күліп:
– Командир, өзің шынымен ауылда жүріп, бұл өмірден адасып қалыпсың ғой. «Шұқыр» – орысша «Яма». Нашақорлардың жиналатын жері, – деді. Мен іштей «Осы Серік білгіш-ақ. Өзі де «шұқырдан» шыққан сұмырай емес пе екен?» деп ойлап қойдым.
Қисық-қисық көшемен жүріп келіп, құлауға айналған ескі үйдің алдына келіп тоқтадық.
– Міне, мына үйге кірсеңдер, Жораны табасыңдар, – деп қыз кері бұрылып, жүгіре жөнелді.
– Әй, Жораны шақырып бермейсің бе? – деп анаған айқайлап едім, ол:
– Үйге өздерің кіре беріңдер, – деді күліп.
Серік маған қарап:
– Командир, алға! – деді.
– Апыр-ау, бұл үйдің ұсқыны маған ұнамай тұр, – деп едім, ол:
– «Шешінген судан тайынбас» деген, мен-ақ барайын, – деп машинадан түсті. Ол үйдің терезесінен ішке сығалап қарады да, мен жаққа бұрылып, қол бұлғап шақырды.
Тегін концерт көрдік
Екеуміз терезеден үй ішіне үңілдік. Өткен түнгі Лираның үйіндегі көрністің дәл өзі. Бір ерекшелігі – Лираның достары таза киінген, түр-түстері ажарлы жандар еді. Ал, мұндағы жандар көшеде жүрген қаңғыбас – БОМЖ-дардан айырмашылғы жоқ. Кәрі-жасы әйел-еркегі аралас. Бәрі мәңгүрт, бәрі еселаң. Көк түтін толған бөлме ішінде қалғып-мүлгіп, жылап, ыржалақтап күліп, ыңылдап өлең айтып отырғандар. Бір еркек талтайып тұрып, бұрыштағы шелекке кіші дәрет жіберіп тұр. Соны көрген сорлы бір жап-жас қыз еркекке ұқсап, түрегеп тұрып дәрет алды. Жанымда тұрған Серік менің мықынымды түртіп қалып:
– Командир, мынау керемет кино ғой! – деді. Қара тобырдың ортасында темір стол бар екен. Сол стол үстіндегі «керогазға» қасық тосып, әлденелерді ертіп отырған екеудің біреуі терезеден сығалап тұрған бізді байқап қалды. Ол арт жағына қарап, әлдене деді.
Еркектің сыртында тұрған бір әйел оның мойнынан құшақтап, сүймекші еді, анау итеріп тастады.
– Біреуіміз ішке кірейік, – деп Серікке бұрыла бергенім сол еді, желке тұсымнан біреу:
– Қимылдама! – деп бұйырды.
– Кімсіңдер? Мұнда не іздеп жүрсіңдер? – деді екінші дауыс.
– Жораны іздеп келдік, – дедім.
– Бері бұрыл, – деді. Бұрылдым. Шашы бұйра-бұйра болып, иығына дейін төгілген кең жауырынды, қызыл көйлекті еркек тұр екен. Мен оның Жора екенін түсіндім.
– Мен сені бірінші рет көріп тұрмын. Танымаймын, – деді.
– Иә, танымайсың. Лираны танитын шығарсың? Мені саған сол жіберді. Ол «Ломка» болып, өлейін деп жатыр. Ем қажет, – дедім.
– Ол қаншық, әуелі, қарызынан құтылсын. Әкесі миллонер болса да, қарыздан көз ашпайды, – деді.
– Жора, ол жағын өзімен келісерсің. Маған бес мың теңгеге товар бер, – дедім.
Жора бетіме тесіле қарап тұрды да:
– Ақшаңды бер, – деді. Қалтама ыңғайлап салып қойған ақшаны қолына ұстата салдым.
– Осында күт! – деп Жора бұрылып кетті. Серік екеуміз терезеге қайта үңілдік. Бір қыз тырдай жалаңаш, өзімен-өзі билеп жүр. Көзі жұмулы, езуінде күлкі. Рахат сезімге бөленіп, балқып жүр. Оған көңіл бөліп, қарап отырған бір жан жоқ. Әркім өзімен-өзі. Қабырғасынан күн көрінетін тыриған арық жігіт бір күйген кірпішті кеудесіне басып, қайта-қайта сүйе береді. Жасының қай шамада екенін ажырату қиын бір еркек, шашын төбесіне үйіп қойған семіз қыздың кіндігін аймалап өліп-өшіп жатыр.
– Болды! Концерт аяқталды! – деген Жораның дауысын естіп, артымызға жалт қарадық.
– Міне, товарың. Лираға сәлем айт, бір жетіде қарызынан құтылмаса, оның әкесімен біздің Барон сөйлеседі. Ал, енді бұл арадан тайып тұрыңдар! – деді.
Екі қолын кеудесіне қусырып алыпты. Талтайып тұр. «Бәледен машайық қашыпты» демекші, біз зытып бердік.
Қайтар жолда бізге жол көрсеткен қызды көрдік. Ол жігіті екеуі орындық үстінде «Ағдам» деген арзан шарапты шөлмектің аузынан сіміріп отыр екен. Олардың тұсынан өтіп бара жатып, «сигналды» басып қалдым. Бізді таныды. Қолдарын бұлғап, қоштасты.
Лира мені көріп, көзі жайнап кетті.
– Ағатай, таптыңыз ба? – деді асығып. Әкелген бармақтай қағаз пакетті қолына бердім. Ол орнынан сүйретіліп, әрең тұрып, төсек жанындағы «тумбочка» үстіне пакетті ашып қойды. Ақ ұнтақтан бір шымшып алып, танауына тығып, ұзақ иіскеді. Көзін жұмып, шалқайып біраз отырды да және бір шымшып екінші танауына тақап, танауын шуылдата иіскеледі. Иіскеп-иіскеп алды да, жанындағы төсекке қисая кетті. Маңдайынан шып-шып тер шықты. Бетіне қан жүгіріп, боп-боз беті қызарып шыға келді.
Мен бұрылып, ақырын басып кетіп бары жатыр едім, Лира:
– Ереке, кетпеңіз, – деді. Артыма жалт қарадым. Қыз қара терге түсіп жатыр. Көзі әлі жұмулы.
Қыз сырын ақтарды
– Ереке, бір бокал шай болса. Содан соң өзіңізге берген уәдем бойынша ағымнан жарылып, бар сырмды ақтарар едім, – деді.
– Жарайды, шайды қазір алдырамын, – дедім де, қыздың бөлмесінен шығып кеттім.
Келіншегім Айғанымға айтып, термосқа шай құйдырып алдым да Лираға қайта оралдым. Келсем, ол ақ ұнтақты тіліне жағып отыр екен.
– Лира, «ломкаң» қайтса, ана бәлені көп қолдана бермесейші. Ертең қайта іздейсің ғой, – дедім.
– Иә, оныңыз орынды. Қолымда болса бәрін тауысып қоярмын. Қалғанын сіз жасырып қойыңыз. Ертең бересіз, – деді.
Екі кесе шай ішкен соң, Лира бұрын өзім көріп жүргендей адам болып қалды. Екі тізесін құшақтап, төсек үстінде шоқиып отырып әңгімесін бастады.
– Аға, әке-шешеме еркелеп жүріп, жаман ойлы адамдардың көзіне түсіп, осындай жағдайға тап болдым ғой, – деді ол. – Мектепті өте жақсы бітірдім. Университетке түстім. Рас, әкемнің беделі де ықпал етті. Бірінші курсты бітіргенімізді атап өту үшін, кафеге барғанбыз. Сонда әбден биледік. Жанымдағы құрбы қыздар мен жігіттер әжептеуір ішті. Ішімдікті айтамын. Мен ол кезде оларды аузыма да алмайтынмын. Кафеде, барда тұрған жігіттің жанына жымыңдап бір жігіт қайта-қайта барып жүрген. Сол жымыңдаған жігіт біздің дастарханға бір шөлмек аққайнар мен бір шөлмек «кола» қойып:
– Сіздер өте көңілді отыратын достар екенсіздер. Сіздермен танысқым келеді, – деді. «Күлшелі бала сүймекке жақсы» демекші, өзі сыйлық әкеліп отырған жігітке ешкім «кет» демей, керсінше «Келіңіз! Бізде та-мыр-таныс, достың көп болғанын қалаймыз» деп ортаға қосып жіберді. Аққайнардың ақ қалпағын аспанға атып, «таныстық үшін» бәрі ішіп қойды. Маған «кола» бұйырды.
Кейін білдім ғой, бәленің бәрі сол «коладан» басталыпты. Менің бақытсыз күндерім сол күннен басталып, жалғаса берді.
Инені алдап салыпты
Кафеде әлгі жігіт мені биге шақырғаны есімде. Одан әрі не болғанын білмеймін. Есімді жисам, белгісіз үйде, бөтен төсекте өзіме «кола» ұсынған жігітпен жатырмын. Екеуміз де тырдай жалаңашпыз.
Жатқан жерімнен атып тұрдым. Басым айналып, жүрегім айнып, қайтадан төсекке отыра кеттім. Өзімді-өзім зорлап, орнымнан қайта тұрып, киімімді іздедім. Жаздың күні ғой. Үстіме жапсырған екі-үш қана зат болатын. Солар әр жерде шашылып жатыр екен. Жиып алып, киіндім де, қашпақшы болып, шығатын есік іздедім.
Бір есікті ашып қалсам, Жанна құрбым бір жігітпен жатыр. Дәл өзім секілді ол да жалаңаш. Оның киімдері де шашылып қалыпты.
Жаннаны жұлқылап, әрең ояттым. Ол әлі мас секілді. Тез-тез киімдерін киіндіріп, сүйрелеп, сыртқа шықтым. Есік алдында бір әйел кәуеп пісіріп тұр екен. Ол бізді көріп:
– Қыздар, неге ерте тұрдыңдар? Таңертеңгі ас әлі даяр емес, жата тұрыңдар, – деді жымиып.
– Рахмет! Біз қайтамыз, – деп жан-жағыма қарадым. Тұрған жеріміз, қала емес, саяжай екенін білдім.
– Қыздар, өз беттеріңше қайта алмайсыңдар ғой. Жігіттерің тұрсын, машинамен жеткізіп салар, – деді де қапталдағы шағын үй жаққа қарап:
– Әй, Макс! Бері кел, қонақтар қайтайын деп жатыр, – деді. Ол үй жақтан қырықтар шамасындағы бір қазақ кісі шықты. Шорти киіпті. Кеудесі жалаңаш. Төсінің жүні бұйра-бұйра бұрқырап тұр.
Оны көріп, жүрегім су-у ете қалды. Басым бір бәлеге қалғанын түсіндім. Мең-зең болып, ауырып тұрған басым одан бетер солқылдап кетті.
– Қарындастар, асықпаңдар. Өзім апарып саламын. Бұл жерден қалаға жаяу жете алмайсыңдар. Астан үлкен емессіңдер ғой, дәм татып қайтасыңдар. Әй, жастар-ай, жастар! Осылай ойнап жүріп, от басып қалғандарыңды білмей қаласыңдар ғой. Мына қарындастың мүлдем мазасы болмай тұр ғой, – деп Жаннаны сүйемелдей берді. Жанна шынында да әлі ұйықтап тұр еді. Оның басы былқ-сылқ етіп, көзін аша алмай, мен оны белінен құшақтап тұрғанмын.
– Аға, біз қай жердеміз? – дедім. Оның жылы сөйлегеніне менің де ішім жылып қалған.
– Саяжайдасыңдар, айналайын. Түнде жиеніммен бәрің улап-шулап келіп, таңға жақын ғана дамыл таптыңдар ғой.
Жүріңдер, мына жерге жайғасыңдар. Таза ауада отыра тұрыңдар, – деп сәкіге төселген көрпеге отырғызды. Жаннаның басына жастық жастап, үстіне ақ жамылғы жапты. Менің жүрегім айнып, лоқсып қалдым.
– Менің байқауымша сен, өмірі ішкілік деген бәлені аузыңа алмаған жансың. Солай ма? – деді маған жымиып қараған бойы.
– Иә, аға, алған емеспін. Кеше де алған жоқ едім. Өзіме не болғанын түсінбей отырмын, – дедім ағымнан жарылып.
– Сусын, шай-пай ішіп пе едің? – дейді.
– Иә, аға, «Да-да», «Кола» деген сусындарды ішкен едім.
– Үйбүй, айналайын-ай! Кез-келген бәлені іше беруге болмайды ғой. Қап! Уланып қалғансың ғой. Әй, Гуля! Мына балалар уланып қалыпты. Ана дәріні әкел, бір-бір «укол» жасайын. Әй, жастар-ай! Алды-арттарыңа қарамайсыңдар, – деп менің қолымды ұстап, тамыр соғысымды санады. Басын шайқады. Кәуап жасап жүрген әйел екі шприц пен кішкене құтыдағы сұйықты алып келді. Бейтаныс «дәрігер» ағай білегімді резеңкемен тартып байлады да, шынтағымның іш жағына ине қадады. Денеме ыстық леп кеткендей болды. Көзімнің қиығымен көрдім, Жаннаға да ине қадады да:
– Қазір аурудың қайда кеткенін білмей қаласыңдар, – деді сол жымиған күйі.
Әлгіндегі миымның солқылдағаны, сүйек-сүйегімнің сырқырағаны сап басылып, рахаттанып қалдым. Өзімді жеңіл сезініп, аспанда ақ бұлттың үстінде шоқиып отырғандай көрдім. Бір кезде кеше түнде «Кола» берген жігіт келіп:
– Е-ей, Лира бикеш! – деп иегімнен жоғары көтерді. Ол маған қарап тұр екен.
– Слушай, сенің атың кім? – дедім.
– Керемет ұмытшақсың ғой өзің. Кешеден бері жеті жүз он екі рет сұрадың, – дейді.
– Жеті жүз он үшінші рет болсын, атыңды айт, – дедім.
– Берік. Мен Берікпін ғой, – деп еңкейіп ернімнен сүйді.
– Қаттырақ сүйсеңші! – деймін. Ол мені құшақтап, көтеріп әкетіп барады.
– Берік, қайда апарсың? – деймін күліп.
– Өзіміздің сүйікті төсегімізге, – дейді.
– Аға, одан әрі не болғанын, айтпай-ақ қояйын. Жігітсіз ғой, түсініп отырған шығарсыз. Бірақ, үйге қайтқым келмеді. Сол жерде маған көңілді көрінді. Шала мас болып жүріп, кәуеп жедік, арақ іштік. Жанна арақты көп ішіп, көбінесе ұйықтаумен болды. Не керек, сол саяжайда үш тәулік болыппыз. Беріктің айтуымен шамалы ес жиған кезімде мамама қоңырау соғып, өзімнің достарыммен «саяхатта» жүргенімді хабарладым.
Үш тәуліктен соң, ине қадатпадым. Өзімді-өзім ұстап, ес жидым. Банданың тобына түскенімді, оңбай тұтылғанымды білдім. Өйткені, аналар бізге ине қадайды да, өздері ол бәлені мүлдем қолданбайды.
Берікке айттым:
– Жетер енді! Берік, бізді қалаға жеткізіп салыңдар, – деп едім, ол:
– Енді бізді ұмытпа! Өзің де ұмытпайсың. Сүйек-сүйегің сырқырап «ломка» басталса мені, сол өзіміз та-нысқан кафеден табасың, – деді де, – Ұмытып барады екенмін, сендерге бір кинофильм көрсетейін, содан соң үйлеріңе жеткізіп саламын, – деді.
Киносын көріп, есімнен танып қала жаздадым. Фильмдегі бас кейіпкер Жанна мен мен өзім екен. Есірткіге елітіп аналар не істе десе соны істей беріппіз ғой. Бір жарым сағаттық лента түгел адамның аузы барып, айта алмайтын анайы тірлік.
Берік пен оның досы Бақыттың бұл әрекеттері бізден ақша талап ету үшін жасалған нағыз «шантаж» екенін білдім де:
– Кассетаға қанша сұрайсың? – дедім.
Ол ойланбастан:
– Он мың көгінен, – деді.
– Жарайды, беремін! Кассетаны бер! – деп едім:
– Әуелі ақша, содан соң – кассета! – деді.
Құрбысы әкесінің көңілдесі екен
Үйге келіп, болған жағдайды анама айттым. Одан ештеңені жасырмайтынмын. Ол кісі ең жақын «подругам» секілді. Барлық сырымды біледі. Мамадан он мың баксіні алып, кафеге бардым. Берікке беріп, кассетаны сұрасам, ол:
– Бұл сенің әкелгенің. Жаннаныкі қайда? – дейді. Амал жоқ, Жанна үшін де мен төлейтін болдым. Себебі, Жанна: «Лира, мен үйден бірден ондай ақша ала алмаймын. Бір мың, екі мыңнан алып, сенен құтылармын. Қазірше сен төлей тұр» деген болатын.
Жанна да байдың қызы ғой. Ол ақшамды қайтарып беретініне сендім.
Екінші рет ақша беріп, кассетаны алуға барғанымызда Берік:
– Басқа біреу болса, нақты ақшасы болмаса бермес едім. Сен екеуіңе сенемін. Келесі жолы тегін бере алмаймын. Бұл құнды препарат, – деп екі атым насыбайдай ақ ұнтақ берді. Кассетаны алып, өртеп жібердік. Ана ұнтақты аз-аздан қолданып, екі жетіге жеткіздік.
Міне, аға, осылайша есірткіге тәуелді болып, құтыла алмай, азапқа түсіп жүрген жағдайымыз бар.
Берік әншейін ортада жүрген үлкен бір дөкейдің итаршысы көрінеді. Оның негізгі міндеті – байбатша, ірі тұлғалардың ұл-қыздарын алдап-арбап, қармаққа іліп, есірткіге тәуелді етіп, ақша табу екенін кейін түсіндім.
Аға, осы сұмдыктың соңын тыңдаңыз. «Берік бір дөкейдің итаршысы екен» дедім ғой. Ол дөкейдің кім екенін білесіз бе? – деді.
– Айналайын-ау, мен оны қайдан білейін. Ауылда жүрген майбалақ тракторшы едім, бағыма сенің әкең кездесіп, көзім енді ашылып келеді, – дедім.
– Жо-оқ, аға! Сіздің көзіңіз әлі ашылған жоқ. Мен де өзіңіз секілді көп нәрсені көрмейтін соқыр екенмін. Жуырда ғана білдім. Берік сенген дөкей, менің туған әкем екен, – деді.
Мен не дерімді білмей, отырып қалдым. Лира еңіреп жылап жіберді.
– Сос-со-сон-да қалай?! Қалекең Берікті өз қызына өзі жұмсаған ба? – деппін.
– Әкем маған арнайы жұмсамаған. Әкеме есірткіні сатып, ақша түсіретін, өзіне берілген адам керек қой. Ол адамның бірі – Берік. Бірақ, Берікте қанағат жоқ. Оның сол қанағатсыздығын білген әкемнің дұшпаны, қаладағы «мафияның» бірі – Шайхан деген бар. Сол Шайхан менің әкемнің беделін түсіріп, сүріндіру үшін Берікке мол ақша беріп, мені «инеге отырғызуды» талап етеді. Шынын айту керек, Берік мені өзінің қожайынының қызы екенімді білмеген. Ол төменде жүрген орындаушы ғана.
Мені инеге икемдегенін дәлелдеу үшін Берік бізге кассетаның көшірмесін беріп, түпнұсқаны Шайханға тапсырады. Кассетадан өз қызын көрген Шайхан жынданып кете жаздайды. Ол Берікке уәде еткен ақшасын өз қолымен береді де, сол күні Берікті жоқ қылады. Оның өлі-тірі екенін осы күнге дейін ешкім білмейді. Менің «подругам» Шайханның қызы Жанна. Шайхан қызын дәл мен секілді сабап-сабап үйінен қуып шығады. Жанна содан бері біздің үйде жүретін. Ол оңбаған менен жасырып, әкеммен тіл табысқан көрінеді. Мамамның онсызда жүйкесі жұқарып, аурушаң болып қалған. Әкемнің жан-жақтағы арам тірліктерін көріп, шыдамай, жиі сыртқа кетіп қалады. Мамам маған: «Әкеңе суық жүрісіңді қой» деп, айта-айта шаршадым. Ойлай-ойлай жынды болатын болдым. Қызым, мен бір шешімге келдім. Өмір бір-ақ рет келеді. Сондықтан қалған өмірімді тек қыдырумен өткіземін. Ал қыдыруға әкеңнің қаржысы жетеді» – деген болатын. Міне, содан бері мамам бір ай үйде болса, екі ай шет елдерді аралап, қыдырып қайтады. Миллиондаған теңгеден не пайда, отбасында береке болмаған соң. Өзім есірткіге әбден беріліп кеттім. Әкемнен көп ақша сұрай алмаймын. Ал «ақ ұнтақ» қажет. Сөйтіп қарызға белшемнен баттым. Ақшаға құрбым, әкемнің көңілдесі – Жаннаны жұмсайтын болдым. Ол шалдың қалтасын қағатын әдет шығарды. Оны есірткіге саламыз. Сөйтіп жүргенде шал ұстап алып, үйден айдап шықты. Жаннамен «шұқыр-да» жолығып жүрдік.
Жуырда әкем менің оқудан шығып қалғанымды естіп, үйге қамап қойған. Одан арғысын өзіңіз білесіз, – деді. Екеуміз де үнсіз қалдық. Тым-тырыс отыра беру ынғайсыз екен. Мен:
– Лира, Қалекең Жаннаны машинасына салып әкетіп еді, қайда кетті екен? – дедім.
Лира біраз үнсіз отырды да:
– Өлтіріп тастаған шығар. Ол енді менің есірткі қолданатынымды білетіндерді түгел жояды, – деді.
Жүрегім дүрсілдеп кетті. Лираға таңдана қараған болуым керек. Ол күлімсірей қарап:
– Сіз қорықпаңыз. Сізге қазірше тиіспейді. Ол ең алдымен мені бір жақты қылады. Аға, міне, менің бар сырым осы. Шайхан жұмсап, Берік бізді торға түсірмегенде мен Қалыбектің сүйікті де, ерке қызы болып, университетте жүре беретін едім. Бәрі ақша, бақталастық, байлық үшін болып жатқан жағдай.
Сырт көзге байларда арман жоқ, Сіздер солай ойлайсыздар. Бастарында қабат-қабат үй, астарында қос-қос машина, қалада-далада көп-теген фирмасы бар байлардан гөрі базарда арба айдаған жігіт артық көрінеді маған. Күні бойы арба сүйреп, шаршап-шалдығып келіп, үйінде бала-шағасының ортасында ойнап-күліп отырып, қара шай ішкенге жетпейді.
Өзіңіз көріп жүрсіз, әкемнің айналымда миллиондаған ақшасы бар, бірақ оның берекесі жоқ. Үш ұлы үш жақта дүние қуып жүр. Шешем есі кіресілі-шығасылы, шетел жағалап кетті. Мен есірткіқұмар жеңіл жүрісті әйелге айналдым. Бар қызық әкемнің өзінде ме? Әй қайдам! Көп көңілдесі оны көп ақшасы үшін көңілін көтереді. Әйтпесе, ол шалды көк тиынға керек қылмайды, – дейді.
«Бердәліні ұнатушы едім»
– Аға, мені бетімен кеткен, еркетотай қыз деп ойлап жүрсіз ғой. Солайына солай. Бірақ, мен тәрбиесіз, бетімен кеткен емес едім, әлгінде айттым ғой, әкем мені өте жақсы көреді деп. Мамам да менің қазақи, сыпайы, ізетті, мейірімді болып өсуіме, ерекше көңіл бөліп, қадағалап жүретін. Бірақ, амал қанша соңғы жылдары ол кісі менің тәрбиеме көңіл бөлмек түгілі өзінің жеке басының проблемасымен әуре болып кетті. Әкемнің жүріс-тұрысы, сөйлеген сөздері мамамның жүйкесін әбден жұқартып тастады. Мен де мамамды алғашқы айларда науқастанып жүрген шығар деп ойлайтынмын. Кейін білдім ғой. Мамам құса болып жүр екен. Миллионер шал кімді болса да құса ғылып, жынды қылып, өзіне-өзі қол жұмсауға дейін жеткізеді.
Аға, сізге бар сырымды айтып, ағымнан жарылып отырмын ғой. «Сыр сандықтың» аузын ашқан соң толық ашайын. Мен есірткіге еліткенге дейін құрбы-құрдастарымның арасында беделді едім, достарым түгел сыйлайтын. Өзіңіз де білетін шығарсыз қазіргі студенттер екі топқа бөлінетінін. Байдың балалары жанындағы аш құрсақ кедейдің балаларына көзінің қиығымен мысқылдай қарайды. Өздерін жоғары санайды. Ал мен ондай алалаудан аулақ болатынмын. Жұпыны киінетін, қолы қысқа, бірақ өте ақылды, білімге құштар құрбы қыздарыма өзім киіп жүрген кез келген киімімді сыйлай салатынмын. Сол сыйлы достарымның арасында Бердәлі есімді жігіт те бар еді. Сұңғақ бойлы, кең жауырынды, көрікті жігітке көп қыздар ғашық болып жүретін. Несін жасырайын, Бердәлі маған да ұнайтын. Жаңа жылдық балмаскарад кешінде Бердәлімен жақынырақ танысып, сөйлесудің сәті түскен. Қысқаша қайырып айтайын, сол Бердәлімен сол кештен кейін күн сайын кезхдесетін әдетке айналды. Қыз-жігіт болып қыдырамыз. Айтайын дегенім, жігітім алыс ауылдың азаматы болатын. Нағыз ұлтжанды жігіт, бірақ орысшаға шорқақ еді. Өзім сияқты ауқатты ортада өскен құрбы қыздар:
– Бердәлі көрікті жігіт қой, сен оның түпкі ойын байқап көрдің бе? – дейтін.
– Түпкі ойы – менімен бірге болу. Қызбен қыдыратын кез келген жігіттің ойы белгілі ғой, – деп мен күлемін.
– Сен жалтарма. Біз байқап, көріп жүрміз. Бердәлінің ойы – қалайда саған үйленіп, әкеңнің сүйікті күйеу баласы атану.
– Ойларың орынды. Қандай жігіт болса да үйленіп, үй болып, балалы-шағалы болғысы келеді.
Бердәлі күйеу бала болуға арзымайды ма?
– Неге арзымасын, арзиды. Бірақ, «тең – теңімен, тезек – қабымен» деген сөзді менен жақсы білесің ғой. Айтайын дегенім, Бердәлінің шыққан жері, тегі сендерге тең емес екенін ұмытпа. Жігіт саған ұнайды, ол рас, ал ертең әке-шешеңе ұнай ма? – деген сөзге қарап, мен құрбыларымның түпкі ойларын түсіне қойдым. «Ауылбай» деген кемсітушілік түсініктен туындаған ойдың аясында айтылған сөз деп ұқтым. Бердәлімен кездесуді, қыдыруды жалғастыра бердім. Қызының жүріс-тұрысын үнемі қадағалап жүретін «қадірлі» әкем өзінің «агенттері» арқылы менің кіммен, қандай жігітпен жүргенімді анықтап, білім алған ғой. Бір күні мені жанына шақырып алды да:
– Қызым, байқап жүрмін, бой жетіп қалыпсың. Оң-солыңды танитын жасқа келдің. Өзіңе сөз салып жүрген жігіттер бар шығар. Сырласып, ақыл-кеңес сұрайтын шешеңнің жағдайы анау, қыдырып, қаңғудан қолы босамайды. Аға-жеңгелерің де алыста. «Көп арпаның ішіндегі жалғыз бидай» демекші, сүйікті жалғыз қызымсың. Сенің болашағыңа алаңдаймын. Жібі түзу жан жолығып, сонымен бақытты өмір сүрсе екен деп армандаймын.
Қызым, ұялма, адамың бар ма? Бар болса, ол кім, оқиды ма, не істейді? – деді маған елжірей қарап. Әкемнің сол жолғы көзқарасы өзіме керемет әсер етті. Әуелі төмен қарап, қипақтап, ұялып отырып Бердәлі жайлы қысқаша айтып бердім. Әкем бір нүктеге тесіле қарап, үнсіз біраз отырды, қайта-қайта алқымын қасыды, содан соң орнынан тұрып, үйдің ішінде біраз теңселіп жүрді де, жаныма келіп, шашымнан сипап тұрда да:
– Ол саған ұнай ма? – деп сұрады.
– Иә, – дедім әлсіз ғана, сол төмен қараған бойы.
– Ұнаса, ертең кешке үйге шақыр. Мен танысайын, әңгімелесейік. Сөйте ғой, айналайын, – деді.
Университетте Бердәліге кездескен кезде мен оның бетіне үнсіз барлай қарап тұрып қалдым.
– Лира, тыныштық па? Соншама қадалып қарадың?...
– Сенімен сөйлесуім керек.
– Не жайлы?
– Оңаша шығайық, – дедім де, универдің алдындағы шағын скверге қарай беттедім.
Оңаша бір орындыққа келіп жайғастық.
– Иә, қымбатты менің ханшайымым, құлағым сізде! – дейді Бердәлі ыржиып.
– Құлағың менде болса, шыныңды айт, сен мені ұнатасың ба, жоқ, шынымен сүйесің бе?
– Ол не дегенің, екеуі де бір емес пе? Ұнататын болған соң сүйемін де!
– Жарайды, мені не үшін ұнатасың?
– Бұл жайлы талай рет өзіңді аймалап, құшып тұрып, құлағыңа, алқымыңа сыбырлап айтып едім ғой. Бүгінгі сұрағың біртүрлі екен. Мен жайлы жайсыз бірдеңе естідің бе? – деп Бердәлі қипақтап қалды.
– Жоқ, жайсыз ештеңе естіген жоқпын, – деп едім, жігітім:
– У-у-уһ! – деп терең бір дем алды.
– Берик (кейде мен оны осылай атайтынмын), сен мені шын сүйетінің рас болса бүгін менің әкеммен танысасың.
– О-охо! Қалайша?! Дәл бүгін бе?
– Иә, дәл бүгін?
– Аты аймаққа белгілі алигархпен танысу мен үшін – бақыт! Бірақ, танысу үшін де дайындық қажет шығар.
– Ешқандай дайындықтың қажеті жоқ. Менің әкем қарапайым адам. Жастарға ізетпен қарайды.
Бүгін кешке біздің үйде болатын бол. Бір өкінішті жағдай, сенімен танысу кешінде мамам үйде болмайтын болды. Ол кісі қазір Мысырда жүр. Ал әкем, сені көргенше асығып жүр.
Бердәлі үнсіз қалды. Ал мен оның үнсіздігін неге жорырымды білмей:
– Иә, жігітім, неге үндемейсің? Кешке келесің бе?
– Барамын! Сөзсіз барамын. Әкеңді көрейін. Мүмкін, мені ұнатпайтын шығар, мүмкін ол кісіні мен ұнатпай қалармын. Қалай болғанда да мен ғой сені ұнататын.
– Бара көрерсің, кімді кім ұнатып-ұнатпайтынын соңынан білерміз. Болды, бүгін кешке сені үйде күтиемін, – дедім де орнымнан лып етіп тұрып, универге беттедім.
Кешке Бердәлі дәл белгіленген мезгілде келді. Әкем үйде жоқ еді. Ол маған қоңырау соғып:
– Қызым, қонағың келсе, өзің күте бер, мен шамалы кештетіп барамын, – деген болатын.
Бердәлі ауылда өскен жігіт қой, біздің кең сарайдай жарқыраған үйімізді көріп таңданғанын жасыра алмады.
– Лира, осыншама сансыз бөлмелерде папаң, мамаң үшеуің ғана тұрасыңдар ма? – дейді.
– Үшеуіміз және анда-санда қыдырып келетін аға-жеңгелерім мен солардың бала-шағалары бар ғой, – дедім.
Бердәліні ертіп үйдің ішін аралатып, түгел көрсетіп шықтым.
– Иә, Лира, сенің мына үйіңнің жанында менің ауылдағы үйім әшейін үй деген аты ғана...
– Оқасы жоқ, оқып, қызметке тұрып, байып жатсаң дәл осындай үй салып аласың. Жүр, шай ішеміз, – деп жігітімді ас ішетін бөлмеге бастадым.
Дастархан басына жайғас қан кезде Бердәлі:
– Лира, сені курстастарымыз: «байдың қызы, әкесі олигарх» дегенде мен олардың сөзіне онша мән бермеуші едім. Сендер шынымен өте бақуат тұрады екенсіңдер ғой. Папаң қандай қызметте?
– Бұрын партия қызметкері болған. Кейін, мен ес білгелі бизнеспен шұғылданады., Нақты қандай бизнес екенін мен білмеймін. Бір рет ол кісіден: «Папа, сіз қандай қызметтесіз?» деп сұрап едім, ол: «Немене, қызым, қарның ашып жүр ме? Жоқ киімнен тарлық көріп жүрсің бе?» деп жақтырмай қалған, содан кейін мен оған қызмет, жұмыс жайлы мүлдем жақ ашпайтын болғанмын, – деп едім, Беригім:
– Ол кісі мүмкін баукеспе қарақшы, ұры шығар немесе елге көрінбей істейтін көлеңкесі бизнеспен шұғылданатын шығар, немесе наркотикпен шұғылданатын шығар, – дейді.
– Кетші, қай-қайдағыны айтпай – деп мен шошып кеттім.
– Жай, әшейін, шутка ғой, – деп Бердәлі ыржиып күледі.
Мен ол кезде есірткінің дәмін татпақ түгілі түр-түсін де білмейтін кезім ғой.
Әкем өзі айтқандай көп кешікпеді, тез келді. Бердәлі орнынан атып тұрып, папамның алдынан шықты.
– Ас-са-лаумағалейкум, – деп қос қолын созды.
– Уаға-лейкум ассалам! – деп әкем сәлемді қабылдады да, әкем маған қарап:
– Қызым, сен бөлмеңе барып сабағыңа даярлана бер. Мен қонақпен асықпай отырып танысайын, әңгімелесейін, – деген соң мен амалсыздан өз бөлмеме көтерілдім.
Әкем мен Бердәлі күбір-күбір сөйлесіп отыр. Олардың әңгімелерін толық ести алмадым. Үзік-үзік сөздерінен түсінгенім, әкем Бердәлінің әке-шешесінің қандай жұмыс істейтінін, олар қай рудан екенін сұрады. Тұрмыс-жағдайлары жайлы тәптіштеп сұрады. Менің құлағыма анық жеткені: «Сен менің қызымды анық ұнатасың ба?» «Егер қызыма қылдай қиянат жасайтын болсаң, ... кесіп алып, күнге қақтап, содан соң өзіңе жегіземін. Келістік қой?! Менің ойымнан шығатын болсаң, өмір бойы етігіңді қонышынан басып жүресің. Оқуыңды оқи бер, мен сені адам етемін. Менің ақылыммпен жүрсең, әке-шешең де қолдарын жылы суға малып отыратын болады... Жарайды, қалған мәселені кейін реттей жатармыз. Бар, балам, енді бара ғой, – деді.
Әкем: «Лираны шақыр, шығарып салсын» демеді. Бердәлі менің бөлмем жаққа жалтақ-жалтақ қарап, әкеммен қоштасып, үйден шықты. Көшеге шыға салып, қалта телефонымен маған қоңырау соқты.
– Мен сені сыртыңнан көріп тұрмын. Ертең сөйлесеміз, мені папам шақырып жатыр, – деп телефонды өшіріп қойдым.
Әкемнің жанына келіп жайғастым. Ол маған күлімсірей қарады да:
– Қызым, әлгі жігіт жібі түзу бала ғой деймін. Бірақ, әлі бала ғой, бала. Аңқылдақ, арамдығы жоқ екені көрініп тұр. Бірақ, ертең қандай болатыны бір Аллаға белгілі. Адам тез өзгереді. Ертең қолына мол қаржы түссе әкесіне де сәлем бермей кететіндерді көріп жүрміз. «Семіздікті тек қой көтереді» дейді біздің қазақ.
– Әке, сіз бұл сөздерді маған не үшін айтып отырсыз, – деп әкемнің сөзін бөліп жіберіп едім, ол маған жалт қарады. Сөзін бөлгенімді жақтырмағаны.
– Сені алды-артына қарап жүрсін деп ескерту үшін айтып отырмын.
Не керек, әкем сол жолы маған өмір жайлы ұзақ лекция оқыды. Үнсіз отырып түгел тыңдадым.
Жігітім жоғалып кетті
Күнде Бердәлімен кездесіп, бірге қыдырып, бірге жүрген соң оған әбден бауыр басып қалыппын. Бір-екі күн кездеспей қалсам болды, елеңдеп, іздейтін әдет шығардым. Ертеңіне жолыққанда оған өкпелеп, бұртыйып едәуір уақытқа дейін сөйлеспей қоямын. Бердәлі еркелетіп, айналып-толғанып ашуымды тартқатып алады.
Бірақ, бұрынғыдай жиі кездеспейтін болдық. «Қайда, не істеп жүрсің?» деген менің сұрақтарыма Беригім нақты жауап бермейді.
– Әке-шешеме қашанғы жалтақтаймын. Сотқалдай еркек атым бар ғой, анау-мынау, майда-шүйде тірлік істеп жүрмін, – дейді. Берік бұрынғыдай жұпыны киінбей, жаңадан үлгі бола бастаған киімдерді киетін болған. Сондай бір жаңа киім киіп келсе, маған қарап:
– Лира, қалай «хиповый» болып кеттім бе? – деп мәз болады.
Оншақты күн жолықпай, сағынып жүрген кезім еді. Берік қоңырау соғып, кездесетін болдық. Ол мені ресторанға шақырды. Ішіп-жеп, билеп, көңілді отырдық. Кейін даяшымен есептесерде байқадым, Бердәлінің қалтасы тола ақша екен.
– Сен осы қандай жұмыс істейсің? – дедім.
– Айтып едім ғой саған, майда-шүйде тірлік деп...
– Сен рэкет емессің бе?!
– Қой, олай деме, Алла бетін аулақ қылсын!
– Берик, мен сенің мына жүрісіңнен қорқайын дедім. Мол ақша, «цивильный» киім-кешек... Мұның бәрін қайдан, қалай тауып жүрсің?
Бердәлі қипақтап, маған шындықты айтқысы келмеді. Әртүрлі сылтау айтып, ақталмақшы болып еді, бірақ өтірігінің басы бірікпей қойды.
– Сен мені әлден алдайсың, кейін не істемейсің?! – деп өкпелеп бұрылып кеттім. Ол біраз үнсіз, соңымда жүрді де:
– Лира, жарайды, шынымды айтайын, – деп білегімнен ұстады.
– Тек шыныңды айт, өтірік айтатын болсаң, бүгіннен бастап мен саған жоламаймын, сені де маңыма жолатпаймын.
– Жарайды, айтқаның болсын.
Лира, мен сенің әкеңнің қол астында істеп жүрмін. Ол кісі «менімен жұмыс істейтініңді Лираға айтпа. Тісіңнен шығарма? Егер айтатын болсаң, сен қызымды да, мені де өмір бойы көрмейтін боласың деп талап қойған. Міне, осылай, өзің ғой ежелеп сұрай берген, ал енді не дейсің? – дейді терең бір күрсініп.
Мен де үнсіз қалдым. Әкем бұл тірлігін неге жасырады? Болашақ күйеу баласын қолына алғаны құптарлық болса, оның несі айып, оны неге менен жасырды. Мүмкін Берикті сынап жүрген шығар. Ойым сан-саққа жүгірді.
– Жарайды, кешір мені! – деп Бердәлінің бетінен сүйдім.
Үйге дейін шығарып салған жігітім:
– Лира, сенен өтініш, папаңмен бірге жұмыс істейтінімді саған айтып қойғанымды ол кісі білмей-ақ қойсын, – деп салқын қоштасты.
Бердәлі сол кештен кейін бірнеше күн хабарласпай қойды. Өзім қоңырау соқсам, трубканы көтермейді. Бір күні өзі қоңырау соқты.
– Лира, кешір, менің қолым тимей, хабарласа алмай жүрмын. Мен алыста іс-сапармен жүрмін. Өзің білесің ғой, ана кісінің тапсырмасымен. Жарайды, мен асығыс едім. Кездескенше сау бол!
Міне, сөйтіп Бердәлімен соңғы рет телефон арқылы сөйлестім. Арада көп күндер өтті, хабар күтумен екі көзім төрт болды десем болады.
Әкемнен сұрайын десем оның ретін білмеймін. «Сенің жігітіңнің қайда жүргенін мен қайдан білейін», – десе не деймін. Оның үстіне Бердәлі: «Сенің әкеңмен бірге жұмыс істейтінімді, саған мен айтқанымды ол білмесін» деп өтінгені бар. Не болса да ақырын күтуге бел байладым.
Зымырап күндер өтіп жатты. Менің мұндағы достарыммен араласып, ойын-күлкі, есірткіге бой алдырып жүріп, Беригімді мүлдем ұмыттым. Тіпті ойламаймын да.
Жоқ, кейде ойлаймын. Хабарсыз, үн-түнсіз кеткеніне менің әкемнің қатысы бар-ау деймін.
Қожайынның тосын бұйрығы есеңгіретіп тастады
Қалекең өзі айтқан үш-төрт күн емес, табаны күректей бір жетіден кейін оралды.
Амандық-саулықтан соң, ағамыздың алдында есеп беріп, көңіл көтеретін орындар мен дүкендерден түскен қаржыны өзіне тапсырдым.
– Мынау саған «премия» деп мың доллар берді.
– Аға, күнделікті істеп жүрген қызметім ғой, рахмет! Алмаймын, – деп сыпайыгершілік білдіріп едім, ол қарқылдап күлді де:
– Әй, інім-ай! Мен сені «ауылдың аңқылдақ жігіті» деп жүр едім, сен де жағымпаздануды үйреніп қалыпсың ғой. Бүйте берсең, қулық-сұмдықтан да құр қалмайсың әлі, – деді.
– Аға, сізді ренжіту ойымда жоқ. Ақша артықтық жасамайтынын бәріміз білеміз. Жәй, сыпайыгершілік жасағаным ғой, – дедім.
– Міне, бұл мен білетін Ерекеңнің сөзі. Мә, ал! Ескертіп қояйын, қаланың қулығын үйренбей-ақ қой, – деді.
Қалекең өз үйіне кеткен. Сәлден соң телефон шылдыр ете қалды. Трубканы көтерсем, ағамыздың өзі екен.
– Ереке, маған келіп кет, – деді.
«Жаппарқұлда жан бар ма?» жетіп бардым. Өз кабинеті – кітапханада отыр екен. Диван үстінде Лира әкесіне бір қырындап отыр.
– Ереке, мына жерге отыр, – деп өзінің қарсысындағы орындықты көрсетті. Отырдым. Лира безірейіп отыр екен.
– Ереке, өзіңді інімдей көруші едім. Енді балам боласың. Бала болғанда күйеу балам боласың. Қызым Лираның жаман аты шығып барады. Осы баланы өзің тәрбиелеп, өзің жөнге саласың. Осындағы барлық дүние-мүлік, байлық сендердікі, – деді.
– Ағатай, сөзіңізге түсінбедім. Кешіріңіз! Менің әйелім, қызым бар ғой. Оларды... – деп келе жатыр едім, Қалекең сөзімді бөліп жіберді.
– Балам, біріншіден, мен айтқанымнан қайтпайтын жанмын. Екіншіден, маған қарсы осы күнге дейін бір пенде сөйлеген емес.
Ал, әйелің жайлы уайымдама, онымен өзім сөйлесемін. Тәйірі, шүйкедей қатыныңа шамаң жетпейді ме? – деп қарқылдап күлді.
– Аға, қайтадан кешірім өтінемін! Лира қарындасым не дейді? – дедім қызға жалтақ-жалтақ қарап.
– Лира қарындасың не деуші еді! Ол үйде, оң босағада отырып, қатын болып қалған! Қыз болса саған қосар ма едім?! Біліп тұрып, білмегенсисің. Айттым ғой саған «Қаланың қулығынан аулақ бол!» деп. Бар, үйіңдегі келінді ертіп кел! – деді. Үн-түнсіз шығып кеттім. Айғанымға қалай айтарымды білмей, басым салбырап келеді. Оның үстіне «наркоман», неше түрлі еркекті, төсекті көрген Лирамен қалай өмір сүрмекпін?! Мен білмейтін басқаларды былай қойғанда, Серіктің өзі «Лираны да тындырдым» деген жоқ па? «Өзің тәрбиелеп, өзің жөнге саласың» дейді әкесі. Әке-шешесі тыя алмаған, есірткіге әбден уланған адамды мен қалай жөнге салмақпын?
Ауыр ойда келе жатып, өз бөлмеме қалай кіргенімді де сезбей қалыппын.
– Папасы, саған не болды? Сұп-сұр болып кетіпсің ғой, – деп Айғаным бәйек болды.
– Қожайын сені шақырып жатыр. Барған соң естірсің, – дедім де, кері бұрылып жүре бердім.
Екеуміз ілби басып, Қалекеңнің кабинетіне кірдік.
– Келін, ұзақ әңгіме жоқ. Өзіңді инабатты жандардың қатарына қосып жүрмін. Тоқетерін айтайын. Мен мына қызым, жалғыз қызым Лираны сенің күйеуің Ермұратқа екінші әйел етіп қосуды ұйғардым, – деді.
Көзі алақандай болған Айғаным маған бір, Лираға бір қарап, жалтақтап отыр. Көзіне жас толып кетті.
– Ағ-ға, бұлар бірдеңені бүлдіріп қойды ма? Лира әлі жап-жас... Сұлу, әдемі, әйелі бар адамға... – деп отырғанда, Қалекең:
– Келін, тоқтат! Саған да оңай емес! Болды! – деп тиып тастады. Айғаным бетін басып, үнсіз жылап отыр.
– Келін, өшір үніңді! Өшірмесең қазір мен өшіремін. Тойға дайындалыңдар! Өзіміздің тойханада өткіземіз.
Келін, сенің нең кетеді? Ішкенің алдыңда, ішпегенің артыңда, «бәйбіше» деген атың бар. Жүр, шалқып! Болды, тарқаңдар! – деді.
Үйге келген соң Айғаным етбетінен түсіп, ал жыласын келіп. Менің жұбатқаныма көнбейді. «Лираны сен бүлдіріп қойғансың. Әкесі сол үшін саған зорлап қосқалы отыр. Мұндай қорлықты көргенше, Айкүмісті жетектеп, төркініме кетемін» деп жұлқынды.
Мен: «Нан ұстайын! Құран ұстайын! Лирамен ешбір араласым жоқ. Ол бұзылған әйел. Әкесі ғой істеп отырған. Айтқанын істемесек, бізді түгел құртады. Ол шал «мафия!» деп өлердегі сөзімді айттым.
Ортамызда Айкүміс, екеуміз екі жаққа теріс қарап жатып таңды атырдық.
Қарғыс атқан шаңырақ қаңырап қалды
Таңертең Айғаным үн-түнсіз жүріп таңертеңгі шай қамын жасады. Дастархан басына мені шақырмады. Мен де үн-түнсіз отырып бір кесе шай мен бір түйір нан жегендей болдым. Сөйттім де отырған жеріме қисайып жата кеттім. Қалекеңнің кеше кешке шығарған «бұйрығы» басымның ішін жегідей жеп, еңсемді көтере алатын емеспін. Әкем емес, шешем емес, солай бола тұра маған бұйрық беріп, өзінің айтқанын орындатпақшы. «Адамның аласы ішінде...» деген осы екен-ау. Апырай! Өзінің бауыр еті баласын аямаған мұндай қатыгез адамды бірінші рет көруім. «Қалеке, Қалеке!» деп жүгіріп жүрсем. Сөйтсем, менің құрметті Қалекем нағыз қаныпезер екен ғой. Әй өзіме де сол керек! Бастығымның байлаулы итіне айналып кетіппін ғой. Қап, енді не істеймін?! Қалекеңнің айтқанын істеп, қызына үйленіп, өзі айтқандай «ішкенім алдымда, ішпегенім артымда» болып шалқып жүре бермеймін бе? Айғанымның да ашуы тарқар, қарапайым қоңыр ауылдан шыққан қатын қайда кетер дейсің. Бір күн жылар, екі күн жылар, заты әйел ғой көп ақша, мол дүниені көрген соң сабасына түседі ғой. «Лираны енді өзің тәрбиелеп ал» дейді әкесі. Бұл жағы қиын соғады-ау. Етегі түріліп қалғанын қойшы, мен оған ашық-машық болып, үйленейін деп отырған жоқпын. Ең қиыны, анау есірткі деген бәлесі қиын-ау. Есіне түскен сайын «ломкасы» ұстап, айқасып жататын шығармыз.
Басым мең-зең болып, сыртқа шықтым.
Қалекеңнің жаңадан қабылдаған үй қызметшісі жиырма жастағы Шолпан қызметке күніге ерте келетін. Мен сыртқа шықсам сол Шолпан сыртқы қақпадан енді кіріп келеді екен. Бас изеп, амандастық.
Темекімді тартып болып, үйге бұрыла бергенім сол еді, қожайынның үйінен Шолпан құс болып ұшып шықты. «Бұл қызға не көрінді?!» деп тұрып қалдым.
– Ли-Ли-Ли... – дейді.
– Сабыр ет! Асықпай айт! Не болды? – дедім.
– Ли-Ли-Лира ас-сыл-ып өлді, – дейді тұтығып.
Мен үйге қарай ұмтылдым. Лираның бөлмесіне келсем, ешкім жоқ. Мені өкшелей жеткен Шолпан қолын шошайтып, түкпірдегі бөлмені көрсетті. Бұл бөлме қызметшілердің бөлмесі болатын.
Жүгіріп келіп, есікті ашып қалдым.
Үстіне аппақ көйлек киіп алған Лира жылу жүйесінің құбырына асылып тұр...
Қолы, аяғы көгеріп кетіпті. «Қан ұйыған» деп топшыладым. Алқымын ұстап көріп едім, денесі мұздай екен...
Қалекеңе өзім барып хабар бердім. Ол төсек үстінде аяғын салбыратып үнсіз отыр. Көзінен қос тамшы домалап түсті.
Түкпірдегі бөлмеге бірге келдік. Жерге жетер-жетпес салбырап тұрған Лираның аяғын сипалап, Қалекең сүйе берді, сүйе берді...
Сырттан келген жігіттер қыздың денесін тұзақтан босатып алып, өз төсегіне апарып салды.
Қалекең тілден қалған жандай қызын жер қойнына бергенше үндемеді. Тек, бәріміз қабірге топырақ салған кезде ғана бір уыс топырақ салып тұрып:
– Қош қызым! Алла алдыңнан жарылқасын! – деді.
Қызын жерлеп келгеннен кейін Қалекең үйінен шықпай жатып алды. Арақ ішеді де, еңіреп жылайды. Көңіл айтып келгендерді қабылдамайды. «Ереке, маған ешкімді кіргізбеші» деп маған тапсырып қойған.
Лираның жетісін, қырқын өткіздік. Алыста жүрген ұлдары қайтып кеткен. Жеңешеміз қызының қырқын өткізіп, қайтадан қыдырып кеткен күні, Қалекең қызы асылып өлген бөлмеге барып, өзі асылып қалыпты. Оны да бірінші көрген Шолпан қыз.
Қалекеңнің жетісін берген күні Айғаным:
– Папасы, осы үй болмаса өлмеспіз, көшіп кетейікші! – деді. Мен де соны ойлап жүр едім.
Көп ұзамай қаланың басқа шетінен «времянка» сатып алдық. Қазір, жұмыс іздеп жүрмін.
Соңы....
Ермұраттың әңгімесін жазып алған –
Әбдібек ҚОҢЫРБЕКҰЛЫ.
Дереккөз :zamana.kz