Новелла

Жеткер  Жүсіп

Көктем туып, көк шыққан шақ. Сол жылы дихандар «Бидай көл»` жаққа егін салды. Таңның атысы, күннің батысы, егінші үшін қарбалас кезең Көктемнің бір күні болса да жылға азық .Құлаштай кетпен сілтеген диханның қимылын қосқа қара болсын деп ерітіп келген ұлы Нұрланның даусы бөлді.
-Көке, анаң қара! Баласы төбе тұсты нұсқап тұр. Қараса жусан жапқан төбенің етегінде  жаңа туған аппақ  құлынды жалап бір бие тұр. Әлде, түнде туды ма ? Жарықтық. Жүзіктің көзінен өтердей сүп –сүйкімді .Ақ құлын аяғын әнтек-әнтек басады да шатқаяқтап барып, жата кетеді. Қайта тұрады, қайта құлайды. Қызық...
...Сонан құлынын ерткен боз бие сол құм төбені бірер күн мекен етті. Жануар жылқыдан өткен мүсінді тұяқты бар ма?! Жанары мөп-мөлдір, тұңғиығынан көк аспан көрінеді. Әкелі-балалы екеудің бұл сұлулық « көрмесіне « айналды. Таң ертең тұрысымен бір сәт жанына жақындау барып қызықтайды, екеуі.
...Бір түні шырт ұйқыда жатқан диханды шұрқыраған дауыс оятты. Ішегін тартқан Сырдың жынды желі, өзінше өзеуреп тұр екен. Әрі бері тың - тыңдаған оның құлағына әрі қарай ештеңе шалына қоймады. Күндізгі  күйбең тіріліктен қалжыраған ол, ұлының ашық қалған көрпесін қымтап, жастыққа басын қайта қойды.
 Ертеңгісін ерте тұрған дихан дауыстың тегін еместігіне көзі жетті. Анадай жерде ақ құлын қанға бөгіп жатыр. Ілгері басқан аяғы құрғыры кері кетіп, қасына әзер келді. Көк бие жоқ. Маңайдың бәрі топырлаған жым. Баттасқан із. Құм төбенің астан -кестеңі шыққан. Бейбақ бие түнімен құлынын торуылдаған жыртқыштармен аяусыз арпалысқан.Оның көрінісі құм бетінде сайрап жатыр. Жер тарпыған ойдым-ойдым тұяқ іздері. Ойқастан опырылған жусан түбірлерінің түте -түтесі шығып жатыр.
Не болғанда да өжет биенің таң алдында қалғып кеткен қас қағым сәтін дөп басқан қанды ауыздар.Қапысын тауып, ақ құлынның ажалына жетіпті, қорқаулар...
 
 Жүрегі қан жылаған дихан, әлем тапырық күй кешті. Көзі жасаурап, екі иығы  жүнжіп, қос жаққа қарады.Сөйтсе ұлы да сыртқа шығып, бұл көрініске қарап қапты, аңтарылып. Көйлегінің жеңімен көз жасын сүртіп, өксіктен ықылық атып тұр екен,ол да. Жанына барған  көкесін құшақтап өкіріп жіберді...
...Кейін олар  көрші ауылдың дихандарынан есітті. Бір боз биені пойыз басып кетіпті.
Қос түбіндегі сол құм төбе осы оқиғадан соң әкелі-балалы диханға бір түрлі суық көрінді. Жаз өтіп болмады.Оның ақшағыл құмдары күрең тартып, жусанды баурайы сұрқайланып, сұрықсыз көрінді.
Мойылдай көзі жәудіреген ақ құлын,оны еркелетіп,емірене жалаған боз бие жоқ өйткені...