ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі келер жылы «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында жұмысшылардың жалақысын көтеру мүмкіндігіне қатысты түсінік берді.

«Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына кезекті Жолдауында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялауды және олардың мәртебесін көтеруді ұсынды.

Ең алдымен, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажет екенін атап өтті. Еңбек заңнамасына сәйкес, Еңбек министрлігі мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардағы қызметкерлердің еңбекақысын реттейді.

ҚР Президентінің тапсырмасына орай 2022 жылдан бастап бюджет саласы қызметкерлерінің жекелеген санаттарының, оның ішінде жұмысшы мамандықтардың жалақысы жылына орта есеппен 20 пайызға кезең-кезеңімен көтеріліп келеді.

Нәтижесінде 2025 жылға қарай олардың жалақысы 2 есеге артады», - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында. Ал жеке кәсіпорындардағы жұмысшылардың жалақысы еңбек әрі ұжымдық шарттар аясында ғана айқындалады. «Өз кезегінде жекеменшік нысанындағы ұйымдар қызметкерлерінің жалақысының мөлшері еңбек, ұжымдық шарттармен белгіленеді және ол жұмыскердің біліміне, орындалатын жұмыстың күрделілігі мен сапасына қарай белгіленеді», - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.