«Омикрон» Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда «омикрон» штамының бар-жоғын тексеріп жатыр. Зерттеулердің қорытындысы шыққанша Қазақстан билігі жаңа штамға байланысты карантин шектеулерін күшейткелі отыр деп хабарлайды el24.kz  интернет порталы ktk. арнасына сілтеме жасап.

  
Елді ішінен емес, сыртынан қорғауға көшкен Үкімет енді шетелдіктерді бүге-шүгесіне дейін тексеріп барып Қазақстанға кіргізеді.

3-желтоқсаннан бастап енгізілетін шектеу шаралары қандай? Африканың оңтүстігінен табылған коронавирустың «омикрон» штамы Қазақстанға әлі келмесе де, билік қорғанысты күшейтіп жатыр.

Үкімет отырысында шенеуніктер жаңа штамнан халықты қорғау үшін қазірден әліптің артын бағуды жөн санапты. Бірақ ақжағалылар қандай карантин шектеулерін қабылдау керек екеніне бас қатырмаған сыңайлы.

Басқа елдердің тәжірибесіне сүйенген біздікілер шекараны жабуды ұйғарыпты. Ботсвана, Лесото, Намибия, Зимбабве, Мозамбик, Мадагаскар, Малави, Оңтүстік Африка, Танзания және Гонконгтан келетіндер Қазақстанға бұрынғыдай оңай кіріп-шыға алмайды. Ал инфекцияның мутация түрі табылған Еуропаның саяхатшыларына шектеулер тым жеңіл. Олар тек шекарада вакцина құжатын, коронавирустың бар-жоғын анықтайтын тестінің оң нәтижесін ұсынуға, сондай-ақ 7 күн үй карантинін өтеуге міндеттелді. 

Марат Шоранов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі: - Коронавирус инфекциясының өмірімізге енгеніне екі жылдан асты. Осы уақыт ішінде вирустың 24 сағат ішінде таралатынын байқадық. Сол себепті дер кезінде қабылданған шешім аса маңызды.

100 пайыз вирустан қорғалмаған болсақ та, Қазақстанда аталған вирустың таралмауы үшін барынша шектеу шараларын қолға алуымыз керек. Қазір көптеген мемлекет жаңа штамм пайда болған Оңтүстік Африка республикасымен рейстерді бірінен соң бірі тоқтатып жатыр. Бұл шаралардың тиімділігіне күллі жұрттың күмәні басым. Өйткені вирус шындап келгенде Еуропада таралыпты-мыс. Мысалы, бельгиялықтар омикронды Мысырдан жұқтырып келген. Бұл Африканың солтүстік бөлігі. Осы деректерді ескерген қазақстандық билік кейбір елдерге әуе қатынасын тоқтатты.

Марат Шоранов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі: - Біз бұл мәселені салыстырмалы түрде қарауымыз керек. Иә, бұл бағыттарға сұраныс жоғары. Қараша айында 13 мың жолаушы әрі-бері қатынаған. Яғни вирусты дәл осы елдерден тасымалдау қаупі басымырақ болып тұр. Коронавирустың жаңа штамы Қазақстанда әлі анықталған жоқ. Бірақ бұл дерек нақты болмауы да мүмкін. Зерттеу жүргізіп жатқан мамандар қорытындыны тек жыл соңында жариялайды. Атқарушы билік желтоқсан айындағы мереке күндерде халықты тоқмейілсімеуге шақырды.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары: - «Омикрон» таралуы жылдам. Өте қауіпті. Немқұрай қарауға қақымыз жоқ. Сондықтан халықты осындай штамдардан қорғауға тиіспіз. Тоқмейілсуге болмайды. Тәуелсіздік мерекесі келе жатыр. Одан кейін жаңа жыл. Халық әр уақытта тойлап үйреніп қалды ғой. Шектеулер санитарлық талапты сақтауға бағытталуы керек. Шекарадағы қауіпсіздікті күшейтумен қатар, Үкімет Қазақстан ішінде де карантин шектеулерін күшейтуі мүмкін. Елімізде тек Нұр-Сұлтанда «Ашықта» «жасыл» мәртебесі барларға ғана қатаң талап бар. Ал шетелдіктерге қатысты жаңа шектеулер 3-желтоқсаннан бастап күшіне енеді.