el24.kz Қазақстанда 2025 жылғы 24 наурыздан бастап мобильді құрылғыларды тіркеу ережелері жаңартылды.
Енді елімізге заңсыз әкелінген немесе тіркелмеген смартфондар кезең-кезеңімен бұғаттала бастайды. Бұл шара 25 мамырдан бастап нақты іске қосылады.
Қандай құрылғылар бұғатталады?
Сұр тізімдегі құрылғылар: IMEI-коды тексерілмеген немесе толық емес құрылғылар. Оларға 30 күндік мерзім беріледі. Сол уақыт ішінде тіркелмесе, бұғатталады.
Қара тізімдегі құрылғылар: IMEI-коды жалған немесе ұрланған болып табылатын құрылғылар бірден бұғатталады.
Қандай құрылғыларға қауіп жоқ?
2025 жылдың 24 наурызына дейін Қазақстанда қолданылып келген және операторлар базасына тіркелген смартфондар бұғатталмайды. Олар автоматты түрде «ақ тізімге» енеді.
Не істеу керек?
Жаңа телефон сатып алмас бұрын imei.rfs.gov.kz сайтында IMEI-кодты тексеріңіз.
Егер операторыңыздан "IMEI-код сұр тізімде" деген SMS келсе, 30 күн ішінде заңдылығын растаңыз.
Бұғаттау қаупі туындаса, ресми тіркеу орталықтарына жүгініңіз.
Неліктен бұл қажет?
Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, елде 3,7 миллионнан астам құрылғы қайталанған немесе жалған IMEI-кодпен жұмыс істейді. Бұл ұялы байланыс жүйесіне қауіп төндіреді әрі телефон ұрлығының артуына ықпал етеді.
Егер құрылғыңыз бұрыннан қолданыста болса, еш алаңдамаңыз. Ал жаңа смартфон сатып алғанда – бірінші тексеріңіз, кейін қолданыңыз!