el24.kz Алматыда үш күндік нәрестені сатуға әрекет жасаған қылмыстық топ ұсталды. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірлесіп хабарлады-деп жазады el24.kz тілшісі.

Тергеу мәліметінше, күдіктілер сәбиді бөтен адамға 5 миллион теңгеге сатпақ болған. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында олар қылмыс үстінде ұсталды. Тәртіп сақшылары оқиға орнынан қолма-қол 5 миллион теңге көлеміндегі ақшалай қаражатты тәркіледі.

Қазіргі уақытта аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 135-бабы ("Адам саудасы") бойынша іс қозғалып, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасуда.

Нәресте құзырлы органдардың қорғауына алынды. Оның жағдайы тиісті медициналық және әлеуметтік мекемелердің бақылауына берілген.

Ресми мәліметтерге сәйкес, тергеу аясында қылмыстық топтың басқа да қатысушыларын анықтау жұмыстары жүргізілуде.