Фариза Амангелдіқызы

Көліктің тежегішін бірден басқан Батыр жол ортасында тұрып қалды. Ойланып кетті. Артынан келе жатқан машина сигнал беріп айқайлап жатыр. Кешірім сұрап көлікті шетке алды. Мүмкін бәрін айтатын сәт келді ма екен... Үйге келгенше ойланып келді. Жолай бақшадан Балқадишаны да алды.

Үйге келіп киімlерін ауыстырып, шәй қойып, базардан алған тәттілерді дастарханға шығарып жатыр. Бұл Батырдың күнделікті тірліктеріне айналғалы қашан. Кешке ата- әжесінің үйіне барады. Немересінің мектеп табалдырығын аттағанына мерекелік дастархан жайып, отбасымен атап өтпекші. Оған дейін балаларымен сөйлесуді жөн санап отыр.

- Ханкелді, ұлым менің. Сен бүгін үлкен жігіт болдың. Мектепке бардың. Енді бәрін түсінесің. Мамаң туралы сөйлесейік иә, келіңдер,- деп жанына шақырды да Балқадишаны тізесіне отырғызды.
  - Мамам қашан келеді?,- деді қызы.
  - Мамаларың үйден кеткеніне көөөөп болды иә?
  - Иә,- деді екеуі де басын изеп.
  - Мамаларың сендерді қатты жақсы көреді. Сол үшін ол аспаннан бізге қарап тұр. Күнде, сағат сайын, тіпті дәл қазір де ол бізге қарап тұр. Бірақ біз оны көрмейміз. Біз оны жүрегімізбен, түсіне мына жерімізбен сеземіз,- деп екі алақанын екі перзентінің жүрек тұсына қойды.
  - Сонда Сейтжанның айтқаны рас қой иә?
  - Иә балам, мамаң құдайдың жанына кетті. Оны құдай шақырды. Құдай бәрімізді шақырады бір күні. Бәріміз оның жанына барамыз. Бірақ қазір емес. Үлкен үлкен ата-әже болғанымызда барамыз жарай ма? Сол кезде біз мамаңды көреміз. Оған дейін есімізден шығармай, үнемі еске алып жүрейік иә?
  - Мамамның жанына барғанға дейін ол бізге келмей ме сонда?- деді қызы жыламсырап.
  - Папам айтты ғой саған бізді аспанда көріп тұр деп. Біз көрмесек те, мамамыз көріп тұр.
  - Қашан құшақтап бетінен сүйемін?
  - Кейін біз ата-әже болып барған кезде иә папа?- деді ұлы әкесіне қарап. Көзінен аққан еріксіз жас бетін жуып кеткен Батыр екеуін құшағына қысты.

Ханкелді мектепке барғалы көңілсіз жүретінді шығарды. Балалармен көп қосылып та ойнамайды. Сабақ үлгерімі жақсы. Қоңырауда тек сабақ оқып отырады. Мұғалім не болғанын сұраса ештеңе деп басын шайқайды. Әкесімен сөйлесіп мәселені шешуді жөн көрді. Батырға хабарласып мектепке келуін өтініп еді, жұмысан шығалмайтынын айтып ертең барамын деді. Ертеңіне ұлымен бірге мектепке ертерек келген Батыр мұғалімді күтіп сыртта біраз отырды. Сәлден соң мұғалімі келіп, үшеуі бірге сыныпқа кірді.
  - Ханкелді соңғы кезде тым тұйық болып кетті. Мінезі биязы болатын әу баста. Бірақ, бертін келе мүлде сөйлемейтін, сыныптастарымен ойнап-күлмейтін болды.
  - Не болды, балам? Бір жерің ауырып жүр ме? Әлде біреуге ренжулісің бе? Үйде ондай емессің ғой.
  - Жоқ...
  - Онда неге достарыңмен ойнамайсың?
  - Олар менің достарым емес.
  - Олай деме Ханкелді, олар сенің сыныптас-достарың ғой,- деп сөзге ұстазы араласты.
  - Өздері айтты. Бізбен ойнамайсың. Себебі сенің мамаң жоқ. Бізге мүлде жақындама, әйтпесе біздің де мамамыз жоқ болып қалады деді,- деген шәкірті басын төмен салып үнсіз жыламсырады. Батыр қатты ашуға булығып өзін әрең ұстады.
  - Сіз мені мектепке шақырғанша, шәкірттеріңізбен тілдеспейсіз бе? Түсіндіріп айтпайсыз ба?
  - Ханкелді маған ештеңе айтпайды ғой,- деген ұстазы сасқалақтап қалды.
  - Кім айтты олай?
  - Дәурен, Сейтжан, Еркебұлан...
  Мектептен ашулы шыққан Батыр көлігіне отырды да жұмысына тартты. Түскі үзілісте сұранып еді, асығып барады. Бірақ мәселені шешіп, сынып жетекшісіне айтарын айтып кетті. Біраз күн сыныптастарымен бірге ойнап, көңілді жүрген Ханкелді тағы да баяғы күйге түсті. Тағы да сол тақырып... Батыр кешкі астан соң балаларын ұйықтатты да ойланып отыр. "Не істесем де Гүлімнің жоқтығы сезіледі. Е Алла өзің көмектесе көр. Әкесіз жетім - құр жетім, анасыз жетім - шын жетім дегенің бе құдай? Қайтсем де, балаларымның көңіліне қаяу түсіп жатыр, кешірші мені Гүлсім" деді іштей егіліп.
  Бір күн көңілді, бір күн қаяу өмір өтіп жатыр. Ханкелді де, Балқадиша да анасыз өмірге еті үйреніп кетті. Жүрек түкпіріндегі анаға деген сағыныш пен махаббат өзектерін өртейді. Балқадиша анасы қайтқанда кішкентай болғандықтан, аса қатты қинала қоймайды.

Әкесінің, ата-әжесінің ерке қыздары. Ал, Ханкелді өте зерек бала. Көзбен ұғатын, мейірімді, момын бала. Мектепте талай сыныпта жалғыз қалып егіліп жылайтын да, сыртқа шығарда бетін жуып ештеңе сездірмейтін. Кейде үйде де түн ортасында анасын сағынып бұрышқа тығылып жылап алады. Әкесіне білдіргісі келмейді. Әкесінің көңілі түскенін қаламайды. Сол үшін де қарындасы анасының жоқтығы туралы сөз қозғаса әкесіне білдірмей тоқтатып тастайды. Бір күні әкесі жұмыста, екеуі сабақтарын оқып отырды. Кенет, аяқ астынан Балқадишаның есіне анасы түсіп кетті де:
  - Аға, мамам болғанда қазір қатты қысып құшақтап жібермей қояр едім. Сен ше?- деді көздері мөлдіреп.
  - Мен де! Қатты сағындым. Бірақ папаның алдында айтпа иа? Осылай екеуміз отырғанда ғана айта бер. Жарай ма?- деді қарындасының бетінен қысып. Жұмыстан Батыр бірінші болып ерке қызын сағынып үйге асығатын. Бүгін ерте шығып дүкеннен ұлына жаңа үлгіде планшет пен қызына сөмке алды. Үйіне білдірмей келіп сюрприз жасамақшы болған ол есік аузында мына сөздерді есітіп тұрып қалды. 
  - Жаным қызым, саған не алғанымды қарашы,- деді көңілді кейіпте. Жалт қараған қызы әкесінің келгенін көріп ағасына  "сөзімізді есітіп қоймады ма" дегендей жалтақтады.
  - Ағаңа да сыйлық алдым,- деп сыйлықтарын ашып көрсетті. Балалардың қуанышында шек жоқ.
  - Білем, бұл сыйлықтардың мыңы болса да аналарыңның орнын баса алмайды. Бірақ, сендерде ана орнына ана болатын әке бар ғой. Мен тірі тұрғанда әлемнің барлық кереметін көрсетемін. Бізге басқа ана керек емес. Үшеміз бір-бірімізге панамыз. Сендерді жетілдіріп, өмірде өз орындарыңды табуға көмектессем болды, басқа арманым жоқ!-деді Батыр көзін сүртіп.
  - Ал, аналарың Гүлім менің алғашқы және соңғы махаббатым, құлай сүйген жан жарым. Адал жарым. Екеуміз құрған отауды ешкіммен бөлісе алмаймын,- деп қабырғада ілулі тұрған Гүлімнің суретін алақанымен сипап ұзақ тұрды.
  Үшеуі көңілді отырып кешкі ас ішті.
  - Пап, бүгін қыдырып қайтайықшы,- деді қызы еркелеп.
  - Жарайды күнім, қайда барамыз?
  - Ммм, әжемнің үйіне.
  - Ол жаққа күнде барып жүрсің ғой,- деп күліп жіберді ағасы.
  - Мейлі, бола берсін. Тағы барамыз. Әжем үйі күшті ғой. Жеңгеммен әңгімелесемін. Балапандарын ойнатамын.

Үшеуі кешкі астан соң сыртқа шықты. Көлікке мінгісі келмеген Балқадиша жаяу барайықшы деп тұрып алды. Қызының сөзін жерге тастамаған әкесі көліктің кілтін үйге тастап, жаяулатып қара шаңыраққа қарай беттеді. Бір ауылдың екі шетінде тұрады. Жаяу жүрсе жарты сағаттық жер. Жаздың салқын самалды кешінде көше бойлап келе жатқан үшеуін көрген ауыл тұрғындары сүйсіне қарады. Әсіресе Батырдың адалдығы мен шыдамдылығын ауыздарынан тастамай айтып жүретін.
  - Қазіргі мына заманда қандай еркек қатынсыз жүреді дейсің? Әйелі өлсе 40күн өткізіп дереу үйленіп алатындар қаншама. Ұл-қыздарына жетімдік аздай өгейлікті көрсетіп екінші қатынынан аса алмай, сүмірейіп өз баласын сыртқа тепкендер де бар. Ал Батыр нағыз батырлық жасады. Екінші рет үйленбеді. Әйеліне деген шексіз адал махаббаты мен ұл-қызына деген әкелік мейірімі ешқашан сөнген емес. Міне нағыз ерлік. Әкенің жақсылығы - жездедей-ақ деген сөз құры бос сөз ба деп қаласың кейде, - десіп жатты жұрт.
  Ауыл тұрғындары осы отбасыны қатты құрметтейді. Батырдың ата-анасының да үйі үнемі алғыс есітіп отыратын шаңырақ. Ал, Ханкелді мен Балқадишаның болашағы жарқын әрі бақытқа толы екеніне ел сенеді. Себебі, әуелі Алла, одан кейін Батырдың берген кейбір аналар бере алмайтын тәрбиесіне бүкіл ауыл куә.

СОҢЫ...