Фариза Амангелдіқызы
Көрші ауылдағы нағашы әжелері де келіп-кетіп тұрады. Батырды қинайтыны үй тіршілігі емес, Гүлімсіз өмір мен балапандарының "мамам қашан келеді?" деген таусылмайтын сұрақтары еді. Өмір өтіп жатыр.
Балқадиша әлі кішкентай, ал ұлы Ханкелді ес біліп қалған. Бала бақшаның жоғарғы тобына барады. Кейде ұлына бәрін айтқысы келеді.
Бірақ, әлі кішкентай ғой жүрегін жаралап алмайыншы деп тілін тістеп қалады. Осылай әні келеді, міні келеді деп балаларды алдап жүргенде үш ай да өте шығыпты. Құран бағыштап, жүз күндік ас берілді. Содан кейін ата-анасының үйі мен қайын жұртынан сыбыс әңгімелер шыға бастады. Әңгіменің төркіні Батырды қайта үйлендіру еді. Бір күні Батыр жұмыстан кеш қайтты. Мұндай кезде анасына балаларды бақшадан алуды өтінеді. Анасы балалардың қамын ойлап әрдайым жүгіріп жүреді. Немере деген тәтті емес пе, шіркін? Олардың табанына кірген тікен менің маңдайыма қадалсын деп отырады.
Батыр кештетіп жұмыстан қайтты. Үйге келсе қақпа алдында қайынатасының көлігі тұр. Кеш болғанда жайшылық па екен деді ішінен. Үйге кірсе төрде қайын атасы мен қайын енесі, одан берірек әкесі, анасы және қара шаңырақтағы інісі отыр. Амандық-саулық сұрап, қол алысып болған соң бөлмесіне барып киімін ауыстырып келді де дастархан басына жайғасты. Анасы ертерек келген сияқты. Кешкі ас дайын тұрғанынан байқады.
- Батыр балам, жағдайың қалай? Жұмысың жақсы ма?
- Жақсы ата, шүкір Аллаға. Өміріміз осылай өтіп жатыр.
- Ее дұрыс, дұрыс... Бағана үйге келсек құдағи тамақ істеп, үй жинап әбіржіп жүр.
- Мамаға айтсам тыңдамайды бәрібір. Қиналып тірлік жасамаңыз, жұмыстан келген соң өзім жинастырып аламын десем де болмайды. Кешкі асты да келіп істеп жүрмін ғой.
- Иә балам. Бір өзіңе осынша салмақ түсіп жатыр. Өлгеннің артынан өлмек жоқ. Перзентіміз ғой қайтейін. Біз де қиналамыз. Әсіресе мына балаларды көргенде жүрегіміз қан жылайды.
- Барынша ана орнына ана да болуға тырысып жатырмын ғой.
- Иә. Білемін, саған да оңай емес. Қашанғы үй тірлігі мен жұмысты қатар алып жүресің? Мына балаларға қарайласатын, отыңды сөндірмейтін біреу...
- Мұндай әңгіменің қажеті жоқ. Мен енді үйленбеймін. Егер осы тақырыпта әңгімелесуге келсеңіз жауабым осы!
- Бірақ, балалар...
- Балаларға өзім қараймын. Өзім жетілдіремін. Ешкімнен кем қылмаймын. Әзірше, үш-төрт жыл өскенше мамам қарайласып тұрса болды, иә мам?
- Бірақ, балам. Бәрібір үйдің түтінін түтететін біреу керек қой.
Батыр орнынан атып тұрды.
- Сіздер сонда Гүлімді осылай-ақ ұмытып кете салдыңыздар ма? Мамам мен папа ғой мейлі немерелері үшін дейін ал. Сіздер ше? Туған қыздарыңыз Гүлімнің шаңырағына басқа қатын келіп иелік еткенін қалайсыздар ма сонда? Біздің Гүлім екеуміздің балаларымызға қайдағы біреу келіп ана болып жарытады ма? Сонда жетімдікті, өгейлікті көріп өссін ба? Маған қатын керек емес. Үйіме де әйел керек емес. Жұмысыма да, үйдің тірлігіне де үлгеремін,- деді де Батыр қолын жайды:
- Өз батам өзімде,- деп бетін сипады да, есікке беттеді.
- Балам, бірақ... - деген анасы үнсіз күйде отырып қалды.
Әңгіме осымен аяқталғанын сезген құда мен құдағи үйлеріне қайтуға ыңғайланды.
Күнін балаларына арнап, түнімен Гүлімді ойлап шығатын Батыр соңғы кезде қатты қалжырап кетті. Жұмысына да құр сүлдері болып селсоқ барып қайтады. Бастығы да шақырып әңгімеге тартып, қайта отау құруына кеңес беріп еді ат тонын ала қашты. Біреу үшін күнмен таласқан түн зымырап өтіп жатса, біреу үшін сағат тілі тоқтап қалғандай күй кешіп уақыт баяу өтіп жатты. Гүлімнің кеткеніне де бір жылдың жүзі болыпты. Осы бір жылдың ішінде Батыр да, балалары да қатты әбіржіп кетті. Әжесі мен атасы қанша жағдайларын жасап, бар тәтті мен қымбатын алдарына қойса да анасыз өмір көңілдеріне қаяу салмай қоймады. Анамыз алысқа жұмысқа кеткен, жақында келеді деген өтірікке сенген бала жүректер қайта-қайта жолды тосудан шаршаған емес. Жылдық асын берген соң ағайын-туыс Гүлімді ақырындап ұмыта бастады. Тек Батырды ғана іштей жеген күйік кеміре берді. Ұлы мен қызына қараған сайын өзегі өртеніп, перзенттерінің алдында кінәлі адамдай көзін тайдырып қашқақтайды. Онысы, "мамам қашан келеді?" деген сұрақ қойып қалмаса екен дегені еді. Түбінде шындықты айтатынын білсе де, қазір емес дегенді миына құйып алған. Бір күні міндетті түрде барлығын түсіндіріп қиналмайтындай, жыламайтындай етіп айтамын деп шешті.
Бүгін Ханкелді алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Ең жақсы киімді киіп, ең әдемі гүлді алып әжесінің қолынан ұстап мектепке келді. Ауылда бірге ойнап өскен балалармен мектепте жолықты. Бірі үлкен болса, бірі сыныптасы болады екен. Ерекше сезім билеп, жан-жағына аңтарыла қараған Ханкелдінің алдына әп-әдемі бір апай келді.
- Ханкелді Батырұлы, қош келдің біздің мектебімізге! Енді осында білім аласың. Оқисың. Саған мектеп ұнайды ма?- деп сөзге тартып әжесінің қолынан алып Ханкелдінің қолынан ұстады. Күлімдеген бала басын изеді де қолындағы раушан гүлдерін ұстазына ұсынды. Баланың маңдайынан иіскеп рақметін айтқан ұстаз әжесіне сіз кете беріңіз дегендей ишара білдірді де, Ханкелдінің қолынан жетектеп сыныпқа алып кірді. Әжесі көпке дейін кете алмай, қайта-қайта терезеден қарап ұзақ тұрды.
Бұл отбасының жағдайын жақсы білетін ұстаз терезеден әжесінің қарап тұрғанын көрсе де қарсылық білдірмеді. Көзіндегі мөлдір шықты оқушыларға білдірмей ғана сүртті де таныстыруды жалғастыра берді. Еріксіз аққан көз жасын сүртіп артына қарай-қарай әжесі үйіне қайтты. Сынып ішінде оқушылармен біртіндеп жеке-жеке таныстық болып жатыр. Кезек Ханкелдіге келгенде артта отырған көршісінің шолжаң баласы:
- Апай, Ханкелдінің мамасы өліп қалған!- деді күліп. Жалт бұрылған Ханкелді:
- Өтірік айтпа, мамам алысқа жұмысқа кеткен,- деді еш қымсынбастан.
- Иә, мамам айтты...
- Доғар!- деді апайы,- Ханкелдінің мамасы өзі айтқандай жұмыста. Басқаларың тыныш отырыңдар! - деп ары қарай жалғастырды. Ханкелдінің ойынан көрші баланың айтқан сөзі кетер емес. Мамамды өліп қалған деді. Неге? Алғаш күннің сабағы аяқталғанша ой үстінде отырды. Тек сабақтан қайтарда ойынға алданып ұмытып кетті. Мекеп алдында әкесі күтіп тұр екен. Жүгіріп барып мойнына асылды:
- Мектеп ұнады ма балам?
- Иә.
- Жарайсың! Сабағыңды жақсы оқы. Мен де, мамаң да жақсы оқығанбыз. Сен де жақсы оқып, кейін қарындасыңа үйретесің. Келістік пе? Еркекше?- деп қолын созды.
- Иәәәә!- деп әкесімен қол алысты. Көлікте келе жатып есіне түсіп кетті де, Ханкелді әкесіне:
- Папа, мектепте Сейтжан маған мамаң өліп қалған деді ғой-, деді төмен қарап.
ЖАЛҒАСЫ БАР...