Фариза Амангелдіқызы
Батыр мен Гүлім мектеп кезден қол ұстасып бірге жүрді. Бірге оқуға түсті. Оқу орны бөлек болса да, бір қалада оқыды.
Оқуын аяқаған соң екеуі де ауылға жұмысқа тұрды. Содан соң барып бас қосып, шаңырақ көтерді. Ата-аналары да риза. Көріп-біліп жүрген адамдар болғандықтан, екі жақ та жастарға бірден келісім берді. Дүркіреп той да өтті. Біреу қызыға, біреу қызғана қарайтын отбасы болды. Алла қуаныштарына қуаныш қосып, жылма-жыл қатарынан бір ұл, бір қызды берді. Ата-ененің қолында бір жылға жуық тұрып, одан соң бөлек шықты.
 
Себебі Батырдың кіші інісі үйленіп, әулетке тағы бір келін келген болатын. Сол үшін екеуі бөлек шығып, өз арбаларын өздері сүйреп бастаған еді. Алғашқыда үйді сатып аларда қаражаттары жетпегендіктен әкесі көмек беріп, үйлі етті. Содан бері бір ауылда, бірақ отауы бөлек өмір сүріп келеді.
 
Бір-біріне артық сөз айту түгілі, қабақ шытып көрмеген Батыр мен Гүлімнің өмірлері қуанышта, тоқшылықта, шүкірлікте өтіп жатты. Бірақ бұл өмір тек жақсылық пен қуаныштан тұрмайды екен.
 
Аяқ астынан Гүлсім өзін жайсыз сезініп, дәрігерге қаралуға барды. Дәрігердің кабинетінен жүзі қашып, мең-зең шыққан Гүлсім есік алдындағы орындыққа отыра кетті. Басын ұстаған күйі отыра берді, отыра берді...
  Үйіне келіп, көңілсіз шәй қойды. Тамағынан ас түгілі бір жұтым шәй де өтпеді. Ойланып отырғанда кеш те батты. Ертең қалаға толық тексерілуге жіберген болатын. Соған үйге тамақты көптеу жасайын деп кешкі ас жасауға кірісті.
 
Ішінен "олай болмаса екен" деген тілегі жүректен шығып, бар жан-дүниесіне тарағандай, денесі әлсін-әлсін тітіркенеді. Кешкісін күйеуіне шет жағасын ғана айтты. Бірақ, қалаға барып анализ тапсырып келемін дегеннен басқа ештеңе айтпады. Алдын-ала, анығын білмей тұрып, уайымдатқысы келмеді. Жарайды, барсаң бар деген Батыр әйелінің қолына ақша ұстатты.
  Таңертең ерте тұрып, күйеуіне балаларды ата-әжесінің үйіне апаруын өтінді де, жолға шығып кетті. Қалаға келіп толық тексеруден өтті. Бірақ, өкінішке орай, қойылған диагноз расталды.
Қаладан көңілсіз оралған Гүлім үйге келген соң күйеуімен сөйлесуді жөн көрді. Балалар ұйықтап, орныққан соң ас бөлмеге өтті. Күйеуі шәй ішіп отыр.
  - Батыр, мен толық тексеріліп келдім.
  - Иә, не дейді. Бәрі жақсы шығар, - деді ойында ешеңе жоқ күйеуі шәйін сораптап.
  - Жақсы болмай тұр.
  - Неге бір жерің ауырады ма?- деп жалт қарады.
  - Қазір бәрін айтып беремін.
  - Не болды жаным? Қай жерің?
  - Мен жаман ауруға шалдығыппын.
  - Қандай ол сонда? Емделуге болатын шығар?
  - Білмеймін. Қалалық аурухана да тексерді. Мұндай аурумен миллионнан біреу ауырады екен.
  - Болмаса Алматыға барайық. Білімді дәрігерге көрінеміз. Уайымдама. Қазір заман дамыған, бәрін емдеуге болады ғой. Қорықпашы жаным,- дегенмен Батырдың іші бірден алай-дүлей болып кетті. Адамға ең алғаш жаман ой келеді ғой. Неше түрлі ойлар келіп үлгерді. Қой, құдай сақтасын деген ол дереу өзін қолға алып, Гүлімнің көңілін аулауға кірісті.
  - Болды жаным, уайымдамшы енді. Болмаса шет елге де барамыз. Алла өзі жәрдемші. Жүр енді демалайық,- деді.
  Таң атқанша көз іле алмаған Гүлім, сол ұйықтамаған күйі балаларына таңғы ас беріп, күйеуін оятып күнделікті тірлігіне кірісіп кетті. Гүлім емделудің орнына уақытты уайыммен өткізіп алды. Батыр қанша барайық, тексерілейік десе де іштей қорқып, әр нәрсені сылтауратып Гүлім уақытты соза берді.
 
Осылайша жарты жыл өткенде денсаулығы сыр беріп, жағдайы нашарлап, мұрны қанайтынды шығарды. Батыр шын қорқайын деді. Гүлімнің қарсылығына қарамастан Алматыға алып келді. Бірақ бәрі де кеш еді... Ауру бүкіл денесіне жайылып кеткен екен. Айналдырған 1 жетінің ішінде Батырдың шаңырағы түс көргендей болып, өмірлері астаң-кестең болып кетті. Баласы мен қызын құдай қосқан қосағына аманат еткен Гүлім мәңгілік сапарға аттанып кете барды. Гүлімнің әлі суый қоймаған денесін құшақтап еңіреп жылаған Батырдың қолынан ештеңе келмеді. Тек жылай берді... Гүлімнің денесін үйге алып келерде баласы мен қызын ата-анасының үйіне жіберді. Көздері күлімдеген қос бүлдіршін ата-әжесінің үйінде алаңсыз ойнап жүре берді. Есіне түскенде анасы мен әкесін сұрап қояды. Жұмыста дегенді естіп қайта ойынға алданып жүгіріп кетеді.
 Гүлімнің жамбасы жерге тигеніне бүгін бір жеті болды. Ас беріп, құран бағыштады. Адам аяғы саябырсыған шақта Батыр әкесінің үйінен балаларын алып келді. Ойын баласы болған соң алаңсыз жүрген олар, әкесі үйіне алып қайтарда тоқтаусыз сұрақ жаудырып келді:
- Апам үйде ма?
- Жұмыстан келдіңіздер ма?
- Енді алысқа бармайсыздар ма?
- Сіздер жұмыста кезде мен ақылды бала болып, жеңгені тыңдап жүрдім. Балқадишаға қарап, жылатпай жүрдім.
- Жеңге бізге көп каша жасап берді. Жеңгенің кашасы тәттіііі екен.
- Әке, неге жауап бермейсіз?
- Әәә-кееее
- Әке... деп тілі былдырлап Ханкелді мен Балқадиша кезек-кезек сөйлеп келеді. Аралары 1 жарым жасар. Тете өсіп келеді. Бірақ Ханкелді өте бауырмал. Қарындасын қызғыштай қорып, қарап жүреді. Балқадиша әкесінің ерке қызы. Көлік үйлерінің алдына келіп тоқтады. Үйде Батырдың ата-анасы, Гүлімнің ата-анасы мен бауыры бар. Олар да үйлеріне қайтқалы жатыр. Келгенше баласы мен қызының сұрақтарына жауап бере алмай келген Батырдың көзінен ыстық жас тарам-тарам болып төгіле берді. Іштей ойланып келді. Енді Гүлімсіз қалай өмір сүремін, балаларыма оның жоқтығын қалай айтамын? Ішін ащы өксік өртеп барады. Қақпадан кіре берісте бетін сүртіп, ештеңе болмағандай Балқадишаны көтеріп, Ханкелдіні жетектеп үйге кірді. Жиендерін көрген Гүлімнің анасы өз-өзін ұстай алмады. Әрең отырған байғұс ана еңкілдеп жылап жіберді. Құда-құдағилары басу айтып, немерелеріне сездірмеуін өтінген соң ғана аздап басылған болатын.
- Неге жылайсыз нағашы әже?- деді ес біліп қалған Ханкелді.
- Сені сағынып қалыппын балам,- деп көз жасын сүртіп екеуін бауырына алды.
  Біраз уақыт өткен Батыр қайын жұртын шығарып салды да, ата-анасымен бірге қалды.
  Үш күннен соң көрге де үйренесің демей ме? Гүлімсіз өткен күндер басталып та кетті. Тірі адам тіршілігін жасайды демекші, қырық күннен соң Батыр жұмысын қолға алып, баласы мен қызын бақшаға апарып тіршілігін жалғастыра берді. Балалардың әжелері келіп қарайласып тұрды. Біржола көшіп келейін десе қара шаңырақтың келім-кетімі көп. Жас келін жалғыз игере алмайды деп келе алмай жүр. Немерелерін үлкен үйге әкелейін десе Батыр Гүлімнің отын сөндірмеймін деп көнбеді.
ЖАЛҒАСЫ БАР...