Фариза Амангелдіқызы

Бейбарыс кешкі асын үнсіз ішті де, алдымен анасының бөлмесіне барды.
- Мам, не болды көңілсіз отырсыз.
- Ештеңе болған жоқ. Сол баяғы қатының ғой. Бүгін енең келді. Соның көзінше мені тілдеп, екеуі бірге мені сөгіп... балаңды мен өлтіргендей шүйлігіп... деп жылап жіберді.


- Мам, Гүлнұр соңғы кезде шектен шығып кетті. Байқап жүрмін. Баладан айырылған соң мүмкін жүйкесі сыр беріп жүрген шығар. Сол үшін сіздерге де, өзімізге де демалыс жарияладым. Папа екеуіңіз басқа бір жерге демалып келіңіздер. Ал біз Гүлнұр екеуміз басқа жаққа барып қайтайық.
Анасы үнсіз келісті. Бейбарыс анасының бетінен сүйіп құшақтады да, бөлмесіне кетті. Гүлнұр бөлмеде заттарын жинап отыр екен. Балаға қажетті, роддомға қажетті заттардың бәрін алып, дайындап қойып еді. Солардың бәрін жинастырып отыр. Қажет жандарға бермекші. Бейбарыс та қарсы болмады. Ертең жұмысқа бара жатып мешітке тастап кетемін деді.
- Гүлнұр соңғы кезде мазаң болмай жүр білем, жаным менің. Сен мұңаймашы. Түсінемін. Қиын. Бірақ амал жоқ. Тағы да балалы болу үшін еңсемізді көтеру керек. Менің саған айтатын жаңалығым бар. Бір жерге 10 күнге демалып қайтсақ деп едім.
- Мен де соны айтпақшы едім. Төркініме барып қайтайыншы Бейбарыс.
- Жоқ, мен екеуміз бірге дем алып қайтсақ деймін.
Екі күннен соң олар отбасылық демалысқа кетті. Енесі мен қайын атасы курортқа, ал Бейбарыс пен Гүлнұр шет елге кетті. Курортта 10 күн жатып келген енесі үйге келсе, баласы мен келіні әлі орала қоймапты. Курортта бейтаныс адамдармен іші пысып, үйге келген соң көршіні шәйге шақырды. Ананы-мынаны әңгіме етіп отырып әңгіменің аяғы Гүлнұрға келіп тірелді.
- Сенің келінің өте пысық қой, анасынан көргені бар да. Келін жөнімен жүреді. Бір қылтыңын көрмегенбіз. Кім-кімнің де қолы жете бермейтін келін ғой,- деп мақтады көрші кемпір шәйін сораптап қойып.
- Ия, келінді де келін ету ененің қолында да! Дымын білдірмей, былығын жасырсаң, әрине жақсы келін болып шығады,- деді енесі тістене сөйлеп.

 Көрші кемпір Сәбираны бұлай айтады деп ойламаса керек, аңтарыла қарап қалды. Осыны сезгендей әңгімесін әрі қарай жалғаған Сәбира Гүлнұрды жамандай жөнелді:
- Келін деген сол әулетке келген соң, сол үйдің күңіне айналуы керек. Тірлігін істесе байының, бала-шағасының тірлігі, міндетсінетін нәрсе емес. Бұл бір, ал екіншіден келін болған соң баяғы шолжаңдайтын үй жоқ, тілін қысқартып, етегін ұзартсын. Шыдамайма байға тимесін онда. Біздікі енді тілі шығайын депті. Менімен салғыласып, бір десем екі деп, соңында баламды маған қайрап. Әр бәле шығады бұдан!- деп өзеуреп барады.
- Әй, тоқта. Не көрінді сонша келініңді жерден алып, жерге салып. Жөні түзу адам еді ғой сырт көзге. Тойда да құдағидың жүзі жылы еді.
- Бір көргеннен адам солай көрінеді да!
- Қайдам келініңнің әбестігі жоқ, келген кісіні құрақ ұша қарсы алады. Бір кесе шәйін күліп береді. Одан артық не керек.
- Сен білесің бе мен білемін бе бұл сорлыны. Ойпырмай неге сонша ішің жыли қалды.
- Сәбира, бәріміз де келін болдық, біздің кезімізде енелер тым қатал болды. Бірақ, жаны ашып отыратын. Рас, білмегенін үйретті, ол деген келіннің соңына түсіп алу деген сөз емес қой. Есті келін - енеден деген сөз бар. Келіннің қандай болуы өзімізге байланысты. Олар да адам баласы ғой түсінеді.
- Сен мені кәналауға көштің бе енді?
- Ешкімге кінә артпаймын. Құдай қосқан көрші болған соң, көріп жүрмін ғой кімнің қандай екенін.
- Әй, маған қара. Сен асымды ішіп, ыдысыма түкіруге ұялмайсың ба? Шық үйімнен, дым көрмеген бишара!
Көрші кемпір үнсіз орнынан тұрды да, басын шайқап, Сәбираның шайпау мінезіне жымиып есікке беттеді. Іштей келініне жаны ашып бақыт тіледі...
Көрші кемпірдің сөзінен соң Сәбира терісіне сыймай біраз долданып отырды да, аз-кем ойланып қалды. Есті келін - енеден деген... Мен сонда келінімді тәрбиелегенім үшін жазықтымын ба? Айтсам үйренсін деймін, жұмсасам пысық болсын деймін. Болмаса туған баламның қатынына қастық ойлап нем бар? Немере маған да керек. Ойлар Сәбираны біраз әбігерге түсірді. Шынымен қателік жасадым ба?

 Ойланып отырып уақыттың қалай өткенін де байқамапты. Кешкі уақытта баласы мен келіні кіріп келді. Гүлнұрды көріп тағы да тырысып қалды. Амандық жоқ, саулық жоқ баласымен амандасты да, сәлем салған келініне жүзін де бұрмастан сыртқа шығып кетті. Гүлнұр үндеместен заттарын реттеп тағы да үй тірлігіне кірісіп кетті. Демалысты жақсы өткізіп, енді енеме мән бермеймін, не десе де жымиып жүре беремін деп іштей дайындалып келіп еді. Алғашқыда оңай болмады. Өңменнен өтетін сөздеріне шыдап тұру мүмкін емес еді. Соңғы кезде тіпті бір күн ұрыссыз өтпейтін болды. Сол баяғы келіннің тірлігіне көңіл толмаушылық... Жанжалдың кесірі ақыр-аяғында Гүлнұрдың төркінге кетуімен аяқталды. Енесіне қатты ренжігені соншалық, жүзін де көргісі келмеді. Бейбарыс үшін әлі де шыдап жүре берер ме еді, кім білсін, Сәбира Гүлнұрдың анасын боқауыз-былапыт сөзбен қорламағанда. Соңғы жанжал болған күні Сәбираны ешкім тоқтата алмады. Келіп отырған құдағиы да оның көзіне әзірейілдей көрініп, уын шашып әбден көңілін қалдырды. Сөзінің соңын "қызыңды алып кет, маған ауру, тумайтын қатын керек емес, өзімнің көзіме басып жүрген келінім бар, соған үйлендіремін, көздері ашық, жағдайлары жақсы өзім сияқты. Сен секілді сіңірі шыққан кедей емес" деп аяқтады. Бұл сөздерден соң Гүлнұрдың анасы шыдап тұра алмады. Қызының артынан келген төсек-орын, жасауына да қарамады. Тек кетерінде:
- Қызымнан артық келін таптым десеңіз, жарайды. Қызымды алып кетем. Бірақ, қайта келіп келін керек десеңіз де жібермеймін. Соңғы сөзім осы,- деді де Гүлнұрды алдына салып жетектегендей болып алып кетті.
Гүлнұр жыламсырап Бейбарысты қимай, қипақтап кеткісі келмегенмен, Бейбарыс та анасынан асып, қал деп айта алмады.
Осылайша өз балаларының бақытына балта шапқан екі ана өздерінікін құп көріп екіге бөлініп кете барды...

Гүлнұрдың төркінге кеткеніне екі айға жуықтады. Бірақ Бейбарыс та, енесі де бір рет хабарласпады. Гүлнұр сонда да үмітін үзбестен жолға телмірумен болды. Телефонын жанынан бір елі қалдырмайды. Ондағы ойы Бейбарыс хабарласып қалса, байқамай қалмайын дегені еді. Ал бұл кезде Сәбира баласын екінші рет үйлендіруге қамданып жүр еді. Әкімнің бәйбішесіне жағымпаздана сөйлеп, лепіріп отыр. Әкімнің қызы кеше ғана оқуын аяқтап, дипломын алып келген ерке-шолжаң қыз мұның әйел жіберген баласын не қылсын. Әңгімелерін жүре тыңдап, істің мән-жайына қаныққан қыз дереу бөлмеге баса көктеп кірді де, әй-шәй жоқ сөзге араласты.
- Артық айтсам кешіріңіз, бір ауданда тұрамыз. Оның үстіне сіздердің отбасыңызды танитын адамдар жетерлік. Балаңыз үйленгенін де біледі жұрт. Мені сонда сіздің балаңызға тұрмысқа шығады деп қай ойыңыз айтты? Екінші мұндай мәселемен келуші болмаңыз,- деді де есікті тарс жауып шығып кетті. Өмірінде біреуден мұндай сөз есітіп көрмеген көкірегі кердиген Сәбира үнсіз отырды да, құрбысымен қоштасып шығып кетті.
Үйге жеткенше екі бетін ащы жас жуып, тамағына тығылған өксікті шығара алмай қылқынып келеді. Баласымен жасты қыздан осындай ауыр сөз есітем деп ойламаған еді. Зордан зор келсе зобалаң туады демекші, мына әлемде өзін зор санаған Сәбираға мына жағдай қатты әсер етті. Үйіне келіп те, ешкімге білдірместен бөлмесіне кіріп кеш батқанша төсегінен тұрмады. Кешке күйеуі мен баласы жұмыстан оралғанда екі көзі бұлаудай болып ісінген жүзбен қарсы алды.
- Не болды мам? Тыныштық па?- деді Бейбарыс.
Бар жағдайды айтқан анасы ары қарай не істерін білмей басы қатты.
- Саған кезінде жайшылықпен айттым. Бірақ тыңдадың ба? Келіннің қадіріне жетпедің. Әлі де кеш емес, кешірім сұрап үлгересің,- деді күйеуі. Кешкі ас та үнсіз ішіліп, әркім өзді-өзінің бөлмесіне кетті. Бейбарыс бөлмесіне барып телефонын алды да, Гүлнұрдың нөмірін терді.
 Гүлнұр анасы екеуі кешкі дастарханды жинап жүрген, кенет, телефоны безектей жөнелді. Жүгіріп барған ол, жүрегі сезгендей, қолдары дірілдеп телефонды қолына алды. Дәл өзі...
- Алло...
- Кешірші мені... Отбасымды сақтай алмағаным үшін... Сені, баламды қорғай алмағаным үшін...
- ...
- Алып кетем десем келесің бе? Кетеміз ұзаққа. Бәрінен алысқа. Сенсіз мен ешкім екенімді түсіндім.
Гүлнұр үнсіз телефонды тастай салды. Анасы күйеу баласының хабарласқанын қызының жүзінен-ақ біліп қойған еді.
- Екі ауыз жылы сөзіне еріп, бәрін ұмыта салдың ба? Мені қалай жерге қаратты? Не айтпады кезінде маған?
- Мам, мүмкін тәубесіне келген болар...
Осыдан сол үйге аттап басатын болсаң ата-анам бар екен деме!
- Мама...
- Әңгіме бітті!- деп анасы бөлмесіне кіріп, есікті тарс жапты.
Түнімен көз ілмеген Гүлнұр телефонға телмірумен болды. Бірақ жан жары хабарласар емес. Қайта көңіліне күдік ұялаған ол жастығын сулап жатып ұйықтап кетті. Ал бұл кезде Бейбарыс Гүлнұрға тағы қоңырау шалсам сөйлеспей, телефонды тастай сал ма деп қорқып таңды атырды. Ата-аналарынан аса алмаған қос ғашық осылайша бір-бірінен бөлек тұрып жатқанына тағы біраз уақыт өтті. Ақыры шыдай алмаған Бейбарыс бір күні ешкімге ештеңе айтпастан Гүлнұрдың үйіне кіріп барды. Мән-жайын айтып, келіншегімді алып кетемін. Біздің өміріміз ешкімге ойыншық емес, біз бірге өмір сүреміз деп неке қиярда Алла алдында ант бергенбіз деді.
- Осы сөздеріңді өз анаңа айттың ба бірінші?- деген қайыненесі Гүлнұрды жібермейтінін айтты. Бейбарыс есіктен шығып бара жатып ертең келіп келіншегін алып келетінін айтты да, ешкімді тыңдамастан бұрылып кетіп қалды.
Ертеңіне түске таман Гүлнұрдың төркініне екі көлік келіп тоқтады. Бейбарыстың туыстары мен ата-анасы еді. Үйге кіруге жүрексініп тұрған Сәбира елдің соңында тартыншақтай басып табалдырықтан аттады. Ағайын-туыстың алдында өзімшіл кемпір құдағиынан кешірім сұрады. Әрине оңай болған жоқ, бірақ барлық қателіктерін мойындап, соңында егер рұқсат берсе келінін алып кететінін айтып жүзіне төмен салды.

 Құдағиының ештеңе демегенін жақсылыққа балаған Сәбира асты-үстіне түсіп бәйек боп жүрген Гүлнұрға жинала бер деп ымдады. Қызының тағдыры дәл қазір өз қолында екенін түсінген анасы қарсы бола алмады. Бірақ ризашылықпен де күліп шығарып салмады.
Гүлнұр өз үйіне келгелі өмірі тыныштықта. Баяғы түртпектейтін ене өзгерген. Бейбарыс бұрынғыдан да қатты сыйлайды, атасы әу баста келініне риза еді. Әлі де сол қалпы. Өмірлері бір сарынды өтіп жатты. Бәрі бақытты. Бірақ, Гүлнұрдың ішінде бір уайым бар еді. Ол алғашқы баласынан кейін әлі бала көтере алмай жүрген еді. Неге бала көтермейсің деп ешкім айтпаса да, өзі іштей қысылып жүргенде Алла жарылқап, үш жылдан соң аяғы ауырлады. Өмірге сүп-сүйкімді қыз алып келді. Енесі немересіне құлай берілген, жанынан бір елі тастамайды. Өзімнің қызым, өзім туып алғанмын деп отырады.
Ал, баяғы көрші кемпір кейде осылардың үйіне көзі түсіп, ойланып қалады. Келіні есті екені сөзсіз. Енесі де кезінде жіберген қателігін дер кезінде түзеп, келінін түсініп, енді қолдап отыр. Ары қарайғы өмірлері де лайым тыныштықта болғай. ЕСТІ КЕЛІН ЕНЕДЕН, келініңді есті етем десең де, ессіз қылам десең де өзіңнен,- деді ішінен көрші кемпір...

Соңы...