Мөңке Сұлтан
Өрімдей қызды өзі сүймеген жігітке әке-шешесі, ағайын-тумасы жан-жақтан қыспақтап тұрмысқа беріп жіберді. Күйеу бала қызыметі жоғары, ауқатты екен дейді. Мұның алдында тұрмысқа шыққан қыздарын да кілең бай жігітке ұзатыпты.
Сонымен әлгі жігіт құда түсуге келгенде қыздың жанашырларының айтқан сүбелі сөздері мынау екен;
- Мұндай жігітті таппайсың ертең, келген бақты басынан теппе. Үйлегеннен кейін үйреніп кетесің. Ертеңгі күні тұрмыста таршылық көрмейсің. Бізді ұятқа қалдырма. Мұндай шаңыраққа келін болсаң біз де риза боламыз... - деген сынды сөздермен жөнелтіпті.
Қалай сонда?! Бақыт байлықпен өлшенсін делік. Бірақ, ертең қызы ішқұса болып, сүймеген адаммен өмір бақи ішінен жылаған сұрықсыз күндері немен өлшенбек? Үйреніп кетеді дегенмен дәл солай болатыны екі талай емес пе? Немесе жағдайы төмен отбасының жігіті өмір бақи жарлы болып өтеді деп қай жерде жазылыпты? Дайын ас қа тік қасық болсын жарайды. Алайда дәулет өле-өлгенше қолда тұрады деп қай жерде жазулы? Қызым дәулетті жерге тұрмысқа шықты деген мақтанышта қандай ұлы мән бар? Неге баланың тағдырымен ойнау әлі күнге қалмай келеді? Махаббат пен қыздың құны дәулет, ақша, мәртебе, мақтаныштан төмен болғаны ма сонша? Неге әділетсіздікті қолдан жасаймыз біз?... Өзгенің емес өз ішіңнен шыққан бауыр етің емес пе? Не деген немқұрайлылық бұл?...